Аймақтар • 04 Қазан, 2021

Маталған мақта өндірісі

1327 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түркістан облысында былтыр 118 мың гектар аумаққа мақта отырғызылған болатын. Соның ішінде Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 87 мың га мақта тұқымы себілді. Бұл – облыстағы барлық мақта аумағының 73,7 %-ын құрады. Алайда қазіргі таңда мақта шаруашылығы тұралаудың алдында тұр. Осы саладағы мәселе шаш-етектен. 

Маталған мақта өндірісі

Облыс халқының күнкөріс көзі көбіне – мал шаруашылығы, сауда-саттық, ауылшаруашылық өнім­дерін өндіру. Шаруалар негі­зінен жеке ұсақ шаруашылық болып бөлінген. Олар мақта, көкөніс, қауын, қарбыз және мал азығы өнімдерін өндірумен шұ­ғыл­­данады. Екі аудан аума­ғында ауылшаруашылық өнімдерін өн­дірумен айналысатын ірі бір­лес­тіктер, фирмалар мен кооперативтер саны саусақпен санарлық.

Соңғы жылдары су тапшы­лығының әсерінен суармалы жерлердегі жер асты суларының көтерілуі, минералданудың жоға­рылауы, жердің сорлану дең­гейінің күшеюі байқалу­да. Бұл өз кезегінде суармалы жерлердегі ауылшаруашылық өнімдерінің әр гектарынан алынатын шығымдылық деңге­йін тө­мендетті. Әлбетте, мемле­кет­­тің қолдауымен өңірдің суар­­малы жерлерінің мелиорация­лық жағдайын ретке келтіруге бір­шама жұмыс қолға алынған. Мысалы, «Достық» каналынан су алатын екінші дәрежелі каналдар бетонмен қапталып, ондағы су реттегіштер жаңаланды. Бұ­ған қоса, жалпы ауданы 70,3 мың гектар болатын облыстың үш ауданын қамтыған, оның ішін­де Мақтаарал ауданында 39,7 мың гектарды құрайтын суар­ма­лы және дренаж жүйесін жетіл­діру жобасын іске асыру жұмыс­тары қызу жүргізілуде. Су ша­ру­ашылығын дамытуға бағыт­талған жобалар, ауқымды құры­лыс жұмыстары келешекте өңір­дің суармалы жерлерін сумен қамтып, жердің мелиорация­лық жағ­дайын жақсартуға ықпал ететіні хақ.

Дегенмен де келешекте халық тығыз орналасқан өңірлерде ағын суға деген сұраныс арта түсетіні заңды құбылыс. «Достық» каналынан алынатын су мөлшерінің кемуі, оның тұздануы, ластануы қазіргіден де артуы мүмкін. Ал оның алдын алу үшін бірқатар мәселелер мемлекеттік деңгей­де шешілуі тиіс. Мысалы, су тап­шылығы, суармалы жерлер­дің сор­лануы және олардың бір алап­та орналаспауы ішкі суару жүй­елерін (каналдарды), ашық қа­шырт­қыларды (коллектор­лар­ды) қайта құру керектігін көрсетеді. Бірақ бұған мемлекет бюд­жеті­нен қыруар қаражат пен ұзақ уақыт қажет. Мемлекет бюд­жеті шектеулі. Осы жағдайды ес­кере отырып, мемлекеттің қол­дауы­мен қазіргі іске асырылып жат­қан жо­баларды жедел әрі сапалы аяқтау керек.

«Достық» каналы арқылы алынатын су мөлшерін (лимитті) қайтымды су есебінен көбейту мәселесін шешу қажет. Жылда «Достық» каналынан алынатын лимитте қайтқан сулар көле­мі қоса есептеліп келген. Бұл – көзге көрінбейтін, осы сала­дағы мамандардың өздері де аң­ғара бермейтін құбылыс. Жыл­дан жылға судың тұздану дәрежесінің көтерілуі, ластануы – соның айқын дәлелі. Облыстың ауылшаруашылық басқармасы мен министрлік мамандары екі ауданның су мәселесін оңтайлы шешу үшін суды үнемдейтін суа­ру құрылғыларын кеңінен қол­дану, мақта егілетін жерлер­дің ауданын қысқарту сынды ұсы­ныстар айтып келеді. Алайда бұл ұсыныстар айтуға ғана оңай. Республикада осы суару құ­рыл­ғыларын шығаратын өнер­кәсіп жоқ. Бар болғанның өзінде өңірдің ұсақ шаруалары бұл құрылғыларды сатып алуға шамасы жете бермейді.

Ал мақта егілетін аумақты қыс­қарту мәселесіне келсек, қазір екі ауданның суармалы жер­лерінің көп бөлігі әртүрлі дәре­жеде сорланған. Жер асты сулары­ның деңгейі де жоғары – 1-2 м. Бұл процесс әсіресе, Мақтаарал ауданында ерекше бай­қалады. Аудандардың таби­ғат жағдайын (климатын), топы­рақ құрамын, жерлердің сор­лану дәрежесін, топырақ қатпар­ларында көтерілген тұздану концентрациясын есепке алсақ, екі аудан аумағында басқа егін түрін егу мүмкіндігі азая түседі. Сорланған, минералданған жер асты суымен сорға сезімтал өсім­діктерді өсіріп, ойдағыдай өнім алу мүмкін емес. Күріш, жоңыш­қа ексек, оны өсіруге су тап­шылығы байлау болары хақ. Өйткені күріш мақтаға қараған­да суды 3-4 есе көп қажет етеді. Жоңышқаға да мақтамен салыс­тырғанда су 1,5 еседей көп керек. Ал сорға шыдамдылығы жағы­нан мақтамен бірдей қант қызыл­шасын өсіремін деушілерге ай­тары­мыз, қант қызылшасы сал­қын, тау алды алқаптарында ғана жақсы өнім береді. Ал Мыр­за­шөл­дің 40-45 градустық аптап ыс­ты­­ғында қант қызылшасы дұ­рыс өнім береді деп айта алмаймыз.

Екі ауданның негізгі бағыты мақта өсіру болса, оның басым көпшілігі Мырзашөл аумағына тиесілі. Осы өнім өндірушілерді «тұншықтыру» 2019 жылы басталып, 2020 жылы жалғасын тапты. Басты себебі – мақта шикізатын қабылдайтын жергілікті зауыттар шикізатқа төмен баға белгілегені. Айталық, Ливерпуль мақта биржасында Түркістан облысының мақта таласы «Узбекистан» маркасымен сатылып келген. 2019 жылы котлук-индекс көрсеткіші 70,15, 2020 жылы 70,85 болған. Мақта таласының әр тоннасының сатылу бағасы 2019 жылы 1 546,5 доллар болса (70,15 х 22,046), 2020 жылы 1 562,0 доллардан (70,85 х 22,046) сатылған.

Бағасы жылдан жылға төмен­деген мақта шикізаты өнім өн­діру­шілердің шығынын жаба бер­­мейді. Мақташылардың ең­бек­­ақысы, техника қызметтері, жанар­май және басқа да ресурс­тар (селитра, шит, гербицид, дефоланд т.б.) бар, шығын көп. Жетісай ауданы бойынша мақ­таның әр гектарына орташа есеппен – 257 мың теңге, Мақта­арал ауданы бойынша 260 мың теңге шы­ғын кететіні айтылып жүр. Ор­таша гектар шығымдылығы 1,8 тонна деп алсақ, 1 тонна мақ­та ши­кізатының өзіндік жал­­пы құ­ны (шығыны) 142-144 мың тең­гені құрап, 2020 жыл­­ғы бастапқы бекітілген сатып алу бағасымен  (130 мың теңге /1 тонна) салыстырсақ, ша­руа­­лардың қарызға батқанын көре­міз. Өңірдегі жеке ұсақ ша­руа­шы­лықтар ешқашан жалпы шы­ғынының талдауын жүргізген емес. Жеке техникалары бар ша­руаның жалпы шығындары төмен болып көрінгенімен, адам кү­ші қажет жұмыстарды (шабық, же­гене, суару және т.б.) отба­сы­мен атқарған жағдайда тех­ни­­ка­сы­ның амортизациясы, өз­дерінің еңбек­ақысы есепке алын­бағаны анық.

Өнім технологиясының картасы бойынша орташа есеппен 3 гектар мақтаға тұрақты бір жұ­мысшы қажеттігін ескерсек, 6 айда оның еңбек ақысы 360 мың теңгені құрап, гектарына – 120 мың теңгеден, 1 тонна мақта шикі­затына 67 мың теңгеден тура келеді. Осы шығынға есепке алынб­аған еңбекақыны қоссақ, Жеті­сай ауданы бойынша орташа шы­ғын 1 гектарға – 377 мың тең­гені, Мақтаарал бойынша 380 мың теңгені құрайды. Сонда 1 тонна мақта шикізатының өзіндік құны 209-211 мың теңгені құраған болар еді. Мемлекет тарапынан мақта егетін диқандарға берілетін субсидияны есепке алсақ та (1 гектарға 40,1 мың тең­ге немесе 1 тонна мақта шикі­заты­на орташа есеппен – 22,3 мың теңге) жалпы шығынды ақтамайтыны көрініп тұр.

Мақта шикізатын сатып алу бағасының төмендігі, мақта те­ру кезіндегі терімшілердің же­тіс­пеушілігі, оларға төлемақы мәселесі, комбайнмен теру баға­сының жоғарылығы жыл са­йын екінші, үшінші терімдердің амалға аспай қалуына себепші болып, орташа есеппен әр гектардан 3-5 центнер мақта шикі­затының далада қалып кетуіне алып келуде. Бұл – Мырзашөл өңірі бо­йынша шамамен 26-44 мың тонна шикізат деген сөз.

Әрине, бір тонна мақта шикі­затына кеткен шығындарды азайту үшін өнімнің шығымдылық дәре­жесін арттыру қажет. Қазір­гі баға саясатында әр гектар­дан 3,0-3,5 тонна өнім алған диқан ғана аздаған пайда көруі мүм­кін. Севообородтың жоқтығы, ди­қандардың әл-ауқаты, жерлер­дің мелиоратив жағдайы, су тапшылығы Мырзашөл өңірінің әр гектарынан жоғары өнім алуына қолбайлау болып тұр.

Мақта шикізаты техникалық өнім ретінде терең өңделген са­йын қосымша құн алып келетіндігі белгілі бола тұра мемлекеттің бұл мәселеге немқұрайлы қарайтыны түсініксіз. Жылдар өтсе де мақта шаруашылығында біз негізінен шикізат сатушы ретінде қалып, мақта шикізатын қабылдаушы зауыттардың мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қойып келе жатқанымызды мойындауға тура келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын оңтүстікте құрылған мақта кластерінің де жұмысы ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Бар-жоғы 350-380 мың тонна мақта шикізатын (бұл шамамен 115-125 мың тонна мақта тала­сы) өз мемлекетімізде терең өң­деуді толық жолға қоя алма­сақ, қазіргідей баға саясаты жал­ғаса берсе, облыс бойынша мақта шаруашылығы тоқырауға ұшы­рай­тын күн алыс емес.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі тарапынан мақта өн­діру­шілерге берілетін мардым­сыз субсидияда бейберекет­сіздік көп. Олардың басы біріктіріл­меген, ақшаны беретін мерзім де диқанға қажет кезеңге сай келмейді.

Келешекте облыс аумағында мақта шаруашылығын сақтап қалу үшін, шаруашылықты одан әрі өркендету үшін мемлекет бұл саланы жіті бақылауға алуы керек. Нәтижесінде, өндірілген бар­лық мақта шикізатын өз мем­лекетімізде толық терең өңдеуге жол ашылады. Бұл өз кезегінде оңтүстікте жеңіл, тамақ өнеркәсіптерінің және басқа да кәсіпорындардың ашылуына, мал азығының көбеюіне алып келері анық. Халық тығыз орналасқан өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жалпы алғанда облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақ­саруына себепші болар еді.

 

Омар КЕНЖЕБАЕВ

 

Түркістан облысы,

Сарыағаш қаласы