– Бұдан үш жыл бұрын Астана экономикалық форумы аясында Shell компаниясымен «Күн энергиясы – мектептерге» пилоттық жобасын іске асыру мақсатында меморандумға қол қойылған еді. Аталған пилоттық жоба «жасыл» экономикаға біртіндеп көшу, парниктік газдарды қысқарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту сынды бірнеше мақсатты іске асыруды көздейді. Сондай-ақ оқушылардың нақты ғылымдарды (STEM) зерттеуге қызығушылығын оятып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруды мақсат еттік, – деді К.Шәмшидинова.
Қазір Shell компаниясының демеушілігімен іске қосылған күн электр стансалары Нұр-Сұлтан, Ақтау және Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жұмыс істеп тұр. Ал биылғы мамырда Атыраудағы білім ордасында күн панельдерінің құрылысы басталған болатын. Бұл станса мектептің жылдық энергия шығынын 30 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді. Мектеп оқушылары күн электр стансасының көмегімен ғылыми жобалар мен зертханалық жұмыстарды жүргізуді қолға алмақ.
– Ең бастысы, шәкірттеріміз мамандық таңдау, жұмысқа орналасу кезінде әлемде экология мәселесінің маңызды екенін түсінетін болады. Сол себептен, мұндай инновациялық жобаларды мектептерге енгізуді қолға алдық, – дейді К.Шәмшидинова.
Күн электр стансасы мектептің стадионына орнатылды. Оның ұзындығы – 73, биіктігі 4 метрге жетеді. Күн батареясының тіректері 13 блокқа бөлініпті. Мұнда спорттық іс-шаралар кезінде көрермендер үшін екі сатылы орындық қойылған. Енді мұндай күн электр стансасының құрылысын Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жүргізу жоспарланып отыр.
Атырау облысы