Бұл жолғы байқауға Қарағанды ақындары ғана емес, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Түркістан, Павлодар қалаларынан 18-35 жас аралығындағы талантты жастар қатысты. Барлығы 118 өтінім келіп түскен. Тіпті Польша елінен де өтініш келіп түскен екен. Бұған қарап, алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі оқу болатынына сеніміміз мол.
Ақынның дүбірлі тойында әке есімін ұлықтап, арнайы ат терлетіп келген Қасым ақынның ұрпақтары, шөбере қарындастары Шолпан Қадырғалиева мен Дәмегүл Рақымжанова іс-шараның құрметті қонақтарының қатарынан көрінді. Жастарға ақ тілегін арнап, баба рухына көрсеткен құрметтеріне ризашылығын білдірді.
«Жас дәурен» вокалдық байқауы мен «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» поэзия байқауы бойынша өткен өнер додасы 2 күнге созылды. Ақтық мәреге жолдама алған 15 талапкер өз ішінде кім мықтыны анықтады.
Поэзия аталымында бас жүлде қызылордалық Ақжол Түменбайға бұйырды. Бірінші орынды қарағандылық Жәлел Шалқар алса, Мақсат Күземханов екінші орынды қанағат тұтты. Жас ақындар Айзада Рахымжанова, Аршын Нұрбақыт, Арайлым Мураталиева үшінші сатыдан көрінді. Ал ән байқауы бойынша қарағандылық Айбек Рымғалидың ерекше дауысы ешкімді соңынан ілестірмеді. Нұр-Сұлтандық Сырым Мұхаметжанов бірінші орынға, Кәмшат Тұрабекова тұғырдың екінші сатысына жайғасты. Жас талапкерлер Ерасыл Алпысбай, Қуандық Төкенов, Жанболат Байсолтан тиісінше үшінші орынды қанжығалады. Қалған қатысушылардың барлығына Арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табыс етілді.
Екі күнге созылған ән мен жыр додасы ғасырлар тізбегіне үн қосқан Қасым ақынның әдеби мұрасы халқымыздың талайлы тағдырында із қалдырып, көкірегінде сәулесі бар жандардың ойына орда тікті.
Олар бабадан қалған өнер құдіретіне алғыс айтып, Қарағандының асқақ рухы үшін асқан мақтаныш сезім арқалап тарасты.