Газдың сапасыздығы бір жағынан халықтың ренішін тудырса, екіншіден, газ тасымалдайтын құбырларды зақымдап, өткізу қабілетін шектеуге алып келеді. Міне, осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін осыдан екі жыл бұрын «Жетісай» және «Шардара» газ өлшеу стансаларының қазығы қағылған болатын. Жақында көптен күткен екі стансаның құрылысы аяқталып, олар «Интергаз Орталық Азия» АҚ-қа қарайтын Шымкент магистралды газ құбырлары басқармасының құрамына енгізілді.
Жаңадан іске қосылғалы тұрған «Жетісай» газ өлшеу стансасы газ қысымы 5,4 МПа (55кгс/см2) және өнімділігі сағатына 834 мың текше метр газ айдайтын «Бұқара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы) магистралды газ құбырының 372-ші шақырымында орналасса, «Шардара» газ өлшеу стансасы жобалық газ қысымы 7,5 МПа (75 кгс/см2) және өнімділігі сағатына 834 мың текше метр газ өткізетін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырының 314-ші шақырымында орын тепкен. Компания осы екі стансаны ел игілігіне беру арқылы бірқатар мәселелердің түйінін тарқатуды көздеп отыр. Екі станса да тұтынушыларды жылдың төрт мезгілінде газбен үздіксіз қамтамасыз етуге қабілетті. Соның нәтижесінде бұрынғы кемшіліктер жойылып, өңірді сапалы газбен қамтамасыз ететін мүмкіндігі артып отыр. Осы орайда газ өлшейтін екі нысанның құрылысы «ҚазТрансГаз» компаниясының бастамасымен іске асырылғанын айта кеткен жөн.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ-тың Шымкент магистралды газ құбырлары басқармасы директорының орынбасары Абай Байқұловтың айтуынша, кешеннің ерекшелігі газдың сапасын дәл анықтайтын заманауи қондырғыларда екен.
– Шын мәнінде, бұл – үлкен газ есептегіш. Бұрын газдың сапасын аптасына бір мәрте сараптамадан өткізетінбіз. Қазір Германияда шығарылған заманауи қондырғы арқылы газдың сапасын дер кезінде анықтауға мүмкіндік туып отыр. Мұндағы тораптардың құрылымы да, құрастырылуы да барлық талаптарға сай келеді. Осы арқылы Өзбекстаннан келетін газды есепке алып, оны өлшеу дәлдігін арттыруға қол жеткіздік. Сонымен қатар заманауи қондырғылардың газ құрамын бақылау, құбыр металына кері әсер ететін химиялық элементтерді анықтау, газ тасымалдау жүйесіне кондициялық емес газдың берілуін бақылаудан бөлек, Өзбекстаннан «Интергаз Орталық Азия» АҚ-тың магистралды газ құбырларына түсетін газды есепке алудың мүмкіндігі артады, – дейді Абай Мұхтарұлы.
«Адам өмірі – ең басты құндылық» десек, осы ұранды ұстанатын басқарма басшылығы мамандарға қолайлы жағдай жасауды да ұмытпаған. Екі стансаның да жанынан вахталық қалашықтар салынып, жұмысшылардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Тіпті бір сәт бой сергітетін спорттық ойын алаңдары да қарастырылған. Мұндай жайлылық кез келген адамның еңбекке деген құлшынысын арттырады.
«Оңтүстік өңірге табиғи газ жеткізетін «Жетісай» және «Шардара» стансаларының салынуы ең алдымен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы газ жөніндегі келіспеушіліктерді болдырмауды көздейді, – дейді басқарма директоры Ернұр Ибраев. – Заманауи технологиялармен жабдықталған дәл осындай стансалар еліміздің өзге өңірлерінде жоқ десек те болады. Ал бұл стансалар бізге не береді дегенге келер болсақ, біріншіден, еліміздің газ саласындағы энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек. Сосын өзге стансалардан ерекшелігі – қоршаған ортаны ластамайтындығы. Үнемділігі тағы бар. Былайша айтқанда, өңір тұрғындары газ өлшейтін екі стансадан сапалы газ тұтынатын болады».
Осылайша, құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған «Жетісай» және «Шардара» газ өлшеу стансалары бүгінге дейін түрлі қиындықтарды артқа тастап, өзінің түпкі мақсатына да таяп келеді. Бұл мақсат – халыққа сапалы газ ұсыну. Газ жеткізушілердің ұғымы бойынша әрбір үйге газ жеткенде, ол өзімен бірге ырыс пен берекені де ала келеді екен. Яғни тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жеңілдеп, сапалы, қоршаған ортаға зияны жоқ табиғи газға қол жеткізеді. Экономикалық тұрғыдан келгенде, бұл екі станса отандық өндірістің дамуына да оң ықпалын тигізіп, өңір экономикасының ілгерілеуіне де жол ашады.
Бір анық жайт, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарған сайын халықтың «көгілдір отынға» деген сұранысы күннен-күнге артып келеді. Бұл, әсіресе, халқы көп Түркістан облысында ерекше маңызға ие мәселелердің бірі. Десек те, ауылдарды газдандыру жұмысы соңғы жылдары біртіндеп шешімін тауып келеді. Бүгінде аудан, қала орталықтары ғана емес, сонау түкпірде жатқан елді мекендерге де газ құбыры тартылып, ауыл тұрғындары да «көгілдір отынның» игілігін көре бастады. Түркістан облысын газбен қамтамасыз етудің жоспарына сай, 2026 жылға қарай облыстың елді мекендерін 100 пайыз газбен қамтамасыз ету көзделген. Демек енді төрт-бес жылда ауыл халқы көмір жағып, күл шығарудың қиындығынан құтылады деуге болады.
Айта кетейік, газ өлшейтін қос станса Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы өзара келісімнен кейін іске қосылады.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ
Түркістан облысы