Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2021

Түрік инвесторлары Алматы облысында 3 жобаны іске қосты

544 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында түрік инвесторларының қатысуымен үш кәсіпорынның ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Қазақстан ҚР Сыртқы істер Министрінің орынбасары Алмас Айдаров, ҚР Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев және т.б. қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Түрік инвесторлары Алматы облысында 3 жобаны іске қосты

Газ және электр плиталарын өндіруді ұйымдастыру бойынша алғашқы жобаны «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody» ЖШС-мен бірлесіп Түркияның жетекші компанияларының бірі «Femas Metal Sanayi ve Ticaret A. S» іске асырды. Құны $7 млн болатын жоба 200-ге дейін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда. Жобаның жыл сайынғы өндірістік қуаты 200 000 плитаны құрайтын болады. Айта кету керек, Femas Metal зауыты 40 жылдан астам тәжірибесі бар Түркиядағы газ және электр тұрмыстық техникасын өндіру бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады, компания өз өнімін 6 континенттегі 130 елде шығарады.

1

«Біз әрбір түрік компаниясымен ынтымақтастығымызды бағалаймыз және екі ел игілігі үшін екіжақты серіктестік әлеуетін дамытуға дайынбыз. Қазақстан аумағында түрік жобаларын іске асыру кадрлардың біліктілігін тұрақты арттыруға және тиімді өндірістік тізбекті жөнге салуға сөзсіз ықпал ететініне сенімдімін, бұл өз кезегінде елдің тұрақты дамуына жаңа инвестициялардың келуін ынталандырады», деп атап өтті Алмас Айдаров.

Екінші жобаның инвесторы түріктің «Aysultan Candy» компаниясы атынан «Якар» ЖШС болды. Жобаның құны шамамен $3 млн. Осы жоба аясында жылына 6 000 тонна өнім, оның ішінде 2 400 тонна шоколад, сондай-ақ 3 600 тонна лолипоп шығару жоспарлануда, бұл жұмыс орындарын 90 адамға дейін арттырады.

1

«Бүгінде түркиялық инвесторлардың қатысуымен Қазақстанда 50-ден астам инвестициялық жобалар табысты жүзеге асты. Ашылғалы отырған зауыт биыл Қазақстанда ашылып отырған үшінші кәсіпорын. Бұл Түркияның еліміздің тәуелсіздік мерейтойына орай жасаған ерекше сыйы деп қабылдаймыз. Зауыт еліміздің, соның ішінде Алматы облысы экономикасының одан әрі дамуына зор үлес қосатындығына сенімдімін», деп атап өтті ҚР Түркиядағы  елшісі Абзал Сапарбекұлы.

Айта кетейік, «Якар» ЖШС Қазақстандағы, сондай-ақ Орта Азиядағы кондитерлік өнімдердің ірі өндірушілерінің бірі. Бүгінгі таңда кәсіпорынның ассортимент қоржынына карамель кәмпиттері, шоколад кәмпиттері, драже (жержаңғақ) және т. б. сияқты кондитерлік өнімдер кіреді.

Келесі жоба - VOKS Otomotiv Kapi Sistemleri түрік компаниясының автоматты қақпалар өндірісін құру жобасы. Жобаның бастапқы кезеңдегі құны $1 млн.  Компания секциялық есік жүйелері, ПВХ-брезенттен жасалған есік жүйелері, тиеу рампалары жүйелері, сондай-ақ тиеу сильфондық жүйелер сияқты өнімдерді үздіксіз өндіруді және оларға қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Осы жобаларды іске асыру шеңберінде түрік серіктестеріне жан-жақты көмекті ҚР СІМ, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ және жергілікті атқарушы органдар көрсетті.