Биыл этнограф-жазушы, әдебиет зерттеушісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің дүние салғанына он екі жылдың жүзі болды. Ал алдымыздағы жылдың желтоқсан айында ардақты тұлғаның туғанына 80 жыл толады екен.
Бүгінде Ақселеу десе қазақ баласының көз алдына Арқаның ақ теңіздей толқыған селеулі даласы келеді. Алтай мен Атыраудың арасын күй күмбірі кернеп кеткендей болады оның есімі аталғанда. Боз жусанның бұрқыраған жұпары есті алып, «Дәурен-ай» деп салған ән жан дүниені астан-кестең етеді. Өйткені ол – могикандардың соңғы тұяғы өзінің саналы ғұмырын «Қазақтың әлемін тану» ғылымына арнаған аяулы да ардақты жан еді. Иә, бағзы замандағы бабаларымыз қалдырған дүр-дүниелермен жадынан жаңыла жаздаған қазақтың баласын қауыштырған да бір өзі-тұғын.
Ақселеу Сейдімбек арамыздан кеткен бір мүшелге жуық уақыт ішінде оның есімін есте мәңгі қалдыру мақсатында не істей алдық? Иә, қабірінің басына мәрмәрдан ескерткіш соқтық. «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады» деген өзінің сөзін құлпытасына қашап жаздық. Туған ауылы мен ауданының бір-бір көшесіне есімі берілген екен. Осымен тоқтаған түріміз бар.
Әлбетте, Ақселеу Сейдімбек сынды аса сирек кездесетін дарын иесі соңына қалдырған асыл мұрасымен өзіне өлмес ескерткіш соғып кеткен тұлға ғой. Дегенмен ұлтының жолына жанын садаға қылуға қашанда дайын болған саңлақтың есімін ауқымды түрде ардақтайтын уақыт жеткені даусыз шындық.
Мысалы, Алаштың ардақты ұлы, аса көрнекті қаламгер, мəдениет жəне қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Əбіш Кекілбайұлына арналып Ақтау қаласында «Әбіш Кекілбаев рухани орталығы» ашылды. Оның алдында Орал қаласында қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығы ашылған болатын.
Ал жаңағы біз есімін құрметпен атап өткен абыз Әбіш Кекілбайұлы Ақселеу Сейдімбек өмірден өткенде не деп еді? Қайыра бір еске түсірейікші. «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Серi қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пiр қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бəрi қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кəтептi қара нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бəрiнiң орнына бiр ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудiң орнына кiм жүре алады?» деп егілгенін есті ел ұқса дейсің...
Міне, «Жақсыдан – шарапат» деген, Орал мен Ақтаудағы өнегелі шаруаның шарапаты тиіп, Қарағандының қақ төрінен Ақселеу Сейдімбекке арналған орталық бой көтеріп жатса, ақ түйенің қарны жарылған күн болар еді-ау. Қазірдің өзінде бұл тақырып ел ішінде әңгіме арқауына айналып, Арқа төсіндегі зиялы қауым толғағы жеткен мәселені әр-әр жерде көтере бастаған. Солардың бірі һәм бірегейі – Серік Ақсұңқарұлы.
Қазақтың бегілі ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы өзінің шығармашылық өмірінде Ақселеу Сейдімбектің ағалық қамқорлығын, ақадал тілеулестігін көп көргенін үлкен тебіреніспен еске алып жүреді. Ақын өзінің «ХХ ғасырдың 20 сәті» атты өлеңмен жазылған поэмасымен жарқ етіп, әдебиет әлеміне танылғаны үшін әуелі «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетін, одан кейін кезінде осы басылымда әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен Ақселеу Сейдімбекті аузынан тастамайды.
Сол кезде жасы отызға келіп қалса да, жырсүйер қауымға есімі әлі де болса белгісіздеу ақын іздеп барып, қолжазбасын Ақселеу Сейдімбектің қолына тапсырып кеткен екен.
«Әлі есімде, 1984 жыл, күн сенбі болатын. Кеңес Одағының кезінде Қарқаралыға «Правда» мен «Социалистік Қазақстан» шыққан күні келуші еді. «Социалистік Қазақстанның» төртінші бетін ашып қалсам, «Құрлықтар» деген атпен бір бетті алып, менің поэмам тұр. Сол поэма кеңестік цензура мен редактордың сүзгісінен әзер өтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқаратын Әбіш (Кекілбайұлы) ағамның алқауымен 1984 жылы, «Жалын» баспасынан жұлым-жұлым боп жарық көрді. Алты жыл арпалысып жүріп, отыз төрт жасымда жалғанның жарығына әзер шығардым. Көлемі бір баспа табақтай. Цензураның қатал тезінен өткен», деп еске алады С.Ақсұңқарұлы.
Ақын Ақселеу Сейдімбекті «Алаштың адамзатқа жіберген елшісі» деп бағалайды. «Ахаң, – дейді ол, – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермековтердің бізге қалған сарқытындай бір тұлға еді. Жендет Алаштың сорпа бетіне шығарын қолымен қалқып алғанда, Алла солардың көзіндей ғып Ахаңдарды қалдырып еді. Орнында бардың оңалып жатқаны содан. Соңында көшпелілер цивилизациясының үш тағанындай «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы» сынды үш сом дүниесі қалды. Ахаңдары бар Алаш өткен-кеткенін жадынан шығара алмайды. Өткенін ұмытпаған ұлттың келешегі де кемел болады».
Осы ойын тарқата келе Ақсұңқарұлы Қарағанды қаласында Ақселеу Сейдімбек атындағы орталық міндетті түрде бой көтеруі керек деп санайды. «Қарағандыда Қасымның үйі әні-міні ашылады деп жүр ғой. Ашылсын. Ал Ақселеу атындағы тағы бір орталық Арқа төсіне көптік етпейді. Біз осындай есті тірлік арқылы Ахаңның асқақ рухына тағзым етіп, оның артында қалған мол мұрасын өскелең ұрпақтың игілігіне жаратуға жәрдемдескен болар едік», деп толғанады С.Ақсұңқарұлы.
Осы орайда Ақселеу Сейдімбекпен тірісінде тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болған ардагер журналист, этнограф-жазушы Төрехан Майбастың да айтары бар. Өзінің таяуда ғана жарыққа шыққан, Ақселеу Сейдімбектің ішкі әлемін ашуға талпынған «Құрмалдық» деген рух кітабын мынадай сөздермен бастайды: «Ахаңның маған айтар қашанда екі сөзі болды. Біреуі – есендесейік сөзі. Екіншісі – дүкендесейік сөзі. Біріншісінде қашанда ауыл ішінің әңгімесінен аспаймыз. Жөн-жосық сұрасамыз... Екіншісінде арқаны кеңге саламыз. Өйткені сағаттап дүкендесеміз. Есті әңгімелер айтамыз, ессіз армандарға берілеміз. Кәдімгідей ет жеп, сорпа ішеміз...».
Міне, осы бір жолдардан-ақ этнография дейтін телегей теңіздің тереңіне бойлаған қос қаламгер арасындағы балталасаң ажырамас ынтымақтың қаншалықты берік болғанын бағамдауға болар еді.
«Біздер, – дейді Төрехан Майбас, – қазір қазақтанудың үш толқынын бастан өткеріп жатырмыз. Қазақтанудың басында, әрине, Мәшекең тұр. Одан кейін Әлиханның ерекше тұрпаттағы, еуропаланған концепциясы тұр. Одан кейін, әрине, қазақтың Ақселеу Сейдімбегі... Ол саналы түрде бәрінен бас тартты. Жанына серік етіп қазақтануды ғана алып қалды... Қазір ахаңтану туралы айқай көп! Дұрыс айқай! Көмек сұрағанда айқайлаушы едік ғой... Ахаңнан жәрдем сұрайық. Көзі кеткенімен том-том дүниесі қалды. Қазақ баласының ендігі ғасырлық азығы сол жазбалар болмақ».
Ақселеу жайында әңгімесі таусылмайтын Төрехан Майбас асқақ тұлға атындағы орталықтың кеншілер астанасында орын тебуі керек деген идеяны қос қолды көтеріп қолдайтынын айтады. «Бұл Ахаңның ұлт алдындағы ересен еңбегіне берілген ең лайықты баға болар еді», деп тебіренеді қаламгер.
Иә, қадірмендіміздің Ақселеу биігіндегі қабірінің басына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады» деген сөз қашалып жазылды. Бұл өзінің көзі тірісінде айтқан, сырына біздің тісіміз батпас, салмағы зіл батпан сөзі еді. Енді келмеске кеткен кемеңгер тұлғаның тірілердің бүгінгі тірлігіне рухы шат-шадыман болсын десек немесе Алаштың ардақтысы қалдырған мол мұраға ертеңгі ұрпақтың мейірі қансын десек, Арқа төсінде – Қарағандының төрінде Ақселеу атындағы рухани орталық орда тігуі тиіс. Бұл шарапатты шаруаны іске асыруға жақсының қазақтың әдебиеті мен өнеріне, мәдениеті мен руханиятына һәм және төл тарихына сіңірген еңбегіне разы бүгінгі ұрпақтың шамасы жетеді дегенге кәміл сенгіміз келеді.