Өнер • 07 Қазан, 2021

«Астана Балет» алғаш рет Дубай опера сахнасында өнер көрсетеді

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

27-30 қазанда «Астана Балет» театрының Дубайға гастролі өтеді. Дубай опера сахнасында астаналық ұжым өзінің үздік туындылары мен әйгілі қойылымдарын алғаш рет көрсетпекші. Астаналық ұжым Шығыстың көркін аша түскен екі көлемді қойылым – әмбеге аян «Махаббат туралы аңыз» спектаклі мен «Бейбарыс сұлтан» балетін паш етпек, деп жазады Egemen.kz.

«Астана Балет» алғаш рет Дубай опера сахнасында өнер көрсетеді

«Астана Балет» гастроль шымылдығын заманымыздың заңғар хореографы Юрий Григоровичтың Ариф Меликов музыкасына қойылған «Махаббат туралы аңыз» спектаклімен ашады. Спектакль елу жылдан астам уақыт бұрын шығарылғанымен, сюжет желісі, ауқымды декорациялары мен көркемдік биігімен әлі де көрермен қауымды тамсандырып келеді. Мұнда құштарлық пен алғашқы балғын сезім, махаббат пен борыш сезімі арасындағы күрес суреттеледі. «Махаббат туралы аңыз» - әсем хореография мен ғажайып декорациялар, әуезді әуен мен көне парсы аңызы үйлесім тапқан туынды.

Гастрольдік сапардың өзге күндері театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» спектаклі көрсетілмекші. Музыка авторлары – қазақстандық композиторлар Хамит Шаңғалиев пен Әлибек Әлпиев. Тарихи тақырыптағы балет қойылымы туралы идеяны «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры», Бас серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе отырып, жүзеге асырды.

Балет барысында көрермен қауым өткен заманға шомып, Бейбарыс сұлтанның ғажайып өміріне қанық болады. Спектакль мазмұнын ойластырған кезде, хореограф адам баласының жан сырына бойлап, әйгілі «жеңіс атасы», ХIII ғасырдағы Таяу Шығыстағы ең мықты мемлекеттің әміршісіне айналған қолбасшыны қандай мәселелер мазалағаны жайлы ой өрбіткенді құп көрді. Билік шыңына жеткізген осындай өмір белестері сөз жоқ, ұлы мақсат үшін әлденені құрбан етуге мәжбүр етеді. Қиын тағдырына қарамастан, Бейбарыс сұлтан өзінің туған жері – қыпшақ даласына деген іңкәр сезімін жадында сақтап, көңіліне медеу етті. Дала самалы, шығыс әуезінің сарыны мен айқас сахналарының рухты әуендері көрермен қауымды сахнадағы қойылымнан көз алмай, түрлі күй кешіп, алай-дүлей сезімге бөлейді. Бұл қойылымда сюжет иірімдері, әуезді әуен мен түрлі сезім қатпарлары үйлесім тапқан.

Іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, Мәдеиет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.