Шетелдік делегацияны Аустрияның цифрландыру және экономика жөніндегі федералды министрлігіндегі бас директор Флориан Фраушер бастап келді.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев үкіметаралық комиссияның тең төрағасы ретінде экспорт мәселесіне тоқталып, атап айтқанда, сауда-экономикалық байланысты ретке келтіру үшін ынтымақтастықтың жаңа түрін енгізуді ұсынды. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда аустриялық капиталы бар 83 компания және экономиканың түрлі секторында 25 бірлескен компания жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар Алматыда Аустрияның Advantage Austria Almaty экономикалық палатасының өкілдігі жұмыс істеп жатыр. Бұл палатаның да екі жақты алыс-берісті арттыруда әлеуеті зор.
«Екі елдің мамандандырылған құрылымдарының сауда-саттық мәселесінде маңыздылығы ерекше. Қазақстан тарапы QazTrade, KazakhExport, KazakhInvest және Астана халықаралық қаржы орталығының Business Connect сынды алаңын ұсына отырып, қазақстандық және аустриялық кәсіпорындарды экономиканың нақты секторындағы бірлескен жобаларды іске асыруға сүйемелдеуге дайын», деді Қ.Төребаев.
Сауда ынтымақтастығын жандандыру үшін Аустрия мен Қазақстан нарығына әлеуетті экспорттық тауарлардың тізбелерімен алмасу ұсынылды. Айталық, қазақстандық компаниялар экспорт номенклатурасын кеңейтуге және сомасы 500 млн доллардан артық түрлі салаларға арналған өңделген тауардың 70 түрін Аустрия нарығына шығаруға дайын.
«Елімізде металлургия өнімдерінің жеткізілімін – 295,3 млн долларға, мұнай-химия саласын – 137,5 млн долларға, азық-түлік – 74,7 млн долларға, машина жасау бойынша – 16,1 млн долларға, химия өнеркәсібіне байланысты – 16,1 млн долларға, сондай-ақ құрылыс тауарлары бойынша 18,5 млн долларға ұлғайту мүмкіндігі бар», деді Сауда және интеграция вице-министрі.
Бұдан басқа үкіметаралық комиссия цифрландыру, ауыл шаруашылығы, туризм және тағы басқа бағыттарда екі жақты байланысты дамытуды көздейтін хаттамаға қол қойды.