Аймақтар • 18 Қазан, 2021

Атырауша ақша «асау»

11629 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлық елдің еңсесін басып тұр. Бұл жегі құртпен күрес толассыз жүргізіліп жатса да нәтижеге көңіл көншімейтіндей. Дегенмен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде сыбайлас жемқорлық қылмысының 39%-ға төмендеу үрдісі байқалып отыр.

Атырауша ақша «асау»

Бұған алдын алу және қыл­мыстық-құқықтық шаралар ке­шенін енгізу әсер еткен. Мә­се­лен, өткен жылдың 9 айында 95 сыбайлас жемқорлыққа қа­тысты құқық бұзушылық, ал биылғы 9 айда 58 дерек тіркел­ген. Анықталған қылмыстардың құрылымында парақорлық (41), ұрлау мен алаяқтық (15) дерек­тері елеулі үлеске ие. Есепті кезеңде 28 адам сотталды. Де­пар­таменттің ықпалымен жер­гілікті қазынаға 548 млн 803 мың теңге қайтарылды. Тоғыз айда 10 әкімшілік хаттама тол­ты­рылып, 2 млн 479 мың тең­ге айып­пұл салынды. Осы кезең­де 21 ер адам мен 6 әйел жем­қор­лық құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған. «Аты­рау облысында сыбайлас жем­қорлық құқық бұзушылық­тар көп тіркелетін үштікке құқық қорғау органдары (18), әкімдіктер (11) мен салық саласы (11) кірді», дейді А.Мамыт.

Сыбайлас жемқорлық дерегі білім саласында да бар. Мәселен, жақында Атырау қаласының №2 сотында облыстық білім бас­қармасы басшысының орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігінің 2) тармағымен қылмыстық іс қаралды. Бұрынғы шенеунікке мемлекеттiк функцияларды орын­дауға уәкiлеттік берілген адам бола тұра, алдын ала адамдар тобымен сөз байласып, өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденді деген айып тағылған. «Сотпен мынадай мән-жай анықталды. 2015 жылғы 11 ақпан мен 2020 жылғы 30 желтоқсан аралығында Т.К. мен қылмыстық істің іс жүргізуі бөлектетілген тұлға екеуі алдын ала сөз байласып, өздеріне тиесі­лі электрондық есеп (бухгалтер­лік) кілтімен қазынашылық клиент бағдарламасын қолдану арқылы өздерінің туысқандары мен та­ныстарының банкоматтық карточкаларын пайдаланып, негізсіз ақша қаражатын аударған. Кейін қаражаттарды өзінің пайдасына алып, яғни мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірген. Бар­лығы 111 127 180 теңгені жым­қырып алып, Т.К. жеке өзіне 54 570 029,4 теңге иемденген. Сот тергеуінде сотталушы өзі­не тағылған айыпты толық мо­йындап, мемлекетке келтірілген 54 570 029,4 теңге мөлшеріндегі мүлік­тік залалдың орнын өз ер­кімен тол­тырған. Сот­та­лушының кінәсі сот-экономи­калық сараптама қорытындысымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен дәлелденді, – деп ақпарат таратты аталған соттың баспасөз қызметі.

Әрине, бюджеттен ірі көлемдегі қаржыны жымқырушылар жазасыз қалмайды. Сот облыстық білім басқармасы басшысының бұрынғы орынбасарын ҚР Қыл­мыстық кодексінің 189-бабы, 4-бө­лігінің 2) тармағымен кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қыз­метте және мемлекеттік ұйым­дарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сотталушының жазасын жеңілдететін бірнеше мән-жайға назар аударды. Біріншіден, шенеунік бұрын сотты болмаған. Екіншіден, тағылған айыпты мойындап, шын ниетпен өкінген. Үшіншіден, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да сыбайлас қатысушыларын әшке­релеуге және қылмыстық құ­қық бұзушылық нәтижесiнде алынған мүлiктi іздестіруге атсалысқан. Төртіншіден, оның асырауында кәмелетке толмаған балалары­ның бары, мемлекетке келтіріл­ген мүліктік залалдың орнын то­лығымен қалпына келтіргені ес­керілген. Ал жәбірленуші та­рап ретінде облыстық білім бас­қармасы сотталушыға талап қой­маған. Осындай себептерге назар аударып, Қылмыстық кодекстегі 74-баптың 1-бөлігін негізге алған сот сотталушыға тағайындалған жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қал­дырды.

Бұл – сотқа жеткен істің бі­рі. Ал қо­ғамда үлкен резонанс тудыр­ғанмен, жабулы қа­зан кү­йінде қалып жатқаны болуы мүм­кін бе? Мәселен, оқу жы­лы бас­талған тұста Атырау қала­сын­дағы №38 мектеп-лицей дирек­то­рының жас маманнан ақша ал­ға­ны туралы ақпарат жел­дей есті. Директор білім орда­сы­на жұмысқа орналасуға келген мұға­лімнен алғашқыда 90 мың теңге сұраған. Содан кейін жас ұстаз ай сайын мардымсыз жалақысынан жырымдап, бір жылда директорға 620 мың теңге берген.

Амалы таусылған мұғалімнің арызынан соң Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Атырау облысы бойын­ша департаменті облыстық бі­лім басқармасына директорды жұ­мыстан босату жөнінде ұсыныс берген. Неге екені белгісіз, білім бас­қармасы пара талап еткен ди­ректорға қатаң сөгіс берумен ғана шектелген. Бірақ мұғалім Білім және ғылым министріне, тіпті Премьер-министрге хат жазуға оқталған соң ғана директор жұмысынан кетті.

Бір таңданарлығы, сыбайлас жемқорлық білім саласын айналшықтай беретіні несі? Бұ­рын осы басқарманың басшысы мен орын­басарының жемқор­лық әрекеті әшкереленіп, істі болған еді. Тіпті сол тұста аталған бас­қарманы басқарып, кейін облыс әкімінің орынбасары лауазымына көтерілген шенеуніктің сыбайлас жемқорлық былығына батып, сотталғаны ұмытылған жоқ. Ал былтыр облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған шенеунік пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы ұсталды. Қазір олардың ісі сотта қаралып жатыр.