Аймақтар • 07 Қазан, 2021

Темір жол күзеті қызметкерлері сайысты

694 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Әскерилендірілген темір жол күзеті» ЖШС Ақтөбе филиалы ұйымдас­тыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен теміржолдағы күзет қызметінің 100 жылдығына орай бірнеше спорт түрінен сайыс өтті. Оған осы құрылымның Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесі мен Ақтөбе облысындағы Ембі, Қандыағаш, Никельтау, Әйтеке би, Шалқар бекеттерінің атқыштар командасы қатысты. Теміржол қызметінің атқыштары кіші футбол, теннис, гір көтеру, турникке тартылу, арқан арту, мини футбол, қашықтыққа жүгіруден сайысты.

Темір жол күзеті қызметкерлері сайысты

Жалпыкомандалық есепте 1-орын Шалқар, 2-орын Орал, үшінші орын Никельтау атқыштар командаларына берілді. Жекелеген спортшылар арасынан үздік қорғаушы атағын Шалқар атқыштар командасынан – Абылай Алманов, үздік теннисші – Орал атқыштар командасынан Антон Гараев, үздік қақпашы – Қандыағаш бекетінен  Ғазиз Едігеев, үздік шабуылшы – Әйтеке би бекетінен Азамат Аманжолұлы, үздік гір көтеруші аталымын  никельтаулық  Аман Мұханбетқалиұлы жеңіп алды. Сайыс қорытындысы бойынша үздіккомандалық есептегі Никельтау, Орал, Шалқар бекеттері спортшыларына берілген ең құрметті сыйлық – спорттық жабдықтар.

– Филиал ұжымында саламатты өмір салтын насихаттау, қызметкерлердің денешынықтырумен айналысуына мүмкіндік туғызуға баса мән беріледі. Әр аптаның  сейсенбі және бейсенбі күндері барлық құрылым бөлімшелерінің  жеке құрамы арасында  оқу-денешынықтыру жаттығулары өткізіліп,  филиал әкімшілігі оған қызметкерлердің тұрақты қатысуын  қатаң қадағалайды», дейді «ӘТЖК» ЖШС Ақтөбе филиалының директоры Сарыбай  Сәрсенов.

  Айта кету керек, әскерилендірілген темір жол күзеті қызметінің тарихы сонау Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан басталады. 1921 жылы 9 желтоқсанда Дзержинскийдің бастамасымен құрылған  әскерилендірілген темір жол күзеті сол замандағы нөмірі бірінші қатынас құралы әрі экономиканың күретамыры – темір жол бойындағы қарақшылық және тонаушылықпен шайқасты. Еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан бастап әскерилендірілген темір жол қызметі дербес құрылым болып өзгеріп,  әскерилендірілген күзет мамандары ел экономикасының аяқтан тұруына  өзіндік үлестерін қосты. 2001 жылдың 22 қыркүйегінде Үкімет қаулысымен «Әскерилендірілген темір жол күзеті» ашық акционерлік қоғамы болып қай­та құрылса, 2020 жылдан бастап «Әскери­лендірілген темір жол күзеті» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігіне айналды. 

Қазіргі уақытта темір жол нысан­дарының қауіпсіздігін, жүк тасымалын қадағалап, ілеспе күзет қызметімен айналысатын көпфункционалды ірі күзет ұйымдарының біріне айналған серіктестіктің елімізде 10 филиалы жұмыс істейді. Солардың бірі – Ақтөбе филиалының қызмет көрсету аумағы  2040 шақырымды құрайды. Оның 165 шақырымы Ресей Федерациясы аумағы арқылы өтсе, шекара бойындағы жүк тасымалына жауапты бірнеше атқыштар командасы, жедел әрекет етуші оңтайландырылған топ, темір жол көпірін  күзететін арнайы топ бар. Жол бойында тонаушылықты болдырмау мақсатында әскерилендірілген күзеттің Ақтөбе филиа­лы мамандары биылғы жылдың өзінде 26 вагон тонау оқиғасының алдын алып,  жүк тонаумен айналысқан 33 адамды ұстады.

  Бүгінде Ақтөбе өңірлік филиалының 700-ге жуық қызметкері бар. Темір жол күзеті қызметінің кәсіби маманы филиал басшысы Сарыбай Сәрсеновтің айтуынша, мамандарды жұмысқа қабылдаған кезде олардың іскерлік қабілеті, кәсіби біліктілігімен бірге  физикалық дайындығы мен темір жол қызметінің қыр-сырын білуіне жете ден қойылады. Сол себепті де еліміздің Қарулы Күштерінде  қызмет етіп келген жас жігіттерге осы жұмысқа қабылдауда басымдық беріледі.

 

Ақтөбе облысы