Руханият • 18 Қазан, 2021

Абай, Алаш һәм Тәуелсіз Қазақстан мұраты

950 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмаған және солардың ақыл-ойы мен іс-әрекетінің игілігін пайдаланып, жемісін тұтына алмаған қоғам ауыр дағдарысқа ұшырайды, деген екен Әл-Қайс. Қазақ тарихының терең түкпіріне үңілсек, ұлтқа ұстын болатын тау тұлғаларға кенде еместігіміз көңіл көзімізге анық көрінеді.

Абай, Алаш һәм Тәуелсіз Қазақстан мұраты

Қиялдары ұлы ұлттық арман аспанында самғап, мүдделері мәң­гілік ел мұратына жұмылған ата-бабаларымыз Ұлы дала төсінде ғасырлар бойы үстемдік құрып, елдікті сақтаудың озық дәстүрін қалыптастырды. Қалыптасты­рып қана қоймай, оны берік ұста­нып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап отыр­ды.

Қазақ үшін қазан қасиетті бұ­йым. Халқымыз қазаннан айырылуды құт-берекесінен айырылумен тең санаған. Егер Ұлт­тық кодты шарт­ты түрде киелі қазан-ошаққа теңейтін болсақ, оны құлатпай, қисайтпай ұстап тұратын аяқтары ретінде Ана тіл, Ата дәстүр, Баба тарих, Дәстүрлі дін секілді құн­ды­лықтарды айтар едік. Егер оның бірі қисайса немесе әлсіресе я болмаса сына қалса, қазанның ішіндегі қасиетіміз – Ұлттық ко­ды­мыздың уызы шайқалып, тө­гілуі ғажап емес. Төгілген нәрсе был­ғанады, былғанған затты қай­та тазарту қиынның қиыны. Сон­дықтан аталған құндылықтар ар­қылы қалыптасатын ұлттық болмыстан ажырамауды ұлттық парыз деңгейіне көтеруге мәжбүрміз. Алаш қайраткерлері осыны терең түсінді. Түсініп қана қойған жоқ, ұлттық құндылықтарымызды сақ­тау жолында әдебиетпен қатар, сая­сат болсын, білім-ғылым болсын – қоғам өмірінің барлық саласында қыруар шаруа атқарды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Жапон мемлекеті секілді Ұлттық мемлекет құруды көкседі. Мұның бәрі елдік арман-мүдделердің ға­сырлар қойнауынан жеткен дәстүрлі жалғасы еді. Таудан бас­тау алған бұлақтар өзенге ұласып, өзендер теңізді толтыратынындай, ұлттық руханиятымыздың те­ңізі саналатын Абай мұралары – Алашорда алыптарының шам­шырағы іспетті зор міндет ат­қар­ды. Өз кезегінде Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған ғасыр ба­сындағы ағартушы топ ұлты­мыз­дың рухани бағдаршамы етіп Абай жолын, Абай мұрасын ұсынды.

Шынтуайтында, қайбір ұлттың болмасын, арман-аңсары мен тілек-ниеті, қуаныш-жұбанышы мен қай­ғы-қасіреті – тұтастай рухани өмірі әдебиетте көрінеді. Ұлттың төл тарихы мен әдебиетінің тари­хы – егіз ұғымдар дейтініміз сон­дықтан.

Ұлт тарихында тағдыршешті кезеңдер мен шоқтығы биік, оқты­ғы озық тұлғалар болады. Көп­ші­ліктің тарихты тұлғалар жасай­тынын жиі сөз етуі де бекер емес. Сондай алыптардың бірегейі – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ға­сырдың басында өмір сүріп, саналы ғұмырында халқының қа­мын күйттеп, қалың елі – қазағын ағар­­туға қайрат еткен ақын, хакім Абай Құнанбайұлы еді. Абай не­сімен құнды деген сұраққа қа­зақ руханиятының тамыршысы Өз­бекәлі Жәнібеков: «Абайдың бас­ты ерекшелігі – көне заман тари­хын, Шығыс пен Батыстағы ренессанстық, одан кейінгі жаңа заман мәдениетін біліп, олардың өресінен қазақ санасына жаңа идея, ой-пікір әкелгендігі», деп пікір қалдырған екен.

Елге билік жүргізген болыс­тың ауқатты отбасынан шығып, дүние­ден тарлық көрместей шал­қып ғұмыр кеше алатын жағдайы бар байдың баласы бола тұра, жан рахатын тәрк еткен Абай, қарапайым қазағының арасында жанын азаптап жүріп, халқын ағарту жолында тыным көрмеді, бұқараға жақын болды, қарашаның дауын даулап, жоғын жоқтады:

...Кедейдің өзі жүрер

малды бағып,

Отыруға отын жоқ

үзбей жағып.

Тоңған иін жылытып,

тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны

бүрсең қағып, –

деп өрілетін өлең өрімдері ақын­ның азаматтық болмысын айқын көрсететін жолдар. Егер ол өз жұр­­тын сүймесе, қазақтың қай­ғы­сына қабырғасы қайысып, кү­йіп-жанып, өртенер ме еді?! Абай­дың бұл дәстүрі өз кезегінде ке­­йінгі толқынға үлгі-өнеге, адас­­тырмас шамшырақ болды. Нә­­­ти­­­жесінде, Абай дәстүрінің тіке­­­лей мирасқоры саналатын Алаш қай­­раткерлері ХХ ғасыр ба­сын­­дағы тек әдеби үдерісте ғана емес, қоғам өмірі мен саяси қадам­дарында да хакім салған сара жолдан сәуле тапты.

Ата жұрты бұқара

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп, – деген Асанқайғының қағидасын ту етіп көтеріп, одан берідегі Абай мұрасын жата-жастана оқып қана қоймай, оны хакім деңгейінде ба­ғалап, өздері де қазақтың қа­быр­ғалы,  мүйізі қарағайдай қай­рат­керлеріне айналған Алаш зия­­лы­лары Абай дәстүрін тек сөз­бен емес, іспен де жаңғыртып, болашақ ұрпаққа сарқылмас мол мұра қалдырумен қатар, аласармас зор міндет те жүктеп кетті. Халқын бақытқа бастар жолда серке болуды мақсат тұтып, ұйқыдағы ел санасын «маса» болып ояту­ды да ғұмырлық мұрат еткен де солар еді. Өздері «Алашорда ақса­қалы» деп ат берген Шәкәрім Құдай­бердіұлының «Қазақтың жай­нар даласы, Жетілер оқып ба­ла­сы» деген жыр жолдары да олар­дың бүгіндік емес, ғұмырлық; отба­сылық емес, отандық, ұлт­тық мүд­делердің төңірегінде жұды­рықтай жұмылғандығынан хабар береді.

Зерттеулер Алаш әдебиеті Абай дәстүрінің тікелей мирасқоры еке­нін, ХХ ғасырдың өн бо­йын­­да көркем шығармашылық сала­сындағы қол жеткізген олжа-та­быс­тарымыздың баршасы ұлттық рухани қазынамыздың бірден-бір сарқылмас көзі – Абай дәстүрінің жемісі екенін айтады. Алаш қай­раткерлерінің тұлға ретінде қалып­тасуына Абай шығармалары қа­лай ықпал еткен болса, сондай-ақ, ғылыми-зерттеулерді парақтай келе, Абайды тану мен таныс­тыруда да тыңнан түрен сал­ған­дар Алаш қайраткерлері бол­ға­нын бағамдап отырмыз. Абай ақын­дығына баспасөзде тұңғыш баға берген – Мәшһүр Жүсіп Кө­пеев. Абайды орыс әлемі арқы­лы дүниежүзі оқырмандарына тұң­ғыш танытушы – Әлихан Бөкей­хан. Абайдың өлеңдеріне тұң­ғыш тұщымды талдау жасаған – Ах­­мет Байтұрсынұлы. Бұрын-соң­ғы абайтанушылардың тізбегін жа­саған және татар әлеміне ал­ғаш таныстырған – Міржақып Дулат­ұлы. Абайға өлең жазып, оны тұң­ғыш «Хакім» атаған – Мағжан Жұмабай. Бұл біз парақтаған зерттеулердің бірауызды түйіні. Енді осы түйінді тарқатып көрелік.

Өмірхан Әбдиманұлы «Алаш және Абай» атты еңбегінде: «Абай ақындығына баспасөзде [«Дала уалаяты», 1889, І. 48] алғаш баға берген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. 1909 жылы Абайдың Петербургта шық­қан өлеңдер жинағына Кәкі­тай Ысқақов «Абай (Ибрахим) Құнан­байұлының өмірі» атты алғы сөз жазды», деп көрсетеді де, ал орыс оқырмандарына Абай есімі бұдан ертерек танылды. Абай өмірі мен творчествосы­ның білгірі Қайым Мұхамедханов Абай­­дың көзі тірісінде оны орыс­тың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов екенін айтады, дейді.

Абайды тұңғыш таныған және танытуға табан тіреген жан­дар­дың тізбегін жасау үшін, біз автор­лар­дың ол жайында жазған тұңғыш еңбектеріне ғана тоқталып отырмыз. Әйтпесе, бұдан кейінгі кездері де Әлиханның Абай есімін әлемге танытуға арнаған мақалалары жа­рық көрген. Ал Әлекеңнің Абай шы­ғармашылығына берген баға­сы тіпті керемет: «Өлеңдерінен кө­рі­ніп тұрғандай, Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани твор­чествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездес­кен жоқ».

Ғалымдар Міржақыптың Абай жайлы бір мақаласының 1908 жы­лы татар тіліндегі «Уақыт» газеті­нің 393-санында жарияланға­нын жазады. Бұған қарап, Абайды татар әлеміне тұңғыш танытушы деп Дулатұлын атасақ болатындай. Ал Абай шығармашылығына тұңғыш рет жүйелі зерттеу жүр­гізіп, әдеби талдау жасаған, сөй­тіп толымды пікір айтқан ға­лым Ахмет Бай­тұрсынұлы. «Оқу құ­ралы» кіта­бының сыртқы бетін­дегі:

Балалар, бұл жол басы

даналыққа,

Келіңдер, түсіп,

байқап қаралық та!

Бұл жолмен бара жатқан

өзіңдей көп,

Соларды көре тұра

қалалық па?

Даналық өшпес жарық,

кетпес байлық,

Жүріңдер, іздеп тауып

алалық та!

деп жырлаған Ахаң, осы дана­лықтың негізгі дәнегін Абай шы­ғармаларынан тапқандай әсер қал­дырады. Олай дейтініміз, Ахаң ұйымдастырып, редакторы болған «Қазақ» газетінің өзі 1913 жылдан шыға бастады десек, басылымның осы жылғы 39-41 сандарында «Қазақтың бас ақыны» мақаласын жариялады. Бұл жайында профессор Ө.Әбдиманұлы: «Автор мақаласында өзі пір тұтып, талантын, дарындылық қасиетін ерекше бағалаған Абай ақынды сол заманның ақындарынан даралап көрсетеді, оның артық еке­нін дәлелдейді. Жалпы, Ахмет Бай­тұрсынұлы қалың жұртқа Абайды таныстыру мақсатында оның шы­ғармаларын газет бетіне жиі жариялап тұрған. Ол «Қазақ» газетін екінші Абай мектебіне айналдырды», деп жазады. Мұны Ахаңның бір ауыз сөзінен де аңғаруымыз­ға болады. «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек. Абай­ды қолымыздан келгенше қа­дірлі жұртқа таныту үшін мұнан бы­лай кейбір өнегелі, өрнекті сөз­дерін газетке басып, көпке көр­сет­пекшіміз», деген салиқалы пікі­рінде «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынұлының осы жолда өзіне де үлкен міндет жүктегенін аңғарамыз.

Абай шығармашылығын елге танытуда ерекше маңызға ие тағы бір мақала бар. Ол хакімнің қайт­қанына 10 жыл толуына байланысты жарияланған Міржақып Дулатұлының кезекті дүниесі болатын. Жақаң Абай мұрасын насихаттауда Әлихан мен Ахметтің еңбектерін ерекше бағалай келе, екі алыпты тұңғыш абайтанушылар деп атаған.

Көрнекті ғалым Шериаздан Елеукенов «Абай және Мағжан» атты еңбегінде Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды Алаштың үш алыбының Абай хақында жазған мақалаларынан ықшам әрі нақты, қысқа да нұсқа мысалдар келтіреді де, Мағжан ақынның Абайды қалай сүйіп, исі қазақтың данышпан ұстазы деп бағалаға­нын, сондықтан оған «Хакім» деп ат бергенін жазады. Сондай-ақ осы еңбекте Абайға хакім ата­ғын тұңғыш берген Мағжан екені де, Мағжанның «Алтын хакім Абайға» атты өлеңі бекер жазыл­мағаны да тілге тиек етіледі.

Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәсе­леге айналғанын өзінің бағдар­лы мақаласында жазған Президен­тіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істің Абайсыз жүзеге аспайтынын меңзеген. Мемлекет басшысы сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпін­мен дамуына жол ашылатынын ескертіп, осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептейтінін: «Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, та­ны­малдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретін­де әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет», деген па­йым­ды пікірімен білдірген бола­тын. Тіп­ті хакімнің мерейто­йын ұлт­тық тағылым деңгейінде ұйым­дастыруға байланысты арнайы Жарлыққа қол қойып, Абай жы­лын жариялады. Бұл шешім хал­қымыздың еңсесін тіктеп, ел­дік рухын көтеруге көп ықпал етті. Ке­шегі Алашорда алыптары аң­саған арайлы ақ таң осы болар.

Абай – қазақтың рухани темір­қазығы. Біз қандай жағдайда да соған байлануға тиіспіз. Ал рухани арқауды Абайдан бері тартқан­да Алаш мұраларынан тысқары кетпей, оларды көктей өткеніміз мақұл. Онсыз әдебиет тарихы, жалпы ұлт тарихы түгенделмек емес.

Қазір білім-ғылым меке­ме­ле­рінде Абай орталықтарының қа­тары артып келеді. Мұны ел Тәуел­сіздігінің нақты же­місі деп айтуымызға болады. Тұлға­тану­шылар мен зиялы қауым өкілдері мұндай орталықтардың қатарын алдағы уақытта да көбейте беру керектігін, сондай-ақ, оған жас­тарды көптеп тартудың маңызы зор екенін ескертіп отыр. Олар бұл үрдісті ел жастарының рухани құндылыққа деген көзқара­сын қалыптастырып, жаһандану дәуірінде Ұлттық кодты сақтауда маңызды тетік болады деп сенеді. Ал осы орайда, сол орталықтарда Абай және Алаш мұраларының сабақтастығын сақтай отырып, Ұлттық болмыс пен мемлекеттік мүддеге басымдық беріп оқыт­қанымыз одан да абзалырақ деп ойлаймыз.

 

Серік СЕЙІТМАН,

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері