Өнер • 05 Қазан, 2021

Таңғажайып фотосуреттер

355 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кез келген өнер туындысы – жан азабының жемісі. Бұл сіз бен біз ойлағандай бәкүн-шүкін шаруа емес, өте үлкен еңбек. Жан мен тәннің қақтығысы десе де болады. Дүниеге керағар көз­қарас, тарих теңізін кешіп өту, жүрек толқынысын басу, уақыт­пен санасу, осының бәрі – шығар­машылық процестің басты бағдары. Сіздің кеудеңізді жарып шыққан әрбір туынды сарқып бер­ген көз жасыңыздай мөлдір де керім құбылыс.

Таңғажайып фотосуреттер

Дали және оның мысықтары

Бұл таңғажайып фотосурет 1948 жы­лы түсірілген. Туынды ішіндегі кейіп­­керлер аспанда қалқып жүргеніне қарап, бұған цифрлы технологияның қатысы бар деуге келмейді. Көбіне жұрт бұл туындыны «Дали және оның мы­сықтары» деп атайды. Шынында да солай. Dali Atomicus. Мұны атақты қылқалам ше­бе­рінің жақын досы, фото­гра­фиядағы сюрреализмнің негізін қа­лау­шы Филипп Халсман түсірген екен.

Қазір мұндай қызықты фотосуреттер жасау түкке тұрмай қалды. Тех­но­логия дамыған шақта әрі «фотошоп» деген сиқырлы бағдарлама пайда бол­ған кезде кішкентай балаға дейін ойына келгенін жасай алады. Ал ол кезеңде мұн­дай фотосуретке түсіру қиын­ның қиы­ны еді. Ең қызығы, бұл кадр­ды қа­ғып алуға 6 сағаттан астам уа­қыт ке­тіпті.

Жақсылап көз салсаңыз, мольберт пен кескіндеме төбеден қармақ жібіне ілініп тұр. Екі көмекші мысықтарды лақтырып қана қоймай, сол мезетте бір шелек суды шашуға тиісті болған. Тіпті фотографтың әйелі орындықты ұзақ уақыт көтеріп тұруына тура келіпті. Ал Сальвадор Далидың әрекеті тіп­ті күлкілі. Өнерге жан-тәнімен берілген адамның образын сомдау.

Әр түсірілім сайын Филлипп Халс­ман қайта-қайта фотоаппаратты әзірлеп отырған. Яки пленканы қайта-қайта жаңартып отырған. Фотографтың талабы бойынша, «үш» дегенде көмек­шілер мысықтарды лақтырып, «төрт» дегенде су төгуге тиіс. Соған сай Дали де секіреді. Сондай сәтте көбіне су­рет­ші жайбасарлық танытса керек. Кө­­мек­шілер жиі-жиі еденді сүртіп, әбден үркіп қалған мысықтарды қуа­лаумен болған екен. Жар­­ты күнге со­зылған жұмыс неше түр­­лі қызыққа толы болғаны соншалық, адам­дар өздерінің шар­шағанын да бай­қамаған. Ақыры ұзақ тәжірибеден кейін осындай тамаша сурет өмірге келеді.

 

Ақырған арыстан

Бұл логотипті әлемдегі ең әйгілі логотиптердің бірі деп атауға болады. Шынында да, америкалық Metro-Goldwyn-Mayer компаниясы (MGM) осы арыстан арқылы кино тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ақыр­ған арыстан шын мәнінде ком­панияның негізгі логотипі ғана емес, бүкіл Голливудтың жұлдызына айналды. Осы қорқынышты қалпы арқылы, көрер­мендердің де жүрегін жаулады.

ч

Шынында логотипте бір ғана арыс­танның бейнесі берілмеген. Жырт­қыш аңмен жұмыс істеу мамандарды әб­ден әбігерге салса керек. Мезгіл-мез­гіл ал­мастырып отырған екен. Содан да болар, MGM логотипінің та­ри­­хы компанияның тарихына қара­ған­да әлдеқайда қызығырақ. Бұл арыс­тандардың кейбірі шынымен де танымал бола біліпті. Ал қалғанының түр-түсі уақыт өте ұмытылған.

Енді қараңыз, алғаш рет 1916 жылы «Өнерге арналған өнерпаз» ұранымен пленкаға қоршалған арыстан бейнесі жаңадан құрылған Goldwyn Pictures Corporation логотипінде пайда болды. Бұл арыстан тарихқа «Түпнұсқадағы Лео арыстан» деген атпен енді. Ол сондай-ақ «Үнсіз арыстан» деген атпен де белгілі. Логотипті суретші Ховард Диц жасаған.

Арыстан Ховардтың сүйікті футбол құрамасының символы болды деп санайтындар бар. Логотип осы жануардың символизмі ретінде қарастырылған деп те айтылады. Ол да мүмкін, бірақ нақты емес. Сан алуан болжам мен алып-қашпа әңгіме әлі де ақпарат беттерінде жиі-жиі жазылып жүр.

Ақыры 1924 жылы Metro-Goldwyn-Mayer құрылды. Яғни Metro-Goldwyn Pictures Corporation пен Louis B қосылып Mayer Productions-ке айналды. Жаңа компания басшылығы тірі арыстанмен түсірілген ескі логотипке оралуға шешім қабылдайды. Осылайша танымал логотип пайда болады, ол тарихта MGM-дің ресми логотипі ретінде сақталды.

Басты рөлді сомдаған арыстанның аты Слец еді. Оның өмірбаяны да тарихта қалды десек болады. Слец 1919 жылы 20 наурызда Ирландияның Дублин хай­уанаттар бағында туған. Кейін атақты арыстан иесімен Америка Құ­рама Штаттарына қоныс аударады. Жиырма жылға жуық уақыт өмір сүріп, 1936 жылы өлген. Қазір Слец­тің терісі Макферсон мұражайында сақтаулы.

Сәт пен сезім

Әй-әй, Роберт Дуано, «бір жүрген әпен­ді екенсіз» деп бас салып кінәлауға болатын да еді, егер осы бір өмірдің өзіндей, сезімнің сөзіндей нәзік те шынайы сурет болмағанда. 1950 жылы Life журналынан тапсырыс алған фото­граф сәтті кадры үшін әлемдік даңқ­қа бөленді.

«Онда тұрған не бар?» деп, нем­кетті қарайтындар да табылар, десе де сұ­лулыққа шомылған Па­риж­де жалынды жастық пен тәтті ма­хаббаттың символына айналып шыға келген туындыға тамсанбас­тан басқа амал жоқ. Кез­дей­соқ һәм шебер түсірілген секілді кө­рін­гені­мен кадрдың үйлесімді композиция жасамауы, сыртқы фонның бұлың­ғырлығы, кейіпкерлердің орналасу кеңістігі өмірдің нағыз шынайы бет-бейнесін сызып бергендей.

вв

Аталмыш редакция басшылығы Ро­берт Дуаноның суретін Париж кө­ше­лерінде сүйіскен бірнеше фотосуретпен қатар жариялайды. Бірақ оқыр­мандардың басым бөлігі Париж көше­сіндегі сүйіскен қыз бен жігіттің фотосуретін үздік деп табады. Оған ай­тылған теріс пікір де, жақсы ой да бү­гінде редакция мұрағатында жатыр.

Бұл фотосурет 1986 жылы көше плакаттарына басылғаннан кейін ғана әлемге әйгілі болды. Роберт Дуаноның «Сүю» шығармасы 2,5 миллион ашық хатқа, 500 мың плакатқа және одан да көп күнтізбеге, фотоальбомдарға басылды. Ең қызығы, автордың осы туындысы басқа фотоларына қарағанда мол табыс әкелген екен. Себебі атақты фотографтың есімі сол уақытта үздіктер санатында еді.

Енді қараңыз, фотода өздерін осы суреттің кейіпкерлері ретінде таныс­тырған жас жұбайлар редакцияға ашық хат жолдап, Роберттен өтемақы талап етеді. Тіпті іс сотқа дейін жеткен екен. Осылайша, ерлі-зайыптылар 90 мың АҚШ долларын талап етеді. Әрине, 40 жылға жуық уақыт үндемеген олар­дың аяқ-астына атақ біткенде ерсі әрекетке баруы қоғамда үлкен дүрбелең туғыз­ған. Ақыры, Роберт Дуано же­ңіске жетіпті. Бірақ ол суреттің сах­на­ланғанын мойындауға мәжбүр болады.

Фотографтың айтуынша, көшеде сүйісіп тұрған адамдарды суретке тү­сіруге көбінің батылы бармайды, десе де «мұндай жұптардың шынайы ма­хаббатын берудің өзі үлкен мәртебе» дейді.