Спорт • 08 Қазан, 2021

Желаяқ Жұмаділовтің жетістіктері

239 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жырақта жүрсе де, қазақтың атын шығарып, мерейін үстем еткен азаматтар арамызда аз емес. Солардың бірі – ардагер спортшы, көптеген халықаралық жарыста жеңіс тұғырына көтерілген танымал желаяқ Валерий Жұмаділов. Ол Ресейде туып-өскенімен, өзінің саналы ғұмырын Балтық жағалауында өткізді. Қазіргі кезде қандасымыз Эстонияның астанасы – Таллинде тұрып жатыр.

Желаяқ Жұмаділовтің жетістіктері

Бүгінгі кейіпкеріміздің ата-бабалары бағзы заманнан бері қазіргі Шығыс Қазақстан облысы аумағын мекен еткен. Қытаймен шекаралас өңірде орналасқан Зайсан көлінің жағалауында сол әулеттің ұрпақтары күні бүгінге дейін ғұмыр кешуде. Әкесі Еркеш өткен ғасырдың 50-жылдардың аяғында Семейдегі Темір жол техникумын тәмамдағаннан кейін Ресейге аттанып, сол жақта ұзақ жылдар өз мамандығы бойынша еңбек етті. Қызмет бабымен көршілес республиканың біраз қиырын шарлады. Сондай сапарларының бірінде болашақ жары Римма Павловнамен жолықты. Жұбы жарасқан жастар көп ұзамай шаңырақ көтеріп, тату-тәтті ғұмыр кешті. Валерийдің өзі 1961 жылдың 21 тамызында Смоленск қаласында дүниеге келді. Десек те оның балалық шағы Краснодар өлкесінде өтті.

Бала кезінен зерек болып өскен Вале­рий орта мектепті аяқтағаннан кейін Мәскеуге аттанып, Энергетика институтына оқуға түседі. Білім нәрімен сусын­дап жүргенінде Қарулы күштер қата­рына шақырылады. Отан алдындағы аза­маттық борышын ол Солтүстік флотта өтейді. Кейіннен Киевтегі әскери-теңіз учили­щесіне ауысып, аталған оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдайды. Сөйтіп лейтенант шенін алған Жұмаділов Балтық теңі­зінен бір-ақ шығады. Бұл – 1985 жыл еді...

Кейіпкеріміздің жеңіл атлетикаға ке­луінің өзі де – бір қызық оқиға. Осы жайын­да Валерий Еркешұлының өзі былай деп әңгімелейді: Жалпы, тоқсаныншы жылдардың басы өте қызықты кезең еді. Бұрындары өмірі көрмеген көптеген технология мен заттар, қызықты нәрселер пайда болды. Соның арқасында жаңа мүмкіндіктер ашылды. Дәл сол тұста мен психологиялық кітаптарға құмартып, бірінен кейін бірін оқыдым. Ара-тұра ораз­а ұстап, йогамен шұғылдандым. Таңертең жүгіріп, темір-терсек көтеруді әдетке айналдырдым. Әскери қызметтен кеткен соң қайта Таллинге оралдым. Ұлым 8 жас­қа толғанда каратэге апардым. Уақыт өт­кізу үшін жақын маңдағы спортзалға бас сұғып, жаттығуымды жалғастырдым. Бірте-бірте қызығушылығым артып, жеңіл атлетикаға мықтап ден қойдым. 15 жыл бойы фитнес­пен айналысуым менің осы спорт түріне тез-ақ бейімделуіме үлкен септігін тигізді».

Асқаралы 60 жастан асқан Валерий Жұмаділов 35 жыл бойы Эстонияның бас шаһары – Таллинде тұрды. Спортты өмірлік серігіне айналдырған ол көптеген аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, сан мәрте рекордтық көр­сеткіштерге қол жеткізді. Әсіресе қыс­қа қашықтыққа жүгірудегі жетістіктері толағай. Қандасымыз 50-55 жастағы жеңіл атлеттер арасында Балтық жағалауы ел­дері біріншілігінің жеңімпазы атанып қана қоймай, Ресей мен Беларусьте өткен Masters деңгейіндегі додаларда дара шықты. 2018 жылы Мадридте ұйым­дас­тырылған Еуропа чемпионатында күміс медаль алса, әлем чемпионатының финалында бақ сынау құрметіне ие болды. Спринтерлік қашықтықта тоғыз мәрте ұлттық рекордты жаңартты. Басқа да бір­қатар байрақты бәсекеде мол олжа­ға кенеліп, қалың көрерменнің ыстық ықы­ласына бөленді.

Көпшілік Валерий Еркешұлын мықты спортшы ғана емес, белді блогер ретінде де жақсы таниды. Шынтуайтына келгенде, ағамыз 50 жастан асқан шағында ғана үлкен спортқа мықтап ден қойған екен. Соған қарамастан, өзінің жанкештілігі мен мақсаткерлігі, өжеттігі мен табан­дылығының арқасында бірқатар биік бе­лесті бағындырды. Ал қысқа ғана мерзім ара­лығында осындай сүбелі табыстарға қол жеткізуге бола ма? Оның сыры мен құпиясы неде? Міне, осы жайттар жайын­да жамағатпен ой бөлісуді жөн көрген Жұмаділов түрлі бейнероликтер түсіріп, оны әлеуметтік желі арқылы көпшілікке таратты. Қазіргі кезде ардагер спортшы 120 килолық штанганы 5 рет көтереді, 100 рет отжимания жасап, 20 рет білтемірге тартылады. Жасы алпыстан асқан адамдар үшін бұл өте жақсы көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Үздіксіз еңбектің нәтижесінде оның бейнеблогы қазіргі кезде жүздеген мың көрермен жинап отыр. Ол жерде жеңіл атлетиканың қыр-сыры, жат­тығу жүйесі, жүгіру техникасы, дене күшін арттыру, дұрыс тамақтану, фитнес­тің адам ағзасына пайдасы және тағы басқа танымдық дүниелер жариялануда.

Жат елде тұрса да, жүрегі қазақ деп соғатын қандасымыздың көптен бергі арманы Қазақстанның туы астында өнер көрсету еді. Ақыры бұл жоспары да жүзеге асты. 2020 жылдан бері кейіпкеріміз дүбірлі додаларда Қазақ елі намысын қорғауда. Бұл ретте де ол несібесіз емес. Бұл күндері Валерий аға 60 жастағылар (Masters 60) арасын­дағы түрлі жарыстарға қатысуда. Атап айтсақ, 2021 жылдың көктемінде Жұма­ділов Польшаның Торунь қаласында ұйым­дастырылған чемпионатта бақ сынады. 60 метрді 8,05 және 200 метрді 26,12 секундта жүгіріп өткен қандасымыз екі қашықтық бойынша да жеңімпаз атанды. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасының рекордын жаңартты.

Қазіргі кезде Валерий Жұмаділов Қазақстанда жеңіл атлетиканы, оның ішінде ардагерлер арасындағы жарыс­тарды кеңінен насихаттауда. Мәселен, ағамыз өзінің 60 жылдық мерейтойын тек спорттық жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар 2021 жылдың 28-29 тамызында Қазақстанның Павлодар қаласында бірінші рет шеберлер санаты бойынша бөлек чемпионаттың өтуіне мұрындық болды. Біздің елде мұндай жарыстар бұрын 35 жастан асқан спортшылар арасында өткізілгенімен, тұтастай чемпионат ұйымдастыруға ешкімнің мойны жар бермеген еді.

– 2016 жылы мен Аустралияда өткен әлем чемпионатына қатыстым. Жасыл құрлыққа жеткенде Салтанат Түйтебаев есімді өзім секілді ардагермен таныс­тым. Жат ел ғой, екеуміз бір-бірімізге әбден бауыр басып қалдық. Бірге жүрдік, біраз әңгімелестік, сырластық. Қария Қазақстаннан жалғыз өзі ғана келіпті. Басқа спортшылар алыс сапарға шығуға қаражат таба алмаған. Оның үстіне Қазақ елінде ардагерлер спортына деген қамқорлық кемшін көрінеді. Осы жайттан құлағдар болып, көңілім қатты құлазыды. Өйткені айтулы жарыста бар-жоғы 1 млн 300 мың халқы бар шағын ғана Эстониядан 20 жеңіл атлет өнер көрсетті. Шыны керек, осы жағынан алғанда олардың көші әлдеқайда ілгері. Ең бастысы, эстониялықтардың материалдық-техникалық базасы жақсы. Мектептегі шағын алаңдарды есептемегенде, Таллиннің өзінде ғана 450 мың тұрғынның қажеттілігін өтеп отырған үш заманауи жеңіл атлетика кешені және бес жаңа стадион бар. Қалашықтар, шағын қалалар, тіпті ауылдарда көптеген нысан іске қосылған. Ол жерлерде жеңіл атлетикамен алаңсыз айналысуға еш кедергі жоқ. Осы жайттың барлығын ой елегінен өткізе келе, мен Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту үшін шама-жарқым жеткенше еңбек етуге белді бекем будым. Негізі жаяу жүріс, жүгіру, кросс, фитнес, жеңіл атлетика секілді спорт түрлері жас талғамайды. Есесіне, күнделікті жаттығулардың адамның денсаулығын жақсартып, ағзасын нығайту үшін берері мол. Баршамыз соны санамызға сіңірсек, көп нәрсе ұтамыз, – дейді Валерий Еркешұлы.

Міне, Балтық жағалауында тұрып жатқан 60 жастағы азамат бізге осындай ой салды. Құптарлық-ақ іс екен. Жұмаділовтің айтуынша, Батыс Еуропада бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында 1975 жылдан бері ардагерлер арасында түрлі санаттағы чемпионаттар үздіксіз ұйымдастырылып келеді екен. Басқа да өркениетті мемлекеттерде бұл үрдіс мықтап қолға алынған. Батыстың тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанда да ардагерлер спортын жандандыру қажет. Олай болса, Валерий Еркешұлының бастамасын ел болып, жұрт болып қолдағанымыз абзал.