Әдебиет • 07 Қазан, 2021

Иірсудың иірімі

417 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ көркем ойының бір биігі, қанатты қаламгер, аға-дос Несіпбек Дәутайұлының өмірбаяны мен өнербаянына үңілген сайын оның «Мінез» деп аталатын әңгімесіндегі жазушы Хакімжанның: – «Қанша кітап жазсаң да өмір өз жолымен жүреді», деп қамықты ол. Толстойды айтам да. Адамдардан біртүрлі көңілі қалды. Өз үйінің терезесінен ұрланып қашып шыққанда, өзін бүкіл әлемнен қызғанған тас құйрық қатыны Софья Андреевнадан емес, көрсоқыр қоғамнан безді. Толстой – өзі сомдаған Анна Каренина тағдырының қайғылы жалғасы, аға. Ол да, Абай да, өзін өзі атып салған Хэмингуэй де ішінде өзіміз бар қалың нөпір баяғыдан көнген, әбден мойындап алған, айдауына жүрген көнбіс, көңілшек өмірге ешқашан сыймайтын азабы мен шері мол, шеңбірек атқан шермен­де мінездер» – дейтін жері ойыма орала береді. 

Иірсудың иірімі

Тағы соған жалғасты: – «...Лер­мон­тов­тың түбіне жеткен қыз­ғаншақтық мінез. Бекер обалы қане, Мартынов оған бірне­ше жолы «отпен ойнама» деп ес­керт­ті ғой. Қайтесің, басы тым үл­кен, мойны қылдырықтай, аяғы тал­тақ Лермонтов сұлу, сымбатты Мар­ты­новтың балға жиналатын ақсүйек қыз-келіншектердің алдындағы биік мерейін өлердей қызғанып, солардың көзінше мазақтауын қоймады. Ол кездің еркек­тік өлшемінде дуэл – соңғы да сөзсіз ше­шім болатын. Рас, Лермонтов ұлы ақын. Алайда ұлылықтан да жоғары азаматтық ар-намыс, ар-намыстан от боп ойнап шы­ғатын ойран мінез бар ғой» – дейді Хакімжан кейіпкер.

От боп ойнап шығатын ойран мі­нез... Хакімжан кейіпкер мен қа­зақ­тың қарағайдай жазушысы Не­сіпбек Дәутай­ұлы тұтасып жүре бе­реді оқырман санасында. Шығарма шынайылығын да осы жерден іздеу керек шығар.

Ана бір жылы Несіпбек Дәутай­ұлының «Құдірет пен қасірет» романы жарық көргенде қанаттасы, қатарласы, сараб­дал сыншы Бақыт Сарбалаұлы сүйінші­леп пікір айтып, мақала жазған. Сонда: «Несіпбек – қасиетті Қордай өңірінің перзенті. Сондықтан онда тастың бітімі, тау­­дың мінезі бар. Мен оны оның шы­ғар­маларынан үнемі байқаймын. Мына жаңа романды оқып шыққанда да бұл бірден сезілді. «Ай, мына Досмағанбет – Несіпбектің нақ өзі ғой» – дедім ішімнен. Мен мұ­ны өзіммен талай жыл араласып келе жат­қандықтан, жеке басынан да жүріс-тұрысынан да адамдармен қарым-қатынасынан да қам-қаре­кеттерінен де көріп келемін», деп жазғаны бар еді.

Иә, Несіпбек Дәутайұлын сөз еткен әріптестері, болмаса оқырманы Шерхан Мұртаза ағамыз «Қордайдың қоңыр құл­жасы» атаған жазушы шығармаларын оқуы керек. «Алма ағаштың бұтағы», «Ақ көгершін», «Көк көйлекті келіншек», «Әнім сен едің», «Айғыркісі», «Батыр» тағы басқа кез келген хикаят, әңгімелерін зер салып оқысаңыз «от боп ойнап шы­ғатын ойран мінезді» кейіпкер­ге кезігесіз. Кезігесіз де Несіпбек Дәу­тайұлы дейтін тағдырлы да та­мыр­лы суреткермен жүз­десесіз. Жүз­дескенде ол саған: «Кез келген шынайы суреткер өзін жазады. Өз мені жоқ қаламгер – өлген қаламгер», деп өт­кір жанарын қадап, темекісі­нің түтінін көкке созып тіл қатады.

Болмысы бөлек, табиғаты тылсым, ой орманы оқшау Несіпбек ағамызбен сырласқан, сыйласқан бауырларының бірі едім. Аптасына бірер рет: «Қалайсың, Әке» – деп хабарласып қоятын. Қазақы әңгіме тиегін ақтарыла ағытқанда кәдімгі көр­кем дүние оқып отырғандай әсер­ленуші едім. Сол әңгімелердің дені елдік, бірлік, ауыл, ұлт, руханият төңірегінде екен. Қайтарынан бір күн бұрын Байзақтағы жарылыс туралы әңгімелестік. «Сұрауы ­болар, құзғындардан» – деп сәл налып тұрғандай көрінді.

Кейінгі күндері Несіпбек Дәу­тай­ұлы­­мен арадағы ұзақ жылғы алғаусыз сырлардың, бір көзге кө­рін­бейтін алтын арқаудың негізі болған сағаттар мен секундтар жан дүниемде жаңғырып жүр.

«...Қатар жүрген күндерді сый­ла­йықшы, біреу ерте біреу кеш бір құлайды», деп еді Кәкімбек ағам. Мынау жарық жал­ғанның бар түйіні осы екі жолға сыйып тұр ма, қалай?

Ендеше, әлі талай ұрпақ Несаға­ның көркемдік әлеміне бойлар, кейіпкерлері арқылы жазушымен сан сырласар, қалам­гер болмысынан ғибрат алар.

... – Былай ғой, Ғалым – деді Несіп­бек ағамыз бірде. Мен өзім­нен ауылды көремін. Біз әуелі ауыл мінездіміз ғой. Мен Дулат Иса­бе­­ковтің «Ақырмаштан нау­рызға дейінін», Тынымбай Нұрмағам­бетовтің кез келген әңгімесін, сосын мар­құм Қалдарбек Найманбаевтың «Бәйге­торысын» қайтадан оқығым кеп тұрады. Оқысам ауылыма барып келгендей, ауыл­дағы баяғы аталар мен апаларды, ағалар мен жеңгелерді көргендей жүрек елжіреп, бауыр езілген күй кешемін.

Ауыл – қазақ қаламгерлерінің тағ­дыры. Әдебиетте классика деген ұғым бар ғой. Ақын-жазушы ретінде таныл­ғандар, танылуға таяп қалғандарды бы­лай қойғанда, га­зеттерді жағалап, мақа­лалар сүй­кеп, оқта-текте төрт-бес шумақ өлеңдерін жариялап жүргендер де «Мен осы байқасам, классик екенмін ғой», деп көкіп отырады. Не сонда клас­сика деген? Білмейді.

Классика, меніңше адам, ұлт тағды­рынан туатын ақиқат. Соның көркем көрінісі, терең танымы.

Егер Э.Хэмингуэй «Шал мен те­ңізді» жазса, теңіз оның және ұлты­ның тағдыры. Шығармада сол тағдыр, адамның сол тағдырындағы өмір үшін жан алып, жан беретін тілмен айтып жеткізуі қиын ұлы күресі жатыр.

Ауыл да біз үшін сол сияқты. Мұны қаперге алмай түрлі іздермен эксперимент жасап қоямыз. Бұған қарап жаңа түр, тың мазмұн, бөлек ой айтпа деуге болмайды.

Бұл енді үлкен сұрақ.

Қаламгер жанары бір нүктеге қадалып алған. Қобызша боздап, абызша толғап отыр. Суреткердің көздерінде лезде ой мен мұңның керуені көшіп өткендей мені де бір тұңғиық тарта жөнелді. Қал­тафонымның түймесін сырт еткізіп, арнасына түскен әдемі әңгімені жазып алуға оқталдым. «От боп ойнап шығатын ойран мінез» – мұның не, Әке – деп кіділене қалса қайтем? Серттеспесек те сеніскен ұзақ жылға дос-аға. Сыралғы сұхбаттас.

Енді мен сұраққа көшем:

– Сөйтіп сіз қазақ ауыл мінезді дейсіз, Нес-аға! «Ақ көгершін» по­ве­сіңізде бұл өзі кеңінен әңгіме бол­май ма?

Жұрт ата-бабасынан бермен қа­рай мұра болып келе жатқан ме­кенді тастап кете алмай әбден қина­лады ғой. Сіз сол шығармаңызда тота­литарлық жүйенің қазақы менталитетке түкірмейтінін астарлап айттыңыз.

– Иә, солай. Қайсыбір жылы Шерағаң – Шерхан Мұртазаның менің туған ауылым – Иірсуға бар­ғаны бар. Кенен атама күйеу бала болған жылы ғой. Қордай ауданы­ның сол кездегі әкімі Құрманғали Уәлі екеуміз Шерағаңды Кенен­нің Иірсудағы үйінің орнына апара­йық дедік. Кезінде Кененді іздеп ке­ліп, Жамбыл тәтем де түстенген Иір­су ғой бұл. Кейін Хрущевтің кезінде шағын шаруашылықтар іріленіп, жұрт бір орталыққа көшірілген соң Иірсу иесіз қалған. Бары – үйлердің тегістеліп кеткен орындары. Бірді-екілі ескі қыстау.

– Сол Иірсуға Шерағаңды бас­тап келдік. Иірсу – тау бөктеріне жа­қын басы кең, аяғы тарлауыт жыраны бойлап, ирелеңдеп ағатын жіңішке өзен. Соның жағасында 60-70 түтін от жақ­қан. Кенекеңнің үйі ауыл ортасындағы оймақтай ұлпа саздың жиегіндегі қызыл төбешіктің үстінде болатын.

– Соның орнына отырғызбай­мыз ба, «Әй, қайын атамның орны­на шығып кеткен жоқпын ба?» – дей­ді Шерағаңның көзі алайып.

Ол өзенді біраз бойлап жүріп, айнала төңірекке көз салып көбіне өзімен-өзі болды. Батысқа қарай әйгілі «Ойжайлауға» шығар қас­қа жол жатты қасқайып, Оңтүс­тік­ке қарай Қордай асуының сі­лем­­дері, сонау-сонау төменде ке­зінде қырғыздың Манас жырын­да: «Қордайыңа жол салдым, Көл­қопаңа қол салдым» дейтін ойпаң, солтүстігі – Аңырақай даласына асатын Құлжабасы, Қушоқы таулары, шығысы – Алматыға жетелеп әкететін ұшы-қиыры жоқ ми жазық.

Бұл ми жазық қайсыбір дәуірде Қобы аталатын дейтін Кенекең. Неге Қобы? Қобы деген не сөз? Соны сұ­ра­маппыз.

Шерағаң бәрін сұрап тұр. Түс ауа жазушының туған ауылы Жуа­лыға жүріп кеттік. Екеуміздің езу жи­дырмай алма-кезек айтатын әңгі­меміз көп болушы еді, бұл жолы ша­лың үнсіз. Жол ортадан ауғанда: «Шераға, үндемейсіз ғой» дедім. «Ойлап келем» – деді ол. «Нені?». «Иір­суды. Тәңірі оны бекер иір-иір етіп жаратпаған. Сендер соған ұқсайсыңдар. Сендерде әрі жайлы, әрі сұрапыл бір иірімдер бар».

Әрі қарай індеткені: Жойқын, асығыс өзендерді көп көрдім. Біздің Жуалыда мысалы «Теріс» дейтін өзен бар. Ағысы басқа өзендерге қарсы, тауға қарай. Ал Иірсу өзені сондай бір нәзік. Иірім-иірім. Дәл бір бұралып басып бара жатқан қырғи мүше келіншек іспеттес...

Маңдайы – көз ұшынан тау аса­тын қасқа жол, етегі кең жазира. Кенекең әндері... Кененнің ән­дері асқақ та шексіз кең, сан иірім... Бір кінәздік бар. Сірә, бү­гін­гі Кенен ауылының кешегі ата­мекені – Иірсуда өркениет атаулы, тұрмыстың мәдениеті о баста бол­ған. Ол оның барлық өмір салаларын қамтыған.

Күнкерісін де, өнерін де... Ке­нен әндерінің алабөтендігі – осы мәдениетте... Кез келгеннің тыны­сы жете бермейтін самғау әуез, кілт ты­йылмай иірім-иірім болып кете бе­ретін сұлу саз, кінәз ырғақ... Асқақ. Оқшау. Дара. Дәл Иірсу өңірі өзен бойлап өрілген көш сияқты ауыл іспеттес ана...

Менің ойымша, ауыл – ұлт тұрмы­сының, оның менталитетінің халық­тың ойлау, пайымдау, армандау, қиялдау, сон­дай-ақ азап-шерінің тағдыры, энциклопедиясы. Пейіл-ниеті, мақсат-мүддесінің бәрі осы жерден өріп шығады.

Психологиялық өзгерісі де. Қа­лаға он жеті жасында кеткен, содан ауы­лына оқта-текте соғатын қа­ламгер қанша талантты болса да, өзі­нің бастапқы табиғи тағдырынан айырылып қалғандықтан ауыл, оның адам­дары жайлы ақиқат шы­ғарма немесе мақала жаза алмайды.

– Нәке, анау Жюль Верн өмірі теңізді көрмесе де теңіз асты әлемін суреттеп керемет өлмес шығармалар жазған ғой.

– Дұрыс айтасың. Оныкі ұлы түй­сік, таланты тудырған ғажайып қиял. Ауыл теңіздің асты емес, қазақ қаламгерлері Жюль Верн емес қой.

Тағы бір ақиқатымды айтсам, мен ешкімді ешқашан бөле жарған кезім жоқ. Менің Кенен ауылым мені осылай тәрбиеледі. Мен кешегі Кененге арнайы сәлем беру үшін Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сияқты талай-талай алыптар келген ауылда өстім. Мен ең соңғы шайқасы Қордайда болған қазақтың соңғы қаһарман ханы Кенесарының ұлт­тың азаттығы үшін жан пида еткен ұлы ерлігіне тәнті болып, оған мақтанып әрі намысына өртеніп ес жидым. Жамбыл тәтеңді исі қазақ әлпештеп жүзге, Кенен атаңды тоқ­санға жеткізді. Ұлы жүз емес, исі қазақ! Исі қазақсыз ұлттың ұшпаққа шығуы неғайбыл, исі қазақ билігін де ел-жұртын да бірдей алып қарап, бірдей құрметтеп, бірдей қолдап, сүйейтін сәт туды.

Исі қазақтың ХХ ғасырының рухани әлемі берген екі ерен тұлға – ұлы Абай мен заңғар Олжасы­ның жасампаздығын жаһанға жайып ­отыратын кезең мынау.

Жаңа көзқарастардың алға шы­ғатын мезгілі жетті.

Осы жерден әңгімеміз кілт үзіл­ген. Қазақтың ғажайып суреткері Несіпбек Дәутайұлы темекісін құ­шыр­лана сорды. Бір нүктеге қа­далған көзі темекі тұманы сейілсе сол нүк­тенің өзін жұтып қоярдай. Те­мекі тұқылымен бірге аға-достың ғұ­мыры қысқарып бара жатқанын ойлап­пын ба ол кезде...

 

* * *

Енді аяқталмаған сұбхат-сырдың жал­ғасын оның кейіпкерлері айтатын болады.

Ендеше, «Мінез» әңгімесіндегі Хакім­жан жазушыны тағы бір тың­дайық: – «Көрінген көген көз, көр көкірек ойлап жүргендей, талант дегеніміз – талғамсыз, тынымсыз жаза беру екен ғой деп пайымдаса, дүниені жабағы жүні түспеген, жадау-жадау сөздер мен ойран-ботқа ойлардың жазгерлері жауып қалады. Солай болып та жатыр қазір.

Қалбалақ қаңбақтарды қан­кө­белек ойнатып, қарасын батырып, қаңғытып жіберетін қатты бір дауыл керек-ау. Мұн­дай қарғаны қана­тынан сигізетін қа­һарлы мінез қай тұста, қалайша қаң­тарылып тұр».

Кейіпкердің монологынан Дәу­тай­ұлына ғана тән мінезді та­ны­дым. Жазушы бақыты сонда. Қазақ­станның еңбек сіңір­ген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы деп ресми тізбелемей-ақ, оның кез келген шығармасы заманымыздың сирек суреткері – Несіпбек Дәутайұлы екенін өзі айтып тұрады.

... Иірім-иірім Иірсу өзені. Кемел жайлау.

Кенен ән. Киелі су. Иірсудың иініне оқта-текте қонатын қараша қаздар биыл ертерек ұшып кеткендей ме?

Иірсудың иірімі...

 

Ғалым Жайлыбай,

ақын, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері