Қоғам • 08 Қазан, 2021

Уақыт сынынан өткен сыйластық

384 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жәнібек ауданының тұрғындары кеңес заманында да, қазіргі кезде де кейбір тұрмыстық мәселелерін Ресейдің көршілес Волгоград, Астрахань және Саратов облыстары арқылы шешіп келеді. Бұлай болатын жөні де бар. Өйткені облыс орталығы Орал қаласы Жәнібектен 500 километр қашықтықта орналасса, Ресейдің көршілес Палласовка ауданы тиіп тұр. Сондықтан екі арада ежелден алыс-беріс, барыс-келіс жиі болып, тату көршілік қарым-қатынастар тамырын тереңге жайды. Сонымен бірге шаруашылық және мәдени байланыстар да өте жақсы дамыған.

Уақыт сынынан өткен сыйластық

Қазақстан мен Ресей өз алдына дербес мем­лекеттер атанғаннан кейін де ше­­к­аралас аудандар арасындағы дәс­түр­­лі байланыстардың тіні тарқа­май, көр­­­ші­лес тараптар бір-біріне бұрын­ғы­­ша кө­мегі мен қолдауын көрсетіп келеді.

Жәнібек ауданы мен Ресейдің Палласов­ка, Старая Полтавка, Питер және Новоузень секілді іргелі елді ме­кен­дері арасындағы ежелгі тату көр­ші­лік бай­ланыстар  әлі күнге жалға­сып келе жатқаны – сүйінішті жайт. Екі жақ­тың тұрғындары ағайыншылық, құда-жек­жаттық жолмен де матасып жа­тыр. Осы өңірге барған  сапары­мыз­да бір ел ағасы айтқан сөз еске түсе­ді. «Палласовкадағы ағайын­ның қо­йына қасқыр шапса, оны Жәні­бек­тегі ауыл ертесіне естиді. Ал Жәні­бек­тегі ауыл­дың сүті іріп кетсе, Палла­сов­­каға иісі келеді», деп күлдіріп еді ол. Терең де астарлы сөз. Көрші елдер­дің әлеуметтік-экономикалық ынты­мақ­тастығы да қарапайым адам­дар­дың өзара байланысынан бастау алатын­дығы анық. Тұтастай алғанда, бүкіл рес­пуб­ликамыз үшін үлкен сынақ бол­ған тә­уел­сіздіктің алғашқы жылдарында ше­каралас өңірге ресейлік көрші­лері­міздің біраз көмегі тиген болатын. 

Жәнібек ауданы – өзен-көлі жоқ, жер асты тұщы су көздері тапшы өңір. Мұнда кеңестік кезеңде де ауыз су мәселесі өте күрделі күйінде тұрды. Ал еге­мен­діктің алғашқы жылдарында бұл мәселе тіпті ушығып, суды өз аума­ғы­мыздан тауып іше алмайтын шара­сыз күйге жеттік. Жәнібектіктер ауыз су­ды теміржол арқылы Астрахань облы­сы­ның Ахтуба кентінен тасып ішті. Сол кезде «Судың да сұрауы бар ғой» де­ме­ген ресейлік көршілеріне олар өте риза.

Жәнібек ауылында су айдайтын мұ­нара бар. Пойызбен жеткізілген цис­тер­на­дағы ауыз суды осында әкеліп құя­­ды. Содан соң әр үйге таратылады. Жә­ні­­бектегі темір жол стансасы Ре­сей­­дің Приволжье темір жолына қа­рай­­ды. О баста темір жолмен су тасы­мал­дау ісі Жәнібектегі Ресей темір жо­­лын­да істейтін қызметкерлер үшін пайдаланылса, кейін бұл шаруа барлық тұрғындарға қатысты жүргізіле бастады.

Кейін Орда топтық су құбыры тар­тылып, пайдалануға берілгеннен кейін аудандағы ауыз су проблема­сы толық шешімін тапты. Бұл кезең тәуелсіз­діктің алғашқы бес жылдығына тұс­па-тұс келді. Мұны шын мәнінде тәуел­сіздіктің  жемісі деуге болады.

Әрине, тек ауыз су мәселесін шешумен бүкіл іс бітпегені белгілі. Жәнібек секілді жартылай шөлейт аймақта мал суару мен екпе шөптер өсіруге, тағы басқа техникалық қажеттіліктерді өтеуге қажетті су мәселесі  Жәнібек суару-суландыру жүйесіне (ЖССЖ) қатыс­ты туындады. Оның бойында ұзын­дығы 600 километрге созыла­тын канал қазылған. ЖССЖ-ның мүм­кін­дігі өте мол екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Су айдау үшін әр жүз километр сайын бір сорғы қойылған. Соның көмегімен әр секунд сайын 7 текше метр су айдалады.

Бұл – Еділдің суы. Ресейдің Волго­град облысынан келеді. Содан кейін жергілікті су мамандары оны Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандары пайдалануы үшін сорғылардың күшімен көтеріп, суландыру алқаптарына жеткізеді. Сол кезде мал да, жер де Еділдің суына қарық болып қалады. Сөйтіп тіршілік нәрі Бөкей орда ауданына қарасты Мұратсай ауылының тұсына жетеді. Сол жерде бір кезде мың гектар суармалы екпе шөп алқабы болды. Осындай істер орасан зор энергия қуатын пайдалануды талап етті.

– Оның кілті бізде емес, ресейлік көршілеріміздің қолында еді. Бір кезде біз оларға энергетикалық қуат көздері бойынша тәуелді едік. Уақыт өткен сайын жағдай ширығып, көршілерге әжептәуір үлкен сомада қарыз болып қалдық. Обалы не керек, ресейліктер түсіністік таныта білді. Қалай дегенмен де қиын кезеңде Жәнібек суару-суландыру жүйесінің қызметін тоқтатпай, сақтап қалғанымыз үлкен жетістік деп білемін. Осы ЖССЖ әлі күнге дейін ел игілігіне қызмет істеп келе жатқаны да біз үшін бір мәртебе, – дейді сол тұста Жәнібек ауданының әкімі қызметін атқарған Максим Хасанов.

Жәнібек ауданының орталығына газ құбыры 1999 жылы тартылды. Оған дейін ауыл тұрғындары қи мен көмір жағып қиналушы еді. Адам жақсыға тез үйренеді ғой. Қазір соның бәрі ұмытылып барады.

Жәнібек кеңестік кезеңде қала үлгісіндегі кент мәртебесін иеленіп, тұрғындардың саны 10 мыңнан асып түскен. Мұнда үш орта мектеп, кәсіп­тік-техникалық училище және оның интернаты, жүз орындық аурухана, тағы басқа іргелі кәсіпорындар мен мекемелер қоныс тепті. Бұл ғимараттардың бәрін жазы салқын, қысы қатқыл Жәнібек өңірі жағдайында көмірмен жылыту оңайға түскен жоқ. Әйтеуір, пойыз қатынасы жүріп тұрғанда мектеп пен аурухана ғимараттарын жы­лы­туға қажетті қатты отын қоры молы­нан жасалып алынды. Көмірдің он­сыз да қымбат баға­сы тасымалдау құны қосылған кезде тіптен шарықтап кету­ші еді. Дегенмен жергілікті халық со­ның бәріне шыдап, төзімділік таныт­ты. Сөйтіп жүргенде 1999 жылы «көгіл­дір отын» келіп, тұрмыс түзелді. Шал­ғайдағы аудан үшін бұл орындалуы мүмкін еместей қиын іс еді. Мұ­ны да тәуелсіздіктің нәтижесінде тынды­рылған үлкен жоба деп санаймыз.

Ойымызға сонау 1995 жылы Жәні­бек ауданына журналистік іссапар­мен барып, «Егемен Қазақстан» газеті­не «Жер – қазақтікі, темір жол –  Ресей­дікі»  деген проблемалық мақала жазғанымыз оралып отыр. Міне, содан бері арада ширек ғасырдан астам уақыт өте шығыпты. Тәуелсіздік жыл­дары талай күрделі проблема шеші­мін тапқанымен, ойға алған мақ­сатымыз­дың бәрі бірдей орында­ла қоймағаны да шындық. Соның бірі – Жәнібек ауылы арқылы өтетін жо­лау­­­шылар мен жүк пойыздарының мәсе­­лесі. Олар Жәнібек стансасына тоқ­та­­май, жүйткіп өте шығатыны БАҚ-та талай рет айтылып, жазылып жүр. Бірақ одан еш нәтиже шықпай келеді.       

Өмір бойы көп шаруасын темір жол арқылы тындырып келген аудан тұр­ғын­­дары үшін бұл – өте өкінішті жайт. Мұ­ның басты себебі – Жәнібек стан­са­сында темір жол қозғалысын бақы­лай­тын қазақстандық кеден және шека­ра бекеттері құрылмағандығында.  Мем­­лекетаралық келісімдер бойынша по­йыз­­дардың тоқтауы үшін темір жол пер­роны мен кеден, шекара бекеті аума­ғы қор­шалып, жолаушыларды тексеру­ден өткізуге барлық жағдай жасалуы қажет. 

Бұл мәселені жергілікті тұрғындар талай рет көтеріп, жоғары жаққа хат арқылы жолдаған екен. Бір жолы хат ие­леріне мүдделі ведомство басшысы та­рапынан: «Шекаралас өңірлердің бәрі­не темір жол бағыттары бойынша ке­ден және шекара қызметі бөлім­ше­ле­рін құруға мүмкіндік жоқ. Екін­шіден, бұл мәселе ресейлік тарап жағы­нан да осындай қадамдар болған жағ­дай­да ғана жүзеге асады», деген жауап ке­ліп­ті. Шынында да, бұл пробле­ма Қазақ­стан мен Ресей арасында жаса­ла­­тын мем­лекетаралық келісім арқы­лы шеші­лу­ге тиіс. Жәнібектіктер өздері­нің осы үлкен мұқтаждығы алдағы уа­қыт­та Қа­зақ­стан мен Ресейдің ше­кара­лық өңір­­лері арасындағы дәстүрлі ын­ты­мақтас­тық форумында сөз болып, оң ше­шімін тауып қалар деп үміттеніп отыр.