Аймақтар • 12 Қазан, 2021

Алаш қозғалысына арналған жиын

493 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстік Қазақстанға қыр­күйектің аяғында түскен боз­қырау мен қара суық халықты бірден үрпитіп жіберген.

Алаш қозғалысына арналған жиын

Осы күн­дері кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаевтың қатысуымен құрылған ұйым­дастыру тобы да 9-10 қазанға белгіленген Әлти Барлыбаев пен оның аға-інілеріне арналған кесененің ашылуын және осыған байланысты ұйымдастырылмақшы ат спорты ойындарының, сонымен қатар аудан орталығы Преснов (Кіпитан) ауылында өтуге тиісті «Солтүстік Қазақстан және Алаш» атты халықаралық ғылыми-практикалық кон­ференцияның өтуіне ауа райы кедергі жасамаса екен деп қатты қобалжыған еді. Бірақ соңғы күндері мизамшуақ болып, табиғат ана жайылып, 14-15 градустық қоңыржайын төгіп салды.

Алаш қозғалысының қазақтан шыққан алғашқы миллионерлердің бірі Әлти Барлыбаевқа қандай қаты­сы бар деген сұрақ оқырмандарды мазалауы мүмкін. Бұл екеуінің тіке­лей қатысы бар. 1918 жылғы жазда Алашорда билігі қазақтан әскер жинап, оны милиция деп атап, жер-жаһанды жайпап келе жатқан большевиктерге қарсы әрекет етуді мақ­сат етіп, ел ағаларының қолдауы­мен дәл осы Әлти миллионердің қыс­тауында үлкен жиын өткізген. Оған Алаш идеологы Міржақып Дулатов бастаған жүздеген партия бел­сенділері қатысқан. Форумды ұйым­дастырушылардың қатарында Ақ­қусақ болысының бастығы, Алаш партиясының мүшесі Сәдуақас Әлти­ұлы, белгілі алашшылар Абы­лай Ра­мазанов, Қази Торсанов және т.б. бол­ған. Ұзын қатарға екі жақтан тұрған салт аттылар Мағжан шығарған «Арғы атам ер Түрік, Біз қазақ еліміз» деп басталатын Алаш гимнін шырқап, 20-30 пәуескемен келген алашордалық азаматтарды салтанатпен қарсы алған.

Алашордалықтардың сыртқы ­жау­­ға қарсы және ішкі тәртіпті орна­туға қол күші ретінде әскер жинамақ болғаны – елдің рухын көтеріп, өз алдына ту тіккен халықтың өз билігін өз қолына алуының нақты қадамы болатын. Ел болуға талпынған осындай іс-әрекеттері үшін олар қуғын-сүргінге ұшырады, атылды, айдалды, ұзақ жылдар бойы есімдерін атауға да рұқсат етілмеді. Озық идеяларын айтудың, еске алудың өзіне тыйым салынды. Әлти қажының ұрпақ­тары да қудаланып, елге жолай алмай, қа­шып-пысып жүруге мәжбүр болды.

Міне, сондықтан да бұрын ешқа­шан арнайы құрмет көрсетілмеген, ресми түрде еске алынбаған Алаш форумының 103 жылдығын атап өту облыс қана емес республикалық маңызы бар шара екені айдан анық.

Сонымен... Қызылжардан таңғы жетіде шыққан жүз шақты жеңіл машиналы салқар көш Жамбыл ауда­нына бет алды. Бұл өңірдің маңыз­дылығын республика халқы жақ­сы біледі. Қожаберген жырау, Сегіз Сері, Тоқсан би, Есеней мен Ұлпан, Сексен батыр, бертін Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, Иван Шухов бәрі осы топырақта дү­ниеге келген.

Көш құрамында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жө­ніндегі Мемлекеттік комиссия­ның құрылуы­на тікелей мұрындық бол­ған атақты тұлға Сабыр Қасы­мов, респу­б­лика­лық ардагерлер ке­ңесі төрағасының орынбасары, та­рихшы Өмірзақ Озғанбаев, генерал-лейтенант Абай Тасбола­тов, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жан­дарбек Мәлібекұлы, филолог ғалым Серік Негимов, композитор Жо­ламен Тұр­­сынбаев, алаштанушы акаде­мик Дихан Қамза­бекұлы, тарих ғылымының докто­ры Бүркітбай Аяған, Мемлекет тари­хы институтының директоры Еркін Әбіл, Ш.Уәлиханов атын­дағы та­рих және этнология инс­титу­тының ­ди­ректоры Зиябек Қа­былдинов, «Алаш» ғылыми-зерт­теу институтының ­ди­рек­­торы Сұлтан-Хан Аққұлұлы сияқ­­­ты елі­мізге бел­гілі қайраткерлер болды.

Көш алдымен Барлыбаевтар әуле­тіне арналып тұрғызылған әсем кесе­ненің ашылуына қатысты. Ол Бар­лыбайдан тараған Тәбей, Алжыған, Итемір, Көкен, Тәштит, Әлтилерге арналып салынған. Бұлардың бәрі де кезінде елдің ұйытқысы, ат бай­лар қазығы болған, патша өкіме­тінің қызметінде жүрсе де оның заң­дары мен тәртіптерін пайдаланып, халықтың жоқ-жітігін қорғауға тырысқан.

Кесенені ашу салтанатында сөй­ле­ген сөзінде облыстық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеу­­сізов бұл істі Саяси қуғын-сүр­­гін құрбан­дарын толық ақтау ко­мис­­сиясының нақты бір шарасы деп тану қажет еке­нін жеткізді. Мар­құмдардың рухына құран бағыш­талып, кесене ашылған соң салқар көш 3-4 шақырым жердегі Алаш форумы өткен Әлти қажының «Биба­лай» қыстауына соқты.

«Алаш форумына» арналған стел­ла әзірге қораштау. Оны кәсіпкер Н.Бар­лыбаев өз қаражатына тұрғыз­ған. Стелланың ашылу салтанатында сөй­леген сөзінде «Қаһарман­дар» қоры­ның төрағасы Сабыр Қасы­мов пен ге­нерал-лейтенант А.Тасбо­ла­тов­­тың бұл нысанға билік тарапы­нан на­зар аударылып, көрнекті мемо­риал­дық кешен салынып және осы жер­дің әсем табиғатының аясына этно-ауыл тұрғызылса деген тілектерін қа­лың көпшілік қуана қоштап, қол соқты.

Осыдан әрі қонақтар «Солтүстік Қазақстан және Алаш» атты халық­ара­лық ғылыми-практикалық кон­ференцияға қатысу үшін аудан орта­лығына аттанды.

Ғылыми конференцияны облыс әкімінің орынбасары Ғани Ны­ғыметов ашып, «Еліміздің белгілі тарихшылары, алаштанушылар қа­тысқан бұл шара ұлттық рухы­мыздың оянуы­на оң әсер ететініне се­німдімін», деді өзі­нің кіріспе сө­зінде. Одан әрі облыс әкімі Құмар Ақса­қаловтың құттықтау хаты оқыл­­ды. Баяндамашылар арасынан ал­ғашқы сөз заңгер Сабыр Қасы­мов­қа берілді. Өзінің баяндамасында ол көзқарастары кең, рухани және интеллектуалдық әлеуеттері мық­ты болған Алаш қайраткерлері халық­ты саяси, әлеуметтік-құқықтық және аза­маттық тұрғыда қорғаудың жал­ғыз жолы – ұлттық мемлекет құру екен­дігіне көз жеткізгендерін айтты.

Өзінің «Алаш мұраты және Тә­уелсіз Қазақстан: құндылықтар са­бақтастығы» атты баяндамасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы Алаш мұрасын ардақтау бағытында елде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде ел үкіметінің 2008 жылы 26 маусымда «Алаш қозғалысы туралы» арнайы қаулы қабылдағанын еске алды. «Бұл – тарих алдындағы қарыз бен парызды анықтаған Алаштың 90 жылдығындағы айрықша құжат», деді ол. Одан әрі ғалым Алаш қоз­ғалысын зерттеу мен жаңғырту бағы­тында атқарылған шараларға шолу жасап, «Елордада әрбір жоғары, орта-арнаулы оқу орны және мектеп бір-бір Алаш тұлғасын ұлықтасын!» деген бастамасының тиісті нәтиже бергенін, Керекуде Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық мұрасы шыққанын, Ба­тыс пен Шығыс Қазақстанда, Нұр-Сұлтан мен Алматыда Алаштану мен Алаш­ты насихаттауға байла­ныс­ты елдік деңгейдегі ғылыми жиындар болға­нын, Семейде Әлихан Бөкейханға, астанада Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсын­ұлы, М.Дулатұлына ескерткіштер қойылғанын жеткізді. Сонымен бір­ге Семейдегі Қазақ гума­нитарлық ин­новациялық-заң уни­­верситетіне Ә.Бө­кейхан аты бе­­рілгені айтылды. Сонымен қатар отан­дық баспасөзде Алаш та­ри­хы мен тағылымына қа­тыс­ты мың­­даған мақала, сұхбат жа­рия­лан­ғаны, жинақтар мен моногра­фия­лар әзірленгені айтыла келіп, олар­дың қатарында Семей мемле­кеттік педагогика институты даяр­ла­ған «Шәкәрім», Павлодар мемле­кет­тік университеті әзірлеген «Мәш­һүр Жүсіп», «Сұлтанмахмұт Торай­ғыр­ұлы», астанадағы «Руханият» орталы­ғы мен «Алаш» институты бірігіп жаз­ған «Алаш қозғалысы» және профес­сор Ғарифолла Әнес құрастырған «Алаш» энциклопе­диялары бары жеткізіл­ді. «Астана­дағы «Алаш» институты мен «Тіл-қазына» орталығында «Ахмет Бай­тұр­сынұлы», «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиялары даярланды. Сұлтан-Хан Жүсіптің ұзақ жылғы ізденісі арқасында Ә.Бө­кей­ханның 15 томдық шығар­малар жинағы жарық көрді», деді ол. Соны­мен қатар шешен елордада, Алма­тыда, Павлодарда, Семей­де «Алаш­тану» орталықтары ашыл­ғанын айта келіп, сондай бір орталық Қызылжар қаласында да ашыл­ғанын қалайтынын жеткізді.

Сөз кезегі өзіне берілгенде «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының ди­рек­торы Сұлтан-Хан Аққұлұлы Түркістан авто­­номиясы өкіметінің төрағасы Мұ­­хамеджан Тынышпаев пен сырт­қы істер министрі Мұстафа Шо­қай Алаш партиясының мүшесі бол­ғанын, ендеше екі автономияның да түпкі мақсаты бір екенін және олардың өзара сабақтастығы бар екенін дәлелдеуге тырысты.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессо­ры Зарқын Тайшыбайдың, Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия уни­­верси­те­ті­нің профессоры Се­рік Не­ги­мов­тың, ­тарихшы Бүркіт­бай Аяғанның, Ш.Уәли­ха­нов атын­­дағы Тарих және этнология инс­ти­тутының директоры Зия­­бек Қа­был­диновтың, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбілдің, конференцияға зум арқы­лы қатысқан академик Мәм­бет Қой­гел­диевтің және т.б. баяндамала­рын­да Алаш қозғалысы мен қайрат­кер­лері­нің ұлттың азаттығы мен бостан­дығы жолындағы күре­сінің жаңа деректері мен қырлары айтылды.

Осы конференцияда іс-шара­ның демеушісі болып отырған На­ға­­шы­бай Барлыбаев Жамбыл ауда­ны­нан шыққан СҚУ-дың 3 кур­сын­да оқи­тын Д.Ыбыраева деген же­тім қыз­ға айына 60 мың тең­гелік шәкірт­ақы тағайындайтыны бел­гілі бол­ды. Сонымен бірге Бар­лыбай ұр­пақ­­тарының атынан Прес­нов пен Жеке­­көл ауылдарының мешіт­те­рі­не 100 мың теңгеден садақа бе­ріл­ді. Сөйтіп, рухани құндылық ма­те­­риал­дық игіліктерге жалғасып жат­­ты. Кон­фе­ренция жұмысының қоры­тын­ды­сы бойынша қарар қабыл­да­нып, онда өзге мәселелермен қатар Қы­зыл­жарда Алаш орталығын ашу, Әлти қыс­тауында мемориалдық кешен мен этно­ауыл тұрғызу мәселесі жазылды.