Әдебиет • 13 Қазан, 2021

Батыр жайлы бағалы еңбек

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыр бойында халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін, аңыз-әңгімелер мен батырлар жырының, қисса-дастандардың ел аузындағы нұсқаларын жинақтап, «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» атты үштомдық шығару қолға алынған. Жуырда осыдан 2 жыл бұ­рын басталған жоба аясындағы алғашқы том – «Жанқожа батыр» жина­ғы қолға тиді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған тарту­дың тұсаукесері Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтті.

Батыр жайлы бағалы еңбек

Тұсаукесерде облыстық мәде­ниет, архивтер және құжаттама бас­қармасының басшысы Асқарбек Есжанов Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында облыс әкім­дігінің қолдауымен жүзеге асқан бастама жайлы тарата айтып, төрт астана ту тіккен өңірдің өткенінен дерек жинаған ғалымдар жұмысына сәттілік тіледі.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт ата атын­­дағы Қызылорда университеті «Қор­қыт­тану және өлке тарихы» ғы­лыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы же­текшілік еткен жобаның алғашқы кезеңі батырлар жырына арналып, университет ғалымдары мен сту­денттерден жасақталған экспе­диция аудандардан эпостық жырлар, дастандар, жер-су аттарына байланысты мәліметтер мен көне қолжазбалар жинақтаған. Осындай еңбектің арқасында жа­рық­қа шыққан «Жанқожа батыр» жинағына Мұсабай жырау, Лұқпан Кенжеұлы, Қарман Сұлтанұлы, Жекей Шаңғытбайұлы нұсқалары топтастырылды. Аруақты ер жайлы бұл тарихи жырлардың дені бұрын-соңды баспа жүзін көрмеген. Жинаққа батырдың бар өмірін қам­титын жырлардан бөлек ел аузынан жазып алынған аңыз-әңгімелер де енгізіліп отыр.

Кітапханада өткен жиында фоль­к­­лордың жазба әдебиетпен қа­тар дамып келе жатқанына тоқ­тал­­ған жоба жетекшісі Бағдат Кәрі­боз­ұлы екінші томға аңыз-әңгіме­лер, ал үшінші томға Сыр сүлейлері жыр­лаған, сирек орындалатын қисса-дастандар топтастырылатынын айтып өтті.