Балалық балдәурені өтіп, орта білім алған Көктоғай ауылынан алысқа ұзаған жоқ. Бұған біріншіден, туған топырағына деген перзенттік махаббаты ықпал етті-ау дейміз. Екіншіден, өзі секілді ауылдың талай баласына он жыл бойы сапалы білім берген, өмірі өнегеге толы ұстаздарының жолын жалғастыруды көздегені әсер еткені даусыз. Оның үстіне атасы Байбек Ғабдолла ХХ ғасырдың 30-жылдарында Толыбай ауылдық кеңесінде ұстаз болып, ілім-білімге құштар балалардың жүрек түкпіріне білімнің жарық сәулесін жаққан. Ал ауылдастары «қатал» мұғалім атаған анасы Салиха Ибатова да оқушылардың орыс тілін меңгеруіне үлес қосты.
– Менің атам да, анам да – шәкірт тәрбиелеуге саналы ғұмырын арнаған жандар. Ұстаздық жолды таңдауыма анамның жұмыс тәжірибесін, адамгершілік қасиеттерін үлгі тұтқаным әсер етті. Сөйтіп, 1983-1988 жылдары Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетінде жоғары білім алдым. Тарих факультетіне баруыма мектепте осы пәннен сабақ берген Ғаділжан Кереевтің ықпалы зор болды. Институттан соң бірден Индер ауданының Көктоғай ауылында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атындағы орта мектепке жұмысқа орналастым. Бұл – өзім қанаттанған білім ұясы, – деп алғаш еңбек жолы басталған сәтті еске алды Ақмарал Ләйкеқызы.
Содан бері өзі оқыған мектептен табан аудармай, жұмыс істегеніне 33 жылдан асты. Осы кезеңде мектеп директоры Әбдірахман Кәрентаев, оқу ісінің меңгерушісі Гүлбану Әжіғалиева, Ғаділжан Кереев, Ілияс Оразғалиев сынды өз ісінің шебері атанған білікті ұстаздардың еңбекқорлығынан, мамандыққа адалдығы мен тәжірибесінен үйренді. Аға буынның қалауымен мектепте басшылық жұмысты 20 жыл атқарды. Ең бастысы, іздену, білімін жетілдіру, мектепке сабақ басталардан 15 минут бұрын келуді дағдыға айналдырды. Әлі де осы дағдыдан жаңылған жоқ.
– Бүгінгі білім беру жүйесінің басты кредосы – өзгеріс, жаңару, даму, өркендеу. Соған байланысты заманауи сұраныстарға сәйкес тың идеяларға қолдау көрсетіліп, оң бастамалардың қолданысқа енгізілуіне жол ашылды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы – сапалы білім алуға негізделген заманауи үлгідегі бағдарлама. Онда әр пәннің әдістемелік әлеуетін қолдануға, оқу, жоба, зерттеу тәсілдерін меңгерту арқылы оқушылардың дербестігін дамыту көзделген. Осыған орай мұғалімдердің көзқарасы, сабақ өткізу әдісі, оқушылардың өзара қарым-қатынасы өзгерді. Мұғалімдер әміршілдік стильден арылды. Оқушылар сабақ кезінде тек тындаушы, орындаушы ғана емес, ізденуші ретінде дәріс алады, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы.
Мұғалімнің айтуынша, «Ауыл мектебінде оқыған оқушылардың білімі төмен» деген жаңсақ ұғымнан арылу керек. Өйткені бұл – кеңестік жүйедегі білім беру саласында қалыптасқан пікір. Бұған сол кездегі ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасының төмен болғаны әсер еткен. Бірақ қазір жағдай күрт өзгерді. Ауылдағы білім ұясының үлкен шаһарлардағы мектептен еш айырмасы жоқ. Мұғалімдер біліктілігін арттырып, жаңа технологиямен жұмыс істейді.
– Қазір ауыл мектебі жан-жақты жабдықталды. Енді білім сапасын объективті, субъективті өлшемшарттар арқылы талдау қажет. Әр шәкірті білімді, зейінді болса, бұл – мұғалімнің мерейі. Сондықтан орта білім беру мазмұнын жаңарту бағытында енгізіліп жатқан жаңашыл мақсат мен міндеттерді, жаңа технологияларды, құзыреттілікке негізделген бағалаудың жаңа формасын алдымен мұғалімнің өзі игергені жөн. Сонда ғана сапалы білімге қол жеткіземіз, – дейді жоғары санатты мұғалім.
Әр күні қарбаласқа толы мұғалімнің есінде биылғы 18 наурыз ұмытылмастай болып қалған. Өйткені дәл сол күні оны тосынсый күтіп тұрды. Бұл – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі тапсырған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы. Мұны ауыл мұғалімі Ақмарал Ғабдуллинаның бағындырған асуы дегеніміз жөн болар. Елордадан шақырту жеткенде, «Оқу тоқсаны аяқталатын кезде оқушылардың білім деңгейін қорытындылауым керек. Сол себептен, елордаға баруға уақытым жоқ» деп, бірінші кезекке жұмысын қойғаны бар. Осының өзінен кәсібіне адалдығы байқалып тұр.
Атырау облысы,
Индер ауданы