Аймақта сұйытылған газ сатумен айналысатын «БСГ», «Промбаза-7» және «КС-А»/«Кепiл Сапа-А» деп аталатын үш серіктестік бар. Олардың айтуынша, көлікке арналған көгілдір отын тапшылығының туындауы еліміздегі газ саласының 2020 жылдан бастап еркін саудаға көшуімен тікелей байланысты. «БСГ» ЖШС коммерциялық директоры Махаббат Жұтаевтың сөзінше, бұрын сұйытылған әлеуметтік газдың 50%-ын мемлекет бөліп беріп, 50%-ын газ сатушылар аукцион арқылы өздері сатып алып отырған. Қазір мемлекеттен 30-ақ пайыз бөлінеді. Ал 2021 жылдың соңына дейін газ сатумен айналысатын компаниялар сұйытылған газды түгелдеу аукционнан сатып алуға көшетін болады.
– Біз тамыз айында электронды саудаға қатыстық. Бұл саудада батырманы кім бірінші болып басса, сол ұтады, кім күшті, содан сатып алады. Нарықта былық көп болды. Басқа өңірлер газдың бәрін сатып алды да, бізге түк қалмады. Облыс әкімдігінің араласумен қыркүйекте ғана жағдай дұрысталды, – деді М.Жұтаев.
Коммерциялық директордың айтуынша, газ нарығында орын алып отырған тұрақсыздықтың тағы үш себебі бар. Біріншіден, облыстағы газдың біраз бөлігі Ресейге сатылып жатыр. Мәселен, Қостанай облысында сұйытылған көгілдір отынның бір литрі 98 теңге болса, Ресейде 32 рубль, яғни 180-190 теңге тұрады. Атқарушы билік шекара асып кетіп жатқан газға тосқауыл қоя алмай отыр.
Өйткені сұйық отын шекарадан бартерлік ауыс-түйіс шеңберінде өтіп жатыр. Екіншіден, зауыттарды жаңғырту мәселесі ақсап тұр. Қазір Павлодардағы мұнай өнімдерін шығаратын зауыт тоқтап қалған. Үшіншіден, зауыттар ішкі нарықты қамтамасыз етуге онша құлық таныта қоймайды. Олар өнімдерін мүмкіндігінше сыртқы саудаға шығаруға ұмтылады. Сондықтан салаға жауапты министрлік тарапынан квота бөлініп жатқанына қарамастан, көгілдір отын нарығы тығырыққа тіреліп отыр.
«БСГ»-ның коммерциялық директоры дегенмен соңғы уақытта нарықтағы жағдай аздап тұрақтана бастағанын да айтты. «Менің ойымша, қазан айында газ тапшылығы болмауға тиіс. Қазір біздің қорымызда шамамен 300 тоннадай газ бар. Бірақ бұл 2-3 күнге ғана жетеді. Сондықтан сұйытылған газды талонмен беріп жатырмыз. Бұл түгесілсе, қазанның 8-іне қарай биржа арқылы қараша айына деп сатып алған сұйытылған газды сата бастаймыз. Ал әлеуметтік газ 10 қазанға қарай келіп түсе бастайды, – деді М.Жұтаев.
Көгілдір отынның бір литрі Нұр-Сұлтанда – 78 теңге, Атбасарда – 73, Ал Қостанайда 98 теңге тұрады. Газ сатушылар мұның мәнісін былайша түсіндірді: – Биржа – Алматыда, яғни Қостанай одан шалғай жатыр. Мысалы, Қарағанды бірден литрі 55 теңгеден 6 мың тонна газ сатып алды. Одан кейін баға көтеріліп кетті де, біз ең шалғай өңір ретінде қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр болдық. Биржада бәрін бот шешеді. Бастырманы уақытында басқан боламыз, бірақ бәрібір кешігіп қала береміз. Біз бұл мәселе жөнінде шағым жаздық. Қазір мәселе шешілуге бет бұрып жатқан сыңайлы. Бірақ биржадағы баға аса төмендей қойған жоқ, деді газ сататын компанияның өкілі.
Кәсіпкерлердің айтуынша, нарықтағы жағдай тап осы күйінде тұра берсе, Қостанайда газдың бағасы Ресей газының құнымен теңесуі мүмкін. Қазір бензин мен сұйытылған газ бағасының арасындағы айырмашылық азайып келеді. Осының салдарынан қазірдің өзінде бұған дейін жеңіл көлікке газ құйып келген тұтынушылардың біразы бензинге ауыса бастаған. М.Жұтаевтың болжамынша, алдағы уақытта газдың бір литрі 105 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бірақ жыл соңына қарай баға қайта тұрақталады.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, құзырлы орындар да қарап отырған жоқ, аймақта дизельді отын мен сұйытылған газ тапшылығын жойып, бағаны тұрақтандыру мәселесі көпке ұзамай реттелуі тиіс.
– Біз дизельді отын мен газды мейлінше жедел тиеп, облысқа тезірек жеткізуді қолға алдық. Газ мекемелерінің басшыларымен кездесіп, түйткілді мәселелерді талқыладық, Энергетика министрлігіне шағым жолдадық. Қазір солтүстік өңірлерге бөлінетін газ көлемін ұлғайтуды сұрап отырмыз, – деді Д.Асқаров.
Ал облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жаныспаев дизельді отын мен бензин нарығындағы бағаны реттеуге жергілікті атқарушы биліктің шамасы келмейтінін жеткізді.
– Біз өз құзыреттілігіміздің шеңберінде жанармай мен отын қорының қаншалықты екенін және оның бағасы қандай екенін анықтау мақсатында мониторинг өткізіп, есеп беріп отырамыз. Биыл дизелді отынның бағасы шарықтап кетті. Жыл басында литрі 190 теңге болған, қазіргі нарықта операторлар литрін 234-235 теңгеден сатып жатыр. Облыста жанармай қоры жеткілікті. Қазір дизельді отынды талонмен беріп жатырмыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Кездесуден түйгеніміз – алдағы уақытта дизельді отын мен сұйытылған газдың бағасы қымбаттамаса, арзандамайды. Бейресми сарапшылардың сөзінше, жанармайдың қымбаттауы жүк және жолаушылар тасымалына да әсер етеді. Логистика 25 пайызға қымбаттайды. Тіпті халық тұтынатын тауарлардың бағасы өсіп кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде жүк тасымалдаушылардың ортақ чатында бағаны 25 пайызға көтеру керек деген үндеулер шығып жатыр. Солардың бірі: «Құрметті тасымалдаушылар, жүк көліктерінің иелері мен жүргізушілер! 29 қыркүйектен бастап клиенттер мен логистикалық компаниялардан жүк жеткізу құнын 25 пайызға көтеруді талап ету керек. Қазанның бірінен дизельді отын тапшылығы басталады. Қазір Ресейдің Орск өңірінен қымбат дизельді отын келіп жатыр. Оның бағасы бұрынғыдай 200 теңге болмайды. Оны ұмытыңдар. Ендігі дизельді отынды 260-280 теңгеден алатын боламыз!», дейді.
Жанармай қымбаттаған сайын ауылшаруашылық өнімдері қымбаттай түсетінін диқандар да айтып отыр.
– Ауылшаруашылық дақылдары мен көкөністің бағасы дизельді отынмен тығыз байланыста реттеліп отырады. Ауылда көмір қымбаттап кетуі мүмкін. Қазір көмірдің орташа бағасы – 16-17 мың теңге, ал шалғай ауылдарға жеткенше 25 мың болады. Ал енді жанармай көтерілетін болса, баға 30 мыңға дейін жетуі мүмкін. Орташа бір отбасына 8 тонна көмір керек десек, шалғай ауылда тұратын әр отбасы бір қысқа жететін көмір алу үшін 210 мың теңге шығындайды. Оған ағаш отынды қосыңыз, ол да арзан емес, 100 мың теңгеге дейін барады, – деді диқандардың бірі.