Экология • 04 Қазан, 2021

Жолбарыс қалай жерсіндірілмек?

1326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ертеректе Көкше теңіз атаған Балқаш көлінің қамысты нуында жолбарыс жымы болғаны тарихтан белгілі. Өткен ғасырдың ортасына жетпей құрып біткен түз жыртқышы туралы көрнекті қазақ қаламгері Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері» атты көркем шығармасы да оқырман қауымға кеңінен таныс. Міне, осы тарғыл аңның тұқымын қалпына келтіру туралы отандық жобаға халықаралық деңгейде көңіл бөлініп отыр.

 

Жолбарыс қалай жерсіндірілмек?

Жуырда онлайн-форматта өткен Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы XVII өңір­ара­лық ынтымақтастық фору­мында еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасап, Қазақстанда Ресеймен бірлесіп жолбарыс­ты қайта жерсіндіру бойынша жұ­мыс жүргізіліп жатқанын, осы бағытта Алматы облысында мем­лекеттік табиғи қорық құрыл­ғанын айтты.

Ресей президенті Владимир Пу­тин қазақстандық министрден «Қазақстанда жолбарыстар тірші­лік етпей ме?» деген сұрақ қой­ды. Елімізде жолбарыстың тір­шілік етпейтінін, оны қай­тадан жерсіндіру мәселесі пысық­талып жатқанын айта баста­ған министрдің сөзін Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалғап, Қазақ­стан аумағында тіршілік еткен Тұран жолбарыстарына қатысты деректерімен бөлісті.

«Әңгіме Тұран жолбарысы туралы болып отыр. Оның соңғы түрлері өткен ғасырдың 30-шы жылдары өмір сүрді. Содан кейін Ұлы Отан соғысы басталар алдын­да олар Қазақстан аумағынан жоға­лып кетті. Сондықтан қазір біз осы жолбарыстардың популяциясын қал­пына келтіру жөніндегі халықаралық жобаны дамытып жатырмыз», деді Қ.Тоқаев. Владимир Путин Ресейде де бірқатар жолбарыс түрлерінің популяциясы қалпына келтірілгенін айтып, түз тағысының кейбір түрі шетелдерден алдырылғанын атап өтті.

Осы орайда редакциямызға Алматы облысының Балқаш ауданынан жол­даған автордың зерттеу мақаласын на­зар­ларыңызға ұсынамыз.

 * * *

Қазір экологиялық туризмді дамыту төңірегінде үлкен мәселелер қозға­лып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­­дауында ұлттық экономиканы қалып­­тастыруға өзіндік пәрмен-үлесі бар эко­­туризм мәселесін дұрыс жолға қою керегін баса айтқан бола­тын. Эко­туризм мәселесі сөз болып жатқан тұста Балқаш көлі жағалауына Тұран жолбарысын жерсіндіріп, келешекте осы жерді туристердің қызығып келетін айма­ғына айналдыру мәселесі күн тәртібінде тұрғаны анық.

ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға тарта жолбарыс болған екен. Қазір 4,5 мыңдайы ғана қалыпты. Жолб­арыс бір кездері Таяу Шығыс, За­кавказье және Орталық Азия елдерін, Түркиядан солтүстік-батыс Қытайға дейінгі жерлерді мекен етіпті. Жер бе­тінде осы жыртқыш санының күрт азаюы, көптеген өңірде құрып кетуі Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Кезінде жерімізді мекендеген Тұран жолбарысынан да тұқым қалмапты.

Ғалымдар Тұран жолбарысы гене­тикалық-молекулярлық жағынан Қиыр Шығыстағы Амур жолбарысына өте жақын екенін дәлелдеген соң олардың құрып кеткен популяциясын қайтадан қалпына келтіру мәселесі қазақстандық экологтер тарапынан қолға алынды.

2010 жылы Қазақстан Үкіметі жолбарыс тұқымын Қазақстан та­би­­ға­тының аясына қайта әкелу жоспарын жариялады. Ал 2017 жылы Қазақстан Үкіметі мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) арасында Жол­барысты табиғатқа қайта әкелу бағдарламасын жүзеге асыру жөнін­дегі меморандумға қол қойылды. Осы құжаттың негізінде Қазақстан Респуб­ликасының 2018 жыл­ғы 27 маусымдағы қаулысына сәйкес Алматы облысында «Іле-Балқаш» таби­ғи резерваты құрылды. Оның аумағы 415 мың шаршы шақырымды құрайды. Жолбарыс санын молайтуда бұл аймақ бекер таңдалған жоқ. 1947-1948 жылдары Қазақстандағы соңғы жолбарыстың көзі осы өңірде жойылды. Мұнда оның кейінге дейін өмір сүріп келуі бас­­қа жерлермен салыстырғанда бұл өңір­дің жолбарыстың мекендеуіне қо­лайлы екеніне, табиғи ортаның жақсы сақталғанына байланысты еді. Соның нәтижесінде Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасының экожүйесі жолбарыстың тіршілігіне қо­лайлы деген тұжырым жасалды. Сөй­тіп Қазақстан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарыстарды Орталық Азияға қайтаратын тұңғыш ел болып отыр.

Жолбарыстардың осы өңірдің та­биғатын жерсініп, молаюының бірден-бір шарты оның жемтігіне тікелей бай­­ланысты екен. Ол жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Оның не­гізгі қорегі – жабайы шошқа мен бұ­­ғылар. Жыл сайын резерват аума­ғына елудей бұғы әкелінуде. Одан бас­қа қарақұйрық, жейран бастарын молайту, дала мен жартылай шөлейт экожүйесінде құланды қалпына келтіру жоспарлануда.

Жолбарыстарды жерсіндіру бағ­дар­ламасы көзделген мақсатқа қол жет­кізу­мен қатар Оңтүстік Балқаш пен Іле дель­­тасы табиғатының, экожүйе­сінің қай­та қалпына келуіне, сонымен қатар ауда­нның, резерватқа таяу елді мекен­дер­дің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететіндігі де айқын­далып отыр.

Экологиялық ағартушылықты, жас­­тардың білімін, экологиялық қа­уіпсіз кәсіпкерлікті дамыту арқылы жергілікті халықты қолдау, жұртты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауыл­­шаруашылық бағытындағы жобалар – Жолбарысты жерсіндіру бағдар­ла­масы аясындағы міндеттердің бір бөлігі ғана.

Жасыратын не бар, ауылдық жерлерде нақты жұмыс орындарының жетіс­пеушілігінен көптеген отбасы­ның кірісі табиғатқа заңсыз қол сұғып, браконьерлік жасау жолмен келетіні рас. Аталған жоба осы жағдайды өз­­гертуге де бағытталған. WWF Дү­ние­­­­­жүзілік жабайы табиғат қоры «Экобиожоба» қорымен бірлесіп, төрт жыл бойы жер­гілікті халықты қолдау жобаларын жүзеге асырып келеді. Жыл сайын шағын гранттар бойынша конкурс­тар өтеді. Кли­маттың өзгеруіне қарай және су мөл­шерінің азаюына байланысты жер­гілікті халық егістік алқаптары мен бау-бақшаларында там­­шылатып суару әдісін қолдануда. Оларға егетін материалдар беріледі, ауыл жас­та­рының мерекелері мен бас­қадай іс-шараларын ұйымдастыруға көмек берілуде. Арнайы курстар ұйым­дас­ты­рылуда, тіпті коронавирус жай­лаған қиын жағдайда жергілікті ауру­ханаға көмектерін де беріп тұрады.

WWF алдындағы үлкен миссия – адам мен табиғат арасындағы үйле­сімділікті, гармонияны қалып­тастыру. Жолбарыс­тарды жерсіндіру арқылы осы өңірге әлемнің әр түкпірінен эко­ло­гиялық ту­ристер тарту көзделуде. Со­нымен қа­тар Іле өзені суының басым бөлі­гін иемденетін Қытайдан қор­ғап, қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету­ге негіз бар. Бағдарламаны орындау ба­рысында Іле өзенінің арнасына ерекше көңіл бөлінеді. Қытай мен Қазақстанның суды қанша алып отыр­­ғаны басты на­зарда болады. Қытай­­мен Іле суын пайда­лануға бай­ла­ныс­ты келісім жаса­ғанда «жолбарыс бағ­дарламасы» басты әңгіменің тақырыбы болмақ.

Осы ауқымы кең шараны жүзеге асыруда жергілікті тұрғындардың қа­уіпсіз­дігін қамтамасыз ету – бағдар­ламаның басты міндеті. Жолбарыс өзіне қауіп төнбесе адамға шаппайды. Жол­барыс жү­ретін аймаққа жа­қын орналасқан елді мекендердің қауіп­сіздігі қамтамасыз етіледі. Жолбарыс елді мекендерге кір­­мейтін болады. Үй жануарлары шығ­ыны болып жатса, ол Қазақстан Рес­публикасы мен WWF тарапынан қай­тарылады. Тағы бір айта кететін дүние, жолбарыс жүрген жерде қасқыр бол­майды. Демек, мал шығы­ны азаяды, тіпті болмайды деуге негіз бар.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Туризмді әсі­ре­­се экотуризмді дамытуға экономи­каның ма­ңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. Оны дамыту үшін қажетті ин­фра­құрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет» деп, туризм саласына ерекше назар аударған болатын. Демек, ел экономикасын қа­лыптастыруда та­быс көзін әкелетін осы саланы дамыту өзекті міндеттердің бірі деп қабыл­дауымыз қажет.

Үндістандағы жолбарыстар халық­аралық көмекпен келетін туристер арқылы елге жылына 1 млн доллар пайда әкеледі екен. Қазақстан жолбары­сы да елімізге экономикалық тұр­ғыдан пайдалы болатынына сенім зор.

 

Алтынбай СИҚЫМБЕК,

журналист

Алматы облысы,

Балқаш ауданы