Қазақстан • 05 Қазан, 2021

Қой шаруашылығы: Мүмкіндіктер мен кедергілер

2755 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Республикамыздағы жайылымдық алқаптардың мол қоры (182 млн га) және көшпелі қой шаруашылығы технологиясының ерте кезден-ақ қалыптасуы – саланы дамытудың зор мүмкіндіктері. 

Қой шаруашылығы: Мүмкіндіктер мен кедергілер

Елімізде 1930 жылдарға дейін негізі­нен құйрықты қой тұқымдары (98%) өсі­рі­­ліп, қылшық жүн өндірілгені белгілі. Ке­ңес кезеңінде әлемдік үрдіске бетбұрыс жа­са­лып, биязы жүнді қойларды өсіруге пәр­­мен берілді. 1980-90 жылдарда бия­зы, бия­­зы­лау жүнді қой тұқымдарының үлесі 55 %-ға жетті, одан өндірілген жүн – 68-72%, оның ішінде биязы жүн 80-85%-ды құрады. Жүн өндірудің көлемі ғана емес, сапасы да артып, әлемнің 12 алыс-жа­қын еліне жылына 25-30 мың тон­на жүн экспортталып, республикадағы же­ңіл өнеркәсіп орындарында жан басы­­на шаққанда 2,0-2,3 шаршы метр мөл­шерінде сапалы мата дайындалды.

Тәуелсіздік алған тұста қой саны 36 млн-ға жетіп, жылына 105 мың тоннадан аса табиғи жүн, 267 мың тоннадан аса (сойыс салмағымен) ет өндірілуі, қой шаруа­шылығын дамыту мүмкіндіктерінің зор екенін дәлелдеді.

Бүгінгі таңда қой басының жалпы саны 18 млн болғанымен, биязы және биязы­лау жүнді қойлар 2,3 млн бастан ас­пайды. Жалпы алынған 40 мың тонна жүн­­нің 7,1 мың (18%) тоннасы биязы жүн­ге тиесілі, яғни жуылған жүн есебімен өндіріс­ке жарамды 3,5 мың тонна жүн өн­ді­рілуде. Халық шаруашылығына қа­жет­т­ілігін ескеріп, ғылыми тұрғыдан келсек, еліміздегі биязы және биязылау жүн­ді қой саны 8 млн бастан жоғары болуы тиіс еді. Өйткені халықты, әсіресе, балаларды сапалы киіммен қамтуға жылына әр адамға кемінде 2 кг қой жүні (табиғи жүн есебімен), оның ішінде 1,5 кг биязы және биязылау жүн өндірілуі керегі анықталған. Сонымен, биязы және биязылау жүнді қой басы қажетті мөлшерден 4 есе­ге дейін аз болып отыр. Ең сорақысы, жыл сайын өндірілетін 40 мың тонна жүн­нің 26 мың (67%) тоннаға жуығы жарамсыз (утиль) болып қалуда.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақ­стан аумағында өндірілген барлық жүн­нің 11%-ы ғана өңделеді, осы көрсет­кіш жуыл­ған биязы жүн үлесіне тиесілі. Экс­­порт­тық әлеуетті сараласақ, бар жоғы 1 834,5 тонна биязы жүн сыртқа сатыл­­­ған. Соңғы бес жылда жүн өндірісі 8%-ға арт­қанымен, экспорт 3,5 есеге тө­мен­деген. Республика көлемінде өң­деу сала­сы­ның мүмкіндігін сараласақ, Ин­дуст­рия және инфрақұрылымдық да­му министр­лігінің ақпараты бойынша жүн өңдеу саласындағы 13 арнайы ма­­ман­­дандырылған кәсіпорынның тек төр­­теуі ғана осы бағытта жұмыс атқара ала­ды. Мы­салы, «Фабрика ПОШ-Тараз» кәсіп­ор­­ны жүнді жуу мен шүйкеленген жүн өн­діруге мамандандырылса, «Шым­кент-Ка­ше­мир» кәсіпорны биязы және қыл­шық жүнді жуып, одан дайын өнім алу­ға тех­но­логиялық тұрғыдан жасақ­тал­ған. Аты­рау облысында Caspiy Lana Atyrau кәсіп­орны жүнді толығымен өңдеу техно­логия­сын игерген, көбіне, тоқыма жамыл­ғы шығарады. Алматы облысында «Куат ЛТД» кәсіпорны жүнді өңдеу арқылы негізінен киіз, ұлтарақ, байпақ өндіреді.

Бүгінгі таңда, қой шаруашылығы өнім­дері­нің 80 %-дан астамы шағын қожа­лық­тар мен қосалқы үй шаруашы­лық­тарында өндіріледі. Осы үрдіс технологиялық жаңалықтар мен ғылыми жетістіктерді пайдаланып, саланың экспорттық әлеуетін тиімді пайдалануға қолбайлау болып тұр. Сондықтан да өндірілген жүннің сапасы сұранысқа сай келмей, қой еті, оның ішінде, әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие қозы еті тек отандық тұтынушылардың қажетін қамтамасыз ететін мөлшерде ғана өндірілуде (ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2019 жылы 151,932 мың тонна қой еті өндірілген, жан басына шаққанда 8,4 кг ғана).

Әлемдік нарықтағы сапалы биязы жүн­ге сұраныс үлкен болғанына қарамастан, елімізде жыл сайын өндірілетін 7 мың тоннадан аса биязы және биязылау жүн 1 долларға жетпейтін бағамен өткізілуде немесе мүлдем іске аспауда. Жіңішкелігі 19-21 мкм-ге дейінгі 1 кг меринос жүн­нің Жаңа Зеландия мен Аустралия нары­ғын­дағы орташа бағасы 10 доллардан жоғары. Осындай зор әлеуетті неге пай­даланбасқа?

Аталған жайдың орын алуының бас­ты себептеріне тоқталсақ. Біріншіден, биязы және биязылау жүндерді сапасына, әсіресе олардың жіңішкелігі мен ұзын­­дығына, ластану деңгейіне (түрлі қос­па­лармен: қи, тікенмен араласуы) сай жү­йе­леп (классировкалап) нарыққа ұсыну жұ­мыс­тары жүйесіздікке ұшырады. Кеңес кезінде осы жұмыстар жоспарлы түр­де ат­­қа­рылып, мемлекеттік бақылау­да бол­ды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұ­мыс­­ты ұйымдастыруға мемлекет тарапы­нан көз­қарас, ал шаруалар тарапынан тал­пы­ныс байқалмайды. Екіншіден, биязы және бия­з­ылау жүннің сатылмауы осы бағыт­тағы қой тұқымдарының өсуіне тежеу болып тұр.

Себебі, шаруалар үшін төлдері ал­ғашқ­ы тәуліктерде күтімді қажет ет­пей­тін құйрықты қой тұқымдары­ның қош­қарл­арымен жаппай будандас­тыру қолайлы. Осы үрдістің әсерінен қой жүні әртек­тіленіп, оның физика­лық-технологиялық сапасы нашар­лады. Биязы жүнді субсидиялау кезінде шикізаттың сапалық көрсеткіштері ескерілмеуі жүннің сапасын төмендетіп, отандық жеңіл өнеркәсіптің қа­лыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Оған қосымша, жүн дайындау және сату­мен айналысатын құрылымдар жүйелі жұ­мыс атқармады. Ал 2020 жылдан бас­тап жүнге қарастырылған субсидияның мүл­дем тоқтауы меринос жүнді қойларды өсі­руге ынталандырмай, оның дамуына қол­­байлау болып отыр. Неге? Өйткені бия­зы жүнге берілген 150 теңге субсидия, сол жүн­­ді қырқуға жұмсалатын шығынды өтеу­ге ғана жарайтын еді. Себебі бір бас қой­ды қырқуға 350-450 теңге жұмсалса, бір қойдан алған 3 кг жүнге 450 (150 тг х 3 кг = 450) теңге субсидия алатын еді. Ал на­рықтағы биязы жүнге берілетін баға 350 тең­геден аспайды. Сонда, қой баққан ша­руа бір бас малдан 1 мың /350 тг х 3 кг = 1050/ теңгеден аспайтын табыс табады, осы қаржымен шығын жабыла ма?

Биязы жүнге деген әлемдік сұраныс­қа орай, қой жүнінің нарықтағы пар­қын әлемдік деңгейге жеткізу мемлекет құзырындағы саясат. Биязы меринос жүн өндірісінің стандартқа сай дамуын сапа­лық тұрғыдан қадағалауды жүзеге асыратын, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған сертификатталған жүн зерттеу орталықтарының қалыпты /рентабелді/ жұмыс атқаруына мемлекеттік тұрғы­дан жағдай жасалғаны жөн. Осы орайда, бия­зы жүнді қой шаруашылығы өркен­де­ген Аустралияның іс-тәжірибесін қол­данып, жүнді сапасына сай сатуды шұғыл қолға алуды қарастыру керек. Жіңіш­ке талшықты бағалы меринос жүнін өн­діру бойынша көшбасшы елде жүн нары­ғын реттеумен айналысатын бірнеше ға­сыр­лық тәжірибесі бар Аустралия жүн кор­порациясы (АЖК) жұмыс істейді. Ұйым­­дастыру шараларын іске асыру үшін жалпы қырқылған жүннің 8 % мөл­шерінде салық алатын АЖК жылдар бо­йы­на жиналған қаржының 50 %-ын резерв­тік бағамен шикізат сатып алуға, 44,0 %-ын халықаралық және ұлттық жүн саудасы іс-шараларын реттеуге, қалған 6,0%-ын ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарына жұмсайды екен. Осы орайда, мемлекет тарапынан қой саласына мән беріліп, осындай тетіктерді немесе балама жолдарын қарастырған абзал.

Әлемдік нарықта жіңішке меринос жүнге сұраныс ешқашан қанағаттан­дырыл­ған емес, баға да жоғары деңгей­де тұрақты сақталуда. Осыны ескеріп, отан­дық биязы жүнді қой шаруашы­лы­ғында жіңішке талшықты меринос жүн беретін, салмақ басатын, әрі тезжетілгіштік қа­сиет­тері ұтымды ұштасқан қой отарларын көбейтіп, оны одан әрі асылдандыру жұмыстарын жандандыру қажет. Қошқарлары мен саулықтарының орташа салмақтары, тиісінше, 100-120 және 65-70 кг, ал 20 апталық еркек тоқтылары 45 кг-нан асатын, аустралия етті «мериносы» мен немістің «дойчемеринофлейшшаф» тұқымын тиімді әдістермен қарқынды пайдалану отандық биязы жүнді қой шаруашылығына тың серпін берері өндірістік тәжірибеде дәлелденді.

Мысалы, 2011 жылы селекциялық жетістік ретінде тіркелген биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы «Етті меринос» осыған дәлел. «Етті меринос» – тұқым шығару үрдісінде меринос жүн мен сапалы қозы етін өндіруді қамтамасыз ететін, «өз төлінен өсіру» әдісімен шығарылған бағалы тұқым.

«Етті меринос» тұқымының өнімділік қасиеттерін қалыптастыру сексенінші жылдары қазақтың биязы жүнді қойының еттілік қасиетін арттыру бағытымен жүр­гізілді. Осы қойлардың жергілікті жер­ге бейімділігін пайдалана отырып, оның еттілігін арттыру мақсатында етті мал таңдалып, тұқымішілік селекция әдісі­мен етті бағыттағы отарлар саны көбей­тілді. Селекциялық үрдістің соңғы кезең­дерінде етті­лік қасиетті күшейту мақ­сатында не­містің «дейчемеринофлейш­шаф» қош­қар­­ларының генетикалық әле­уеті қол­да­нылды. Осындай будандастыру­дан алын­ған тұқымдар өз төлінен өсіру жолы­мен көбейтіліп, тұқымішілік сұрып­тау­ға басымдық берілді. Әрине, жүн сапа­сы назардан тыс қалған жоқ. Ерте жетіл­ген қозыларды сол жылы аталық ретін­де пайдалану әдістері қолданылды. Сұр­ып­тау кезінде 6-7 айлығында 50 кило салмақ­тан асатын қошқар тоқтылар, еттілігі жа­ғы­нан және жүн сапасы бойынша қатаң сұ­рып­таудан өткізіліп, көбіне, қолдан ұрық­тандыру жолымен қарқынды пайдаланылды. Ғалымдардың қолданған осы ұтымды шешімі өте жақсы нәтижесін берді. Біріншіден, малдың еттілігі артты, екіншіден, қозылардың ерте жетілуі тектік қасиет ретінде қалыптасты.

Осы тұқымдардың және оның будан қош­қар­ларын заманауи ДНҚ-техно­ло­гия­мен бағалап, жақсартушы ретінде таныл­ғандарын қойды қолдан ұрықтандыруда қарқынды қолдану, алынған төлдерді жүн сапасы мен тезжетілгіштігі бойынша ірік­теу мен жұптауды жүйелі жүргізу отан­дық биязы жүнді қой шаруашылы­ғы­ның бәсекеге қабілеттілігін арттырары даусыз.

Жүнді-етті бағыттағы тұқым – қазақ­тың оңтүстік мериностарының төзімді­лік қасиеттерін сақтай отырып, тірілей сал­мағы мен жүн өнімділігінің көлемі мен тех­нологиялық сапасын жақсарту осы тұ­қым­ның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұқымның тектік қорын жетілдіруге жол ашады. Ұқсас өнімділік бағыттағы, еліміздің солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлеріне кеңінен таралған қазақтың солтүстік мериностарының жойылып кетуі аталған жұмыстың теориялық және тәжірибелік мәнін арттырып, арнайы шаралар кешенін қабылдауды жеделдетуді қажет етеді.

Қой шаруашылығы саласында ғылым мен өндірістің ғасырға жуық бірлесе жүр­гізілген жұмыстарының нәтижесінде қыл­шық жүнді құйрықты саулықтарды шетелдерден әкелінген биязы және биязылау жүнді қой тұқымдары қошқарларымен ұрықтандырудан алынған будандарды, селекция мақсатына сай, сұрыптау мен жұптау арқылы шығарылған, жергілікті қойлардың төзімділік қасиеттері мен шетелдік тұқымдардың жоғары өнім­ділігі ұтымды ұштасқан 5 биязы (қазақ­тың биязы жүнді қойы, қазақтың арқар­мериносы, қазақтың оңтүстік және сол­түс­тік меринос­тары, етті меринос), 4 биязы­лау (қазақтың етті-жүнді, қазақ­тың кроссбредті биязылау жүнді, ақжа­йық етті-жүнді, қазақ­тың етті тез жетіл­гіш биязылау жүнді қойы) жүн­ді қой тұқымдары сапалы жүн өн­дірі­сі бойын­ша еліміздің әлемдік дер­жава­­лардың алғашқы ондығына енуін қам­та­­масыз етіп қана қоймай, қой етін, оның ішінде қозы етін республикадан тыс нарыққа үлкен көлемде шығаруға мүмкіндік берді.

Қазақтың биязы жүнді қойы, қазақ­тың арқармериносы, қазақтың оңтүстік ме­ри­ностары 1946-66 жылдар аралы­ғын­да шығарылып, республика және одан тыс аймақтарға қой тұқымдары мен олар­дың өнімдері селекция жетістігі мәртебе­сінде кеңі­нен таралды. Ет, жүн өнімі және жер­гілікті табиғат жағдайларына бейім­делу­шілік қасиеттері жақсы ұштас­қан бұл тұ­­қым­дар тауар өндірушілер тара­пы­нан сұ­ра­нысқа ие. Тек, қазақтың арқар­ме­ри­но­сы ғана реформа жылдарында бір­ша­ма азай­ғанымен, таралу аймағының тұ­рақ­­ты­лы­ғын сақтап қалды. Басты себеп – олар­дың ұшасында (тұтынушылардың ба­сым бөлігі тарапынан сұраныс төмен құйрық­тың болмауынан) май үлесінің төмен­дігі және майдың ет ұлпаларының құра­мында мәрмәрлік (мрамор) сипатта қа­лып­тасып, еттің құнарлылық және та­ғам­­дық құн­д­ы­лығының жоғары болуын қамтамасыз етуі.

Отандық биязы және биязылау жүнді қой тұқымдарының осы ерекшелігі мен оның құйрықты қоймен салыстыр­ған­да төл­­шең­дігінің жоғарылығын (25-30%-ға) ұтым­­ды пайдалану осы бағыттар­­­ды өр­­­кен­­детуге жаңа көзқарас қалып­тас­тыра­­ты­ны анық. Аталған тұқымдар­дан ішік, тон тігуге пайдаланылатын бағалы тері ши­кізаттарын алуға болатыны және оның тауарлық қасиеттері (әдемілігі, жы­лы­лығы, жеңілдігі) қылшық жүнді қой­лармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені ескерілмей келеді.

Жүн талшықтарының ұзындығы мен жіңіш­келігі қой денесінің өне бойында бір­келкі келетін, қырқылған жүннің ұзын­дығы – 7 см-ден, жүн жіңішкелігі 60-сападан (25 мкм) төмен емес биязы меринос жүнге сай келетін шикізат тек жұқа да тығыз теріде ғана қалыптасатындығы ғылымда өткен ғасырдың басында-ақ дәлелденген. Осы өнімділік бағыт­тағы қой тұқымдарын, қаракөл қойлары секілді, тек таза тұқымды өсіру арқылы ғана жетілдіруге болатынына тауар өн­діру­­­шілер тарапынан жеткілікті мән беріл­мей келеді. Осы орайда, қой тұ­қым­дарын оның бағалы генотиптік ерек­ше­лік­терін сақтай отырып, асылдан­дыру жұмыс­тарында жоспарлы пайдалануға жауап­ты Республикалық палаталар мен сала­ның ғылыми негізде дамуына әдіс­те­­ме­лік жетекші, ғылыми мекеме Қ.Ү.Медеу­беков атындағы «Қой шаруа­шы­лы­ғы ғы­лыми зерттеу институтының» ғалым­дарына үлкен жауапкершілік жүк­теледі.

Ат үстінде күн кешіп, зат қадірін терең түсінген, қой терісіне «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деп баға берген елдің ұрпағы – бізге атакәсіпке құрметпен қарау, саланы дамытып, өнімін ұқсата білу – парыз.

Шетелдік тезжетілгіш, етті, етті-жүн­ді қой тұқымдарын пайдалану арқы­лы бу­дан төлдердің ет өнімділігі мен тез­же­­тіл­­гіштігін арттыруға болады. Ол үшін бі­рін­шіден, будандарға тиісті азық­тан­ды­ру, бағу жағдайлары жасалынуы шарт. Екін­шіден, қандай тұқымдар пай­да­ла­ны­лып, қандай жағдайлар жасалса да ет, жүн, тері өнімділіктерінің көле­мі мен сапасын қатар арттыру мүм­кін емес. Бұл – әлемдік ғылым мен тәжі­ри­бе­де сан рет дәлелденген, талас­сыз шын­дық. Айтылған мәсе­лелер ескері­ліп, ға­сырға жуық жүр­гізілген асылданды­ру жұмыстарының нәти­жесінде 2016 жылы ғана шығарылған қазақтың етті тез жетілгіш биязылау жүнді қой тұқымы бұл пікірге дәлел бола алады. Жақсартушы генотип ретінде британдық гемпшир тұқымы қолданылып, еттілік, тезжетілгіштік, төлшеңдік қасиеттерімен көзге түсетін бұл тұқым, жүн сапасы бойынша кез келген биязы жүнді қой тұқымымен теңесе алмайды.

Селекция жетістігі ретінде сынақтан өтуі 1991-96 жылдарға, яғни реформа кезе­ңі­не тұстас келген, биязылау жүнді қой тұ­қым­дарының (қазақтың етті-жүн­ді қойы, қазақтың кроссбредті биязылау жүн­ді қойы, ақжайық етті-жүнді қойы) шы­ғарылуы іс жүзінде олардың қар­қынды азаюымен қатар жүрді. Еліміз қой ша­руа­шылығындағы ең жаңа тұқым – қазақ­тың етті тез жетілгіш биязылау жүнді қо­йынан басқа аталған тұқымдар іс жүзінде жоғалып кету қаупі алдында тұр. Бұл тұқымдардың ет өнімділігі мен тез­жетілгіштік қасиеттерінің жоға­ры­лығына қарамастан, төлдерінің алғаш­қы тәуліктерде, құйрықты қой тұқым­дары­мен салыстырғанда, күтімді қажет ететін­дігі, сондай-ақ биязы жүнге берілген мем­лекеттік субсидияның биязылау жүн­ге берілмеуі де мал санының күрт төмен­деуіне әкеліп соқты.

Қой шаруашылығының келешегі қозы етін өндіру және экспортқа шығарумен тығыз байланысты екенін ескерсек, осы ба­ғыттағы жұмыстар тиімділігін еселей арттыруға биологиялық, генотиптік ерек­шеліктері бойынша биязылау жүнді қой тұқымдары барынша сай келеді. Қозы етін өндіру ісін жүйелі жолға қоюда елі­міздің солтүстік, солтүстік-шығыс аймақ­тарының түрлі себептермен егін егуге қолданылмай жатқан шұрайлы жерлерін, сондай-ақ үлкен қалалар белдеулеріндегі суландыру мүмкіндігі жоғары алқаптарды осы интенсивті тұқымдарды өсіру арқылы игерудің мәні өте зор. Бұл істің мемлекет қадағалауымен және арнайы жоспар бойынша іске асырылуы, біріншіден, сол­түстік шекаралық аймақтарды, оңтүс­тіктегі тығыз орналасқан халықтың есебі­нен, тиімді қоныстандыруды жүзеге асы­руға, екіншіден, қой шаруашы­лығы­ның лайықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда етті-майлы бағыттағы қой тұқымдары (қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, еділбай қойы, қазақ­тың ұяң жүнді құйрықты қойы, сарыар­қа қылшық жүнді құйрықты қойы, дегерес қойы, ордабасы қойы, гиссар тұқымының қан үлесі түрліше будандары) еліміздегі осы түлік түрінің 80%-ға жуығын құрап отыр. Басты себеп – олардың кү­тім тал­ғамайтындығы мен қозы­ларының тез­жетілгіштігі. Екінші­ден, жүнге сұра­ныстың болмауы да осы бағыттағы қой тұқымдарының кең таралуына ықпал етті. Қазіргі кезде оңтүстік және оңтүстік-шы­ғыс өңірлердің құйрықты сау­лық­тарына гиссар тұқымының қошқарларын пайдалану үрдісі белең алып тұр. Ірі салмақты, құй­рық үлесі ұшаның 30 %-ға жуы­ғын құрайтын гиссар тұқымы қош­қар­ларын пайдаланудың етек алуына түрткі болған жай: будан тоқ­тылардың тезжетілгіштігі және жер­гілікті қазақтың қыл­шық жүнді құйрықты қойы тоқты­ларымен салыстырғанда 4-5 кг-ға ірілігі. Кемшіліктері: жүн көлемі мен сапасының төмендігі, Қазақстанның түрлі ай­мақ­тары­ның жағдайларында жа­йы­лым­да бағуға, әсіресе Солтүс­тік, Батыс, Шығыс және Орта­лық Қазақ­станның қатал қысына гиссар тұқымының қан үлесі жоғары будандардың бейімделушілік қасиеттерінің төмендігі, жыл бойына жайылым азығына қосымша үстеп қоректендіруді қажет етуі.

Осы орайда елімізде өсіріле­тін, қаракөл тұқымынан өзге, бар­лық қой тұқымдарының ана­лық негізі болып табылатын қазақ­­тың қылшық жүнді құйрық­ты қойы мен оның халық селекциясы негізінде шығарылып, отан­дық ғалымдар мен өндіріс маман­дарының бірлескен еңбегі нәтижесінде жақсартылған тобы, ұлттық бренд – еділбай тұқымын таза сақтап қалу және одан ары жетілдіру өте өзекті де кезек күттірмейтін мәселе.

Қазақстан мен одан тысқары аймақ­тардың аптап ыстығы мен қаһарлы аязына бейімделушілік қасиеттері бойынша теңдессіз, сондай-ақ ұша салмағы бойынша гиссарлармен қатарлас, ал ет өнімділігінің сапасы бойынша елеулі деңгейде жоғары (ұшадағы ет ұлпалары үлесінің жоғары, құйрық салмағының төмен­дігі есебінен) мал – еділбай тұқы­мын сақтау мен одан ары таза тұқымды өсірудің арнайы бағдарламасын қабылдау мен іске асыруға тез арада кірісу қажет.

Айбын ТӨРЕХАН,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

«Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» мекемесінің ғылым және ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры