Қоғам • 12 Қазан, 2021

Пандемия экспорттық бағдарды өзгертті

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пандемия басталғалы бері Қазақ­стан­ның тауар өндірушілеріне экспорттық бағдарды өзгертуге тура келді. Соңғы 1,5 жыл ішінде бұл бағытта отандық бизнеске QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы қолдау көрсетіп жүр.

Пандемия экспорттық бағдарды өзгертті

QazTrade сауда саясатын дамыту орта­лы­ғы бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуына сүйенсек, мұздатылған ет экспорты дәстүрлі Қытай нарығынан Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне ойысты.

«Айталық, «Оптоград» компаниясы Біріккен Араб Әмірліктеріне бағытталған экспорттың көлемін 500 мың долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік алды. Мақсары майын өндіретін KazIrAgro сауда-саттық­ты Қытайдың орнына уақытша Қатар және АҚШ елдерімен іске асырып келеді. Мамыр айында QazTrade бизнес серіктес­терді іздеу мақсатында ең ірі жаһандық платформа – Opportunity Network компаниясымен келісім жасасқан Орталық Азиядағы алғашқы компания атанды. Енді клиенттеріміз 140 елде орналасқан 45 мыңдай компаниямен тікелей байланыс орната алады», деді Ә.Егембердиева.

Отандық өнімді сыртқы нарықтарда ілгерілетіп, сенімді сатып алушыларды табу үшін әлемнің 40 елінде орналасқан қазақстандық ұйымдармен экспорттық бағдарламаларды іске асыруға байланыс­ты бастама көтерілді. Бұл ретте QazTrade-Елшілік-Бизнес коалициясы жұмыс істей­тінін айта кеткен орынды. Осы тетік экс­порт­тық сүйемелдеуді сапалы деңгейге көтеруге жол ашты дейді мамандар.  

«Жыл басынан бері сарапшыларымыз шетелдік нарықтарға жиырмадан астам шолу, дайджест және бюллетень дайындап, сауда-саттықты жүргізудегі мүмкіндіктер мен тәуекелдерді анықтауға қатысты 60-тан астам талдау жұмысы іске асырылды.

QazTrade 30-дан астам кәсіпорынға экспорттық қызметті жақсарту бойынша ұсы­ныс­тар беріп, сондай-ақ 23 кәсіпорын Еуро­палық одақ, ҚХР, Швейцария, Түр­кия, ЕАЭО нарықтарына шығуға бай­ла­­нысты кеңестер алды. Бұған қоса 15 өңір­лік экспорттық кеңес өткізіліп, бұл экс­порт­таушыларға мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы ақпараттандыру мен кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін анықтау бойынша тиімді алаңға айналды», деді QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары.

Көп жағдайда сыртқы нарықтарға өз тауар­ларын ірі және орта бизнес шыға­рып келеді. Әйтсе де соңғы екі жылда QazTrade экспортқа енді шыға бастаған компанияларға да қаржылай емес қолдау түрлерін көрсетуді қолға алыпты.

«Бізде қолдау көрсетудің нақты үш теті­гі бар. Біріншіден, бұлкоучинг. Биыл Халық­аралық сауда орталығы Еуропалық одақ­тың қаржылық көмегі арқылы экспорт­тық коучинг бағдарламасын қанат қақ­ты жоба ретінде енгізді. Нәтижесінде, бұ­рын экс­портқа шықпаған компаниялар­дың сыртқы нарыққа шығуға, сол секілді экспорттық стратегияны құруға ұмтылысы бар екенін байқадық.

Биыл қазақстандық қолөнершілерге, тігін саласының қызметкерлеріне, оның ішін­де іскер әйелдерге қолдау көрсетіл­ді. Сол секілді арнайы электронды платфор­ма­ларға шығаруға және оқытуға байланыс­ты көмек те көрсетіледі. Үшінші тетіктің маңызы зор, себебі бұл оқуға түсетін өті­ніш­терге қатысты. Осы орайда барлық қызмет шағын және орта бизнес өкілдеріне тегін көрсетілетінін айта кетейік. Әр экспорттаушыға арнайы курстар дайындалады. Бұл «ақылды экспорт» тәжірибесі деп аталады», деді QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасарыНұрлан Құлбатыров.

Экспортты қаржылай емес қолдаудың бір түрісервистік көмек. Осыған сәйкес отан­дық өндірушілер мен қызмет көрсету­ші­лер халықаралық көрмелерге және шетел­дегі арнайы сауда миссияларына қаты­суға мүмкіндік алады. Десе де сауда мис­сия­сына экспорттық әлеуеті жоғары отан­дық өндірушілер іріктелетінін айта кет­кен жөн. Компаниялардың бағытына бай­ла­ныс­ты шетелдік сатып алушыларды іздеу және B&B форматында кездесулер жүргізіледі.

Сауда саясатын дамыту орталығының өкілдері айтқандай, коронавирус пандемиясына байланысты былтыр 600-дей экспортқа бағдарланған кәсіпорын «алғашқы көмекпен» қамтылды.

«Бұл қатарда өңделген өнімдерді шыға­ра­тын экспорттаушыларымыз бар. Оның ішін­де 450 кәсіпорын белсенді жұмыс жүр­гізіп келеді. Олардың сауда бай­ланыс­тары жол­ға қойылып, соңғы 3-4 жыл ішінде өнім­ді белсенді түрде жеткізіп жүр. Осы кә­сіп­орындармен қатар көрсетілген шара­лар арқылы, әсіресе, былтыр COVID-19 кезе­ңін­де жедел қолдауды қажет ететін 600 кәсіп­орын анықталып, оларға «алғашқы көмек» көр­сетілді. Бұл арқылы көпшілігі жаңа нарық­тарды игере бастады», деді Ә.Егембердиева.

QazTrade сауда саясатын дамыту ор­талығы бас директорының орынбасары Гүл­мира Ахметтаеваның сөзіне сенсек, биыл Ведомство аралық комиссияның 19 оты­рысы өтіп, 132 кә­сіп­орыннан 4,7 млрд теңге сомасы­на 248 өтінім мақұлданды. Негі­зі­нен, бұл тауарларды шетелдік нарық­тарға та­сы­малдаудағы көлік шығыстарына байланысты.