Аймақтар • 12 Қазан, 2021

Электронды билет сынақтан өте ала ма?

395 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы қоғамдық көліктер электронды жолақы жүйесіне ауы­сып, қазір жоба сынақ жүзінде жүргізілуде. Бірақ осы сынақтың әлі бі­тер түрі жоқ.

Электронды билет сынақтан өте ала ма?

Еліміздегі автобустарда электронды билет жүйесін қолдану Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты мегаполистерде, одан әрі қарай Түркістан, Ақтау, Ақтөбе, Семей қалаларында жүзеге асырылды. Үкімет басшысы Асқар Мамин былтыр қараша айында басқа да облыстарды осы жүйеге көшіру туралы тапсырма берген-ді.

Жобаны жүзеге асырудың алғашқы ке­зіндегі қиындықтар, сынақтар жаңа жүйенің бірте-бірте күнделікті қол­данысқа енуіне кедергі бола алмады. Автобус карталарымен төлеу, сара­лан­ған тариф негізінде жолақысын өтеу бір ізге келтірілді. Жолаушылар бұ­рынғыдай ұсақ тиын алып жүрудің қа­жеті жоғын түсіне бастады. Ең алдымен тұрғындардың жаңашылдықты түсініп, қолдағаны қажет. Жол жүру картасына айына бір рет ақша салып, жүре бересіз. Жолаушы картаны құрылғыға басқан кезде жасыл нүкте жанып, жолақы алынады.

Қазір облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасында жаңа жүйені ен­гізуге дайындық жұ­мыс­та­ры жүр­гі­зілуде. Екібастұз қала­сында да элек­­тронды төлем жасау жұмыстары жү­йе­лі жүргізіліп жатыр. Автобус кон­дук­тор­ларының барлығы мобильді, стационарлы валидатор арқылы жолақы қабылдайды. Ал облыс орталығындағы қоғамдық көлік кондукторларының басым бөлігі мобильді валидаторды пайдалануда. Сонымен бірге қалалық трамвай басқармасында интервал сақ­тау, картамен төлеуде қиындық жоқ. Ал жалпы қоғамдық көліктер – трамвай мен автобустарда қажетті құрылғылар орнатылуда. Қалай қолдану қажеттігі екі тілде түсінікті жазылған. Әлеуметтік жеңілдік қарастырылған, қызметтік және қарапайым, түсі әртүрлі карталар бар. Қоғамдық көлікті жиі пайдаланатындар үшін қосымша бонустар болуы мүмкін. Тарифтік кесте сақталады. Ал­ғашқы кезде қалада қолданылатын бар­лық тариф қолжетімді болады. Ал жүйе іске қосылғаннан кейін сараланған тариф енгізу жоспарлануда. Картамен төлеу тиынмен төлегенге қарағанда арзан. Жаңа жүйе жолаушылар туралы мәліметтерді саралап, қандай ба­ғыттағы маршруттар сұранысқа ие, қай­сысын оңтайландыруға бола­ты­нын анықтай алады. Сонымен қатар ва­лидаторлар жолақы төлеуді ашық жүргізуге көмектеседі. Мысалы, көлік ком­паниясын субсидиялау қажет болса, әкімдіктер нақты жағдайды жүйе арқылы көре алады. Көлік ком­паниясының иесі күніне 1 мың жолаушыны тасы­­мал­дағанын жеткізсе, құрылғы 100 адам­ның өткенін көрсетіп береді. Бірақ мәсе­ле­нің мәнісіне келсек, әлі де автобус жүргізушілері, кон­­дукторлар мен кейбір жолаушылар жаңашылдықтың енгізілуін құп­та­майтын көрінеді. Олар жаңа жоба енгізілсе, табыс азайып қалады деп күдіктенеді.

Қоғамда қызу талқыға түсетін бір­ден-бір тақырып – электронды билет пен дифференциалды тариф мәселесі. Облыс орталығындағы «Смарт Ав­то­бус ПВ», BPC Kazakhstan ком­па­ниясының O-CITY жобалары жетекшілерінің бірі Т.Тоқтағановтың айтуынша, жо­ба­ның мақсатына сай жаңа жүйе, қо­ғам­дық көліктердің жүру интервалы, олардың үздіксіз жаңаруы жүр­гізушілер мен кондукторлардың са­­па­лы қызмет көрсетуіне қажет. Және де әкімдіктерге жолаушылар ағы­­нын анықтап, тұрғындарды тасы­мал­­­дай­тын кәсіпорындарға берілуі тиіс субсидия мен өтемақы көлемін бел­гі­леу­ге мүмкіндік береді. Мысалы, облыс орталығында 16 әлеуметтік санат өкіл­де­рі қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүре алады. Ал автобус, шағын автобус пен трамвай арқылы нақты қанша адам тасымалданатыны белгісіз.

– Біздің міндет – электронды билет арқылы жолаушылар есебін жүргізіп, алынған мәліметтерді билік пен тасымалдаушы компанияларға ұсыну. Әкімдік пен кәсіпорын басшылығы арнайы мобильді қосымша арқылы бақылай алады. Жолаушылардың би­лет­ті қандай жолмен төлегені жүйеде көрсетіледі. Жеңілдікпен жүретін адамдар саны анықталған соң белгілі бір бағыттарға әлеуметтік маңыз беріледі. Содан соң олар субсидия мен өтемақы ала алады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар бұл бастаманы қолдайды, – дейді Т.Тоқтағанов.

Ендігі бір мәселе – дифференциал­ды тариф енгізу. Жақында облыс орта­лы­ғының тұрғындарымен әлеумет­тік желідегі тікелей эфир арқылы қала әкімі Асайын Байханов тиын арқылы төлем жасайтын тұрғындар 150 теңге төлеуге мін­деттелуі мүмкін деді. Банк және авто­­бус карталарының иелері электронды түрде 80 теңге аударады.

– Дифференциалды тариф – тұтыну­шы­лардың құқығын шектеу емес. Оларға қолма-қол ақшамен немесе кар­тамен төлеу мүмкіндігі беріледі. Авто­бус картасы болмаса, 75 теңге төлейді, – деді Т.Тоқтағанов.

Яғни сараланған тарифтің тиімділігі жолақыны электронды түрде өтеуге ық­пал етеді. Электронды билеттеу жү­йесі қарапайым және толық дербес­тен­дірілген тариф делінеді. Бұл – өзіне-өзі қызмет көрсету қағидаты бойынша жол жүрудің цифрлы төлемі. Қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін қазіргі би­леттеу жүйелері – қолданыстағы та­лап­тарға енді сай келмейді деген сөз. Облыс орталығына ара-тұра ауылдан келіп, қоғамдық көлікпен қатынайтын тұр­ғындарға да автобус картасын алуға кеңес береді.

Жалпы, облыс орталығында электронды билет жүйесі саласында екі оператор болса, бұл ретте, біріншіден, тұрғындарға бірнеше төлем құралын сатып алу тиімді емес. Екіншіден, әр­түрлі опе­раторлардан мәлімет жинау жер­гі­лікті билікке ыңғайсыздық тудыруы ық­тимал, – дейді O-CITY жобасының жетекшісі.

Ал экономист Сәуле Құнияз­бек­о­ва­ның айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған электронды билеттеу жобасы – дифференциалды тарифке негізделген жүйе. Егер электронды билеттеу жүйесі ен­гі­зілсе, онда тариф те диф­ферен­ция­ланады. Сондықтан облыс орта­лы­ғында электрондық билеттеу жүйесі жұ­мыс істеуі үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ла­рындағыдай сараланған тариф керек.

Тағы бір мәселе – электронды би­лет­теуден бұрын ескірген, жүруге кел­мейтін, тұрғындарға қолайсыз қоғам­дық көліктерді бағыттардан алу мәселесі тұр. Автобус аялдамалары да әбден тозған. Жоба бойынша алдағы жылдары тұрғындар қоршаған ортаға зияны көп ескі автобустармен жүрмейді. Сондықтан қоғамдық көліктердің тасымалдау модернизациясы мен цифр­лануы қажет. Бұл – автобустарды жа­ңар­ту, жаңа бағыттар ашу, көшелерді жөндеу, қалалықтар үшін электронды қарым-қатынас механизмдерін жұмыс істету деген сөз. Қоғамның, қарапайым халықтың, қаланың инфрақұрылымдық талаптарына сай болса ғана, электронды билеттендіру жобасы жүзеге асырылатыны белгілі.

– Қазір автобус парктері  жеке­мен­шік иелігінде. Қоғамдық көліктерді жөндеу, жаңарту жұмыстары тасымалдаушылар есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан электронды билеттеу жүйесі заң жүзінде қоғамдық көліктерді сатып алу немесе жөндеу жұмыстарына арналған субсидия бөлуді анықтау үшін қажет. Осы жүйе негізінде тасымалдаушылар несие алуға да өтінім бере алады, – дейді С.Құниязова.

Ал облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесі әлі де өзекті. Бірінші кезекте бұл барлық автобустың ескірген жай-күйі, қызмет көрсету сапасы, бил­борд­тардың көшелерді жауып кетуі, қо­ғамдық көліктің жетіспеушілігі, кү­тімсіз аялдамалар мәселелері деуге болады.