Бұл тас жазуды алғаш рет 1818 жылы орыс зерттеушісі Г.И.Спасский қазіргі Бурятия Республикасы аумағын көктей ағып Амур дариясына құятын Ергүне (Аргунь) өзенінің түстік батысындағы Қарқара (Каркира) аңғарынан көріп, жаңалықты «Сибирский вестник» журналына жариялайды. Сөйтіп, әлем әміршісінің көзін көрген жәдігер алғаш рет ғылыми айналымға енген екен. Журналда жарияланған деректе: тастың биіктігі 202 см, ені 74 см, қалыңдығы 22 см екендігі айқын көрсетілген.
Осыдан кейін тас жазуды қызықтаушы ғалымдар саны көбейді. Бұлардың назарын аударған дүние – тас бетіндегі 21 таңбадан тұратын бес қатарға бөліп жазылған жазу мәтіні еді. Тас бетіндегі жазудың бірінші болып дара тұрған жалғыз жолын 1927 жылы шығыстанушы И.Н.Клюкин «Шыңғыс хан» деп оқығандықтан, бұл жәдігер «Шыңғыс тасы» деген мәртебеге ие болып, 1932 жылы Петерборға жеткізіледі.
Осы аралықта, тас жәдігерді орыс оқымыстылары Я.И.Шмидт, Н.Я.Бичурин, жапон ғалымы С.Мураяма, француз зерттеушісі Л.Амбис, мажарстандық шығыстанушы Л.Лигети, аустралиялық Игорь де Рахевильз бастатқан білгір мамандар көріп көзайым болды. Кейін жазудың бүтін нұсқасын 1851 жылы бурят-моңғол ғалымы Доржи Банзаров толық оқып шықты.
Нәтижесінде, бұл тас жазу Шыңғыс қағанның артынан ерген жалғыз інісі Қасырдың үлкен ұлы Есүнге мергенге (1190-1270) тиесілі мұра болып шығады. Әрі қарай тәпсірлеп айтар болсақ, 1225 жылы Шыңғыс қаған Хорезмді толық бағындарған соң Бұғылы-шашақ (Буга-Сучигае) деген жерде ұлан-асыр той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы тарихи жазбаларда айтылады. Осы сайыста Есүнге мерген 335 құлаш жердегі нысанаға садақ оғын дәл тигізіп, бас мерген атаныпты. Бір құлашты шамамен 1,6 метр деп есептесек, Есей мерген 536 метр, яғни жарты шақырымнан астам жерден атқан оғын дәл тигізген. Бұл тас осы мергеннің құрметіне қойылған екен.
Ал енді тас бетіндегі жазуға келер болсақ, жазудың тілі моңғолша екеніне дау жоқ. Тастағы сөздің толық мәтіні: «Чингисъ-хани Сартагулъ иргэнъ таулиджу багуджу хамукъ монголъ улусунъ арат-и Буга-Сучигай хуриксанъ-дуръ Исункэ Хонгодор-унъ гурбанъ дзагунъ гучинъ табунъ алтакъ туръ ондулага» деп тұр.
Жоғарыдағы тіркесті Доржи Банзаров «Когда Чингис-хан после нашествия на город Сартагул (хивинцев), возвратился, и люди всех монгольских поколений собрались в Буга-Сучигае, то Исунке получил в удел триста тридцать пять воинов хондогорских» деп орысшалаған екен.
Осы Банзаров версиясын қазақшаласақ: «Шыңғыс хан Сартауыл халқын (мұсылмандарды) шауып қайтқанда, мұңғыл халқының бәрі Буга Сучигаи деген жерде жиналып, Есунхэ үлесіне хонгодор жауынгерлерден 335 нөкер тиіп еді» деп тәпсірлеуге болады.
Бірақ моңғол тілі мен жазуының білгірі Жүкел Қамайұлы түпнұсқа мәтінді басшылыққа ала отырып, тастағы мәтінді жолма-жол ретімен былай деп аударыпты:
- Шыңғыс хан-ды
- Сартағұ-л елің ағалап бағындырып Қамұқ Моңғол ұлысының
- ноян-ы Бұқа Очұқай-да құрылтай /құрғанда/
- Иесүнке Онтұдұр-ұн үш жүз отыз бес құлаш-
- қа оқ қадады /оқ тигізді/