Білім • 05 Қазан, 2021

Мектептерде үш мыңға жуық робототехника кабинеті ашылды

970 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мектептерінде үш мыңға жуық робототехника кабинеті ашылды, деп жазады Egemen.kz.

Мектептерде үш мыңға жуық робототехника кабинеті ашылды

Кабинетте осы бағыт бойынша қызығушылық танытатын оқушылар үшін арнайы үйірмелер өткізіледі. Барлық кабинетте қажетті компьютерлік жабдықтар және оқу құралдары бар. 

«Айта кетейік, министрлік тарапынан педагогтердің робототехника саласындағы білімі мен дағдыларын жетілдіру барысында жұмыс жүргізілді. Соңғы екі жылда екі мыңға жуық мұғалім робототехника курсынан өтті», деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

«Робототехника арнайы конструкторлардың көмегімен робот жасау дегенді білдіреді. Әрбір оқушы тек дәріс тыңдап қана қоймай, роботты өз бетінше жинай алады. Мұғалімдер балаларды механиканың негіздерімен таныстырып, олардың практикалық дағдысын дамытады. Балалар бұл процеске қатысу барысында асқан қызығушылық танытып, жобаларын өз бетінше құруды үйренеді. Бұл балалардың бойындағы жауапкершілік, тәртіп және зейінді дамытады. Сонымен қатар робототехника балалардың физика, математика және ақпараттық технологиялар саласындағы білімін жетілдіреді», деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Алмас Сарбозов Қостанай облысы Амантоғай ауылындағы шағын жинақты ауыл мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып істейді. Екі жыл бұрын ол ауыл оқушыларына арналған робототехника үйірмесін ашты. Егер бастапқыда үйірмеге 3-4 бала ғана қызығушылық танытса, қазір оған әр түрлі жастағы 30-ға жуық бала қатысады.

«Балаларға пайдамды тигізгім келіп, робототехника үйірмесін аштым. Мектептегі кабинет жабдықталған. Қазір оқушыларымыз түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Пандемия кезінде  балалар өздігінен іске қосылатын санитайзер ойлап тапты. Оқушылар тиісті бағдарламаны әзірлеп, құрылғыны жинады. Адам санитайзерге жақындаған кезде ол автоматты түрде іске қосылады. Жақын арада оқушыларымыз еліміздің атынан халықаралық жарыстарға қатысып, жұмысын көпшілікке таныстырады деп үміттенемін», деді робототехника үйірмесінің жетекшісі Алмас Сарбозов.