Тарих • 20 Қазан, 2021

Зұлмат жылдар дерегі

712 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Кеңес кезіндегі қазақтың басына төнген қасіреттердің бірі 1928 жылғы байлар шаруашылығын тәркілеу науқанында көрініс тапты. Сол жылдары бүкіл Қазақстан бойынша, 23 мың адамның мал-мүлкі тәркіленген. Олардың 5 531-і ірі бай-кулактың қатарына жатқызылып, жер аударылған, 221-і ату жазасына кесілген.

Зұлмат жылдар дерегі

Сырдария округі деп аталған қа­зір­гі Түркістан облысында (ол кезде Жам­был облысы да Түркістан облысы­на қараған) 1928 жылы тәркіленген 1-топ­тағы байлардың саны – 89, 2-топқа жат­қызылғандардың саны – 202. Бұл науқан 1930 жылға дейін жалғасып, Сырдария округінен 627 адам тәркіленіп, 322 адам жер аударылған. Оның жетеуі ату жазасына кесіліп, тоғызы он жылдан аса уақытқа сотталған. Бұдан кейін 1930-33 жылдар аралығындағы ең қасыретті нәу­бет болып есептелетін ашаршылық кел­ді. Түрлі фактілерді саралап, қисын мен сан қилы дәлелдемелерге ден қойсақ, 1931-33 жылдардағы ашаршылық – Голо­щекиннің алдын ала әбден ойластырып жасаған жоспарының нәтижесінен туын­даған. Оны Сталин қолдаған және бұл құбылыстың сырын ВКП (б) ОК политбюро мүшелерінің бәрі біліп отырған. Голощекин қазақ халқын қырғынға ұшы­рату үшін 1926 жылдан бастап бес бағыт бойынша дайындалған. Бірінші бағыты – ел қамын ойлайтын ақылды да халықшыл қайраткерлерді билік басынан кетіріп, олардың орнына сауаты төмендеу, өзінің айтқанынан шықпайтын қазақтарды ірік­теп алуға арналды.

Екінші бағыты – ОГПУ мен НКВД-ның жергілікті жерлердегі өкілдері­нің өк­тем­дігін күшейту және бай-кулак десе ашу-ызасы туғанынан бойларына сің­ген кедей таптың арасынан іріктелген кісі­лерді түрлі дәрежедегі уәкілдер мен ауыл белсенділері етіп тағайындаумен байланыстырылды.

Үшінші бағыты – кеңестік жүйеге орай типтендірілген «бай шаруашылықта­рын» жоюға бағышталды. Бұған Ста­линнің 1927 жылдың сәуір пленумын­да «Бүкіл КСРО бойынша таптық кү­ресті күшейту туралы» атты баяндамасы бас­тама болды. Осы баяндамадан туын­да­ған ұсыныстарға орай Голощекин Қа­зақ­стандағы «бай шаруашылықтары» иелерін «Бұрынғы заманды аңсайтын феодалдар, жұрттың еңбегін қанайтын үстем тап өкілдері, сондықтан да оларды мал-мүліктерінің бірін де қалдырмай тәркілеп, өздерін соттап, болмаса қиыр шеттерге жер аударып жіберу керек!» деп ұрандатты. Ұранға алғаш ергендер және оған жанын сала кіріскендер әлгі ОГПУ, НКВД қызметкерлері мен ауыл­дардың шолақ белсенділері болды. Олар, ірі «бай шаруашылықтарымен» қатар, орта дәулетті, тіпті, он бес қой, үш сиы­ры барларды да қара тізімге ендіріп жі­берді.

Төртінші бағыты – ауыл-ауылдар­ды же­дел түрде отырықшылық пен кол­хоз­­дастыруға үндеген бастамасына сәй­кес­тендірілді. Осының кесірінен кеңестік жаңа жүйенің мәнісін түсінбеген жұрт айналада қандай қоғамдық өзгерістер болып жатқанын, мұндай саясаттың бо­ла­шағы неге апарып тірейтінін бағам­да­ма­ғанынан әрі-сәрі күйге түсті. Тір­ші­лігінің шырқы бұзылған халық 1929-31 жылдары тиісті көлемдегі егістік жер­лерге егін еге алмады. Колхоздар құ­­рыл­­ғанымен, оның базаларында ша­ру­ашылық жұмыстарын жүргізетін құ­рал-сай­мандары болмады. Колхоздың бар бай­лығы – малмен шектелді. Аз ғана жер­­лерге егілген астықтан жұртқа үлес тара­тылмай, жиналған өнімнің бәрі мемлекет бекіткен салықтың жоспарын орындау үшін аудан, қала орталықтарында­ғы қоймаларға жөнелтілді. Күндіз-түні ат үстінен түспей, шапқылаған шолақ белсенділер бір ауылды бір ауылға қосып, колхоз атандырғаннан өзге ештеңе тындырмаса да, өз көрсеткіштерін жалған мәлі­меттермен қосып жазып, жоғарыға жіберіп отырды. Мысалы, бір колхозда 1000 қой, 100 сиыр, 50 жылқы болса, олар қосып жазу себебінен 1 500 кой, 200 сиыр, 70 немесе 80 жылқы боп көрсетілді. Осы қосып жазу үрдісі – бір-екі жылдан кейін күллі қазақтың алапат ашаршылыққа ұрынуының басты себебіне айналды.

Бесінші бағыты – елді тікелей ашар­шылыққа әкеп тіреген ең нәтижелі және қорытынды жоспары болды. Голо­щекин Қазақстанды өркендетуді, түр­лі жұмыстар мен жоспарларды рет-реті­мен іске асыруды қағаз жүзінде көр­сетіп бекіткенімен, бар тараптағы іс-әрекет белгілі тәртіппен жүрмеді. Елдегі барлық басшы қызмет­кер­лерді, аудан, ауыл көлеміндегі белсен­ділерді жалаң ұранға еліктіріп қой­ды. Осыған байланысты көктемгі және күзгі егіс қажетті көлемнен әлдеқайда аз егілді. Кол­хоз қораларындағы малдардың қыс­қы жемшөп базаларын дайындатпа­ды. Тіпті бұл мәселе мүлде ұмыт қалды. Соған қарамастан, Голощекин Мәс­кеудегі орталық комитетке «Қазақ респуб­ликасы қай тараптан болса да, жақсы жетістіктерге жетіп отыр, тұрғын жұрты онша көп емес, бірақ республиканың байтақ даласына егілген мол астық пен мыңғырған малдары есебінен Ресейдің бірнеше қалаларын өте арзан бағалы ет-астықпен қамтамасыз етуге болады» деп бөсті. Бұл – жай бөсу емес-тұғын. Бұл бөсу­дің нақты көріністері мына деректер­ден байқалады: 1930 жылы колхоздар мен түрлі шаруашылықтар мемлекетке ет пен астық өткізуден одақ бойынша бірінші орынға көтерілуі керек деген желікпе ұранның арқасында Қазақстандағы 14 ет комбинатынан 11 014 тонна ет, қойма­лардан 120 мың пұт астық Ресейдің өнер­­кәсіптік қалаларына жіберілді. 1931 жыл­дың аяғына қарай Ресей қалаларына былтырғыдан еселеніп, 12 006 тонна ет, 130 мың пұт астық жөнелтілуіне байла­нысты жыл бойы колхоздар есебіндегі төрт түлік­тер есепсіз сойылып, етке өткізіл­ді. Осы­дан мемлекет меншігіне қарасты қора­лардағы мал саны мен қоймалардағы астық қоры бірнеше мың есеге азайды. Соған қарамастан, өлке­лік партия ұйымы аудан-аудандарда ұжымдасу процесі өте нашар жүргізіліп жатқанына дабыл көтеріп, жергілікті басшыларды қатаң жазалауға дейін барды. Бұдан үріккен кеңес органдарының басшылары мен колхоз бастықтары, күш құрылымдарының өкілдері қалайда бұл науқанды шапшаң жүргізуге жандарын салды. Нәтижесінде, бір колхоз келесі бір колхоздан мал, астық, сон­дай-ақ түрлі шаруашылық жұмыс­тары жөнінен артық болу үшін бәсекеге түсті. Алайда бір-екі жыл бұрын осындай бәсе­келестіктің арқасында қосып жазу­ды үрдіске айналдырғандарының кесі­рінен қораларындағы малдарын, қой­ма­ларындағы астықтарын ада қыл­ған жер­гілікті белсенділер шаруа­шы­лықтарында төрт түліктің есебін қайта толтыруды және келесі жылғы ет салығын мөлшерді түр­де өткізу жайын ойлап, енді жеке адам­дардың есік алдарындағы малдарына, қап түбін­дегі бидайларына ауыз салды.

1931 жылдың 1 желтоқсанында барша қазақтың үлкен бақытсыздығына қарай қалың қар түсіп, күн бірден суытқан. Жылы болады деген Оңтүстіктің өзін­де күннің суықтығы 10-15 градусқа төмен­деген. Ала жаздай жұрттың бар малы мен астығын алашапқын болып бір ортаға жинаған өкіметтің жауапты адамдары, жоғарыда айтқанымыздай, сол кезде колхоз қораларындағы саны аз төрт түліктің жеп-шөп базасын да жасамаған. Қалың қар жауып, күн бірден суытқанда етке өткізілуден аман тұрған малға беретін азық таппай қатты қысылған аудан басшылары мен кеңес белсенділері күнде жиын жасап, тығырықтан шығудың жолын іздей бастайды. «Коммунистік партия кез келген қиындықтан шығудың жолын табатын даналыққа ие» деп өзеуреген аупартком хатшылары қолда бар малды аман алып қалудың адам күлерлік амалдарын қарастырады. Алайда бір өкініштісі, сол жылдары Қазақстандағы аудандарды басқарып отырған хатшылардың басым бөлігі болса, мал жайын білмейтін бөтен ұлттардың өкілдері еді. Оларға осын­дай қысылтаяң шақта жергілікті ұлт­тан шыққан колхоз бастықтары мен бел­сенділер малдарға тал-теректердің майда бұтақтарын қырқып беріп, уақытша болса да аман ұстап тұрудың тәсілін айтады. Тәсілді құлақтарына ілген хатшылар жер-жердегі шаруаларға тал-теректердің майда бұтақтарын қырқып, қамыс оруды әмір етеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ленгір аупартком­ның хатшысы Лев Севиридович Своик осы мәселеге қатысты Ақсуда (ол кезде Лен­гір, Сайрам аудандарының орталығы Ақсуда болған) «Жолдастар, қар жа­уып, аяз ұрғалы бері азықсыз қалған мал­дар­ды аштан қырып алмаудың жолын қа­растырған едік. Біз бүгін оның көзін тап­тық. Иә, партия қандай да бір болмасын қиындықтың түйінін шеше алады. Осыған байланысты ертеңнен бастап өз колхоздарыңыздағы шаруа-жұмыс­шыларды өзен жағасындағы, тау етегіндегі ағаштардың майда бұтақтарын кестіруге, сай-сайдағы қалың қамыстарды орғызуға жұмылдырыңыздар. Біз қыстай малдарға ағаштардың бұтақтары мен қамыс беріп асырап шығамыз!» деген кесім айтады.

Бірақ малдың сырын білетін қазақ төрт түліктің қай түрін болмасын, ылғи ағаштардың шыбықтарымен, қамыспен ұзақ уақыт сақтап қала алмасын жақсы білген. Шыбық пен жұмсақ бұтақтарды үнемі жей берген мал, әсіресе қой-ешкі іш тастап, тышқақ кеселіне ұшырайды да, түбі опат болады. Ал қой-ешкі жей алатын майда бұтақтарды қара мал, яғни сиыр жей алмайды. Ал қамысты жылқы ғана жей алады. Бірақ оған да ұзақ уақыт қамыс беруге болмайды. Ал сиыр мен қой-ешкі қамысты жесе, іштері тілініп өледі. Жиналыста әлгіндей ұсыныс көтерген Л.С.Своикке біраз белсенділер осындай себеп-салдарларды көлденең тартып, бұндай тәсілмен малдарды уақытша ғана аман сақтауға болатынын, ал қысқы буы­ны қатқан қамысты ешқандай малға беруге болмайтынын, тек жаздың басында көк құрақ күйінде орылған қамыс қана төрт түліктің азығына жарайтынын айтып, қарсы шығады. Өзіне қарсы сөз айт­қандарға Своик іле-шала: «Біз қандай тығырықтан болса да, жол тауып шыға алатын большевиктер емеспіз бе? Жолдас Сталин, жолдас Голощекин, одан қалса, басқа да партия көсемдері бізді қай кезде де тосын тапқырлыққа тәрбиелеп, баулып отырған жоқ па? Ендеше, малды аман алып қалудың амалын табайық. Жаңа біраз жолдастар «Қырлардың етектері мен жазық далаларды қардан тазартып, жер бетіндегі боз шөптерді ашып, малдарды бір мезгіл жайып алу керек» деді. Керек болса, ондай әрекеттерге де барамыз. Ал әзірше тал бұтақтары мен қамысты пайдалана тұрайық. Бір жолдастар «қамысты бүтіндей малға беруге болмайды» дейді. Егер оны ұнға ұқсатып, әбден майдалап берсе, оны жеген мал өлмей ме?» – дейді. «Онда өлмейді, – дейді бір топ қазақтар. – Бірақ қамысты ұнға ұқсатып майдалай­тын құрал жоқ». «Жолдастар, жаңа айттым ғой, біз болмайтынды болдыратын ком­мунистерміз деп. Ауылдар мен колхоз­дардағы әр қазақтың үйінде бидайды ұн қы­лып тартатын қол диірмен бар-ә? Әр ша­руа он-жиырма бау қамыс орып келсін де, оны үйін­дегі қол диірменмен ұнға ұқса­тып, майдалап берсін. Ұнға ұқсап ұнтақ­талған қамысты малға беріңдер» деген...

Бұл тәрізді қөрсоқырлық тұжырым бір Ленгір ауданында емес, төңірегінде қамыс өсетін күллі Қазақстандағы ауылдарда айтылғаны кәміл. Бірақ қамысты ешкім қол диірменге салмағаны ақиқат. Қамыс бидай емес, қол диірменге жүрмейді. Со­ған қарамай Своик сияқтылар «осындай ша­руаны атқарып жатырмыз» деп жоға­рыға мағлұмат бергені анық.

Көптеген колхоздарда етке өткізілуден аман қалған мал жемшөптің жоқтығынан өліп қалды деген сын естімеу үшін оларды қолдан қыру оқиғалары да орын алған. Атап айтар болсақ, Қаратас ауданында 112 сиырды, Мерке ауданында 107 сиыр­ды, Жуалы ауданында 29 сиырды қара­сан дерті жұқты деген сылтаумен улап өлтірген. Ленгір ауданында 300 жылқыны маңқа ауруына шалдықты деп, атып тас­таған. Қолдан өлтірілген малды көздері қара­уытып жүрген аштар жеп қоймасын деген ниетпен жерге көмген немесе жанармай шашып өртеген. 1914 жылғы санақта Қазақстан жерінде 6 миллион 120 мыңдай қа­зақ болған. 1933 жылдың аяғында бұл сан 4 мил­лионға жуық кеміген. 1927 жылы бүкіл Қазақстанда мал саны 42 млн болса, 1933 жылы 3 миллион 989 мыңға түскен. Тағы бір мысал: Сырдария оркугтік (ке­йінгі Оңтүстік Қазақстан облысы. Оған 1925-1930 және 1932-1938 жылдары қа­зіргі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда об­лыс­тары кірген) есеп басқармасының бас­тығы Айдос Қошқаровтың дерегі бойынша, 1927 жылы осы округте 1 мил­лион 300 мыңдай қазақ болыпты. Голо­щекиннің орнына келген Мирзоян 1934 жылы жалпы жұртқа жария еткізбей, баспасөзге бас­тырмай, құпия жүргізген санақтың есебінше, бастапқы саннан 600 мың 601 қазақ қалған. Осылайша, сол кездегі бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысы жерінде (оған қазіргі Жамбыл, Қызылорда облыстарын да қосыңыз) үш жыл ішінде 400 мыңдай адам аштан қырылып, 250-300 мыңдай адам ауып кеткен. 1927 жылы Сырдария округінде 6 млн 680 000 бас мал болса, 1934 жылға қарай барлық төрт түліктің саны 800 мыңға да жетпеген. Жаяу барса, наны көп Ташкент жақын, тау асса егіні мол қырғыз жақын әрі ауланар аңы мен жеміс-жидегі мол таулары бар Оңтүстік жерінде осыншама адам қырылып қалғанда, бір ауылы мен бір ауылының арасы 100-150 шақырым келетін келетін Арқадағы сар даланың қазақтарының халы қандай болған деңіз...

Бұдан кейінгі ұлы қырғын қазақ басына, жоқ, бүкіл Кеңес елінің тағдырына 1937-38 жылдары төнді. Ол тарихта «Үл­кен террор» деген атпен қалды. Ресей зерт­теушілерінің осыдан он жылдай бұ­рын­ғы анықтамасында сол жылдары бүкіл Кеңес елінде 1 575 259 адам сотталып, 681 692 адам атылған деген деректер кел­тірілген еді. Алайда соңғы уақыттарда зерт­теушілер арасында бұл есеп өзгеріп, аталған кезеңде 1 миллион 750 адам сотталып, 700 мыңнан аса адам атылған деген мәліметтер келтіріліп жүр.

Жалпы, Сталин билігі кезінде, яғни 1921 жылдан 1953 жылға дейін бүкіл КСРО аумағында 11 миллионнан аса адам әр­түрлі себептермен жазаланған екен. 1937 жылға дейін Кеңес елінде «Тап күресі», «Шахта ісі», «Промпартия», «Пар­­тияны тазалау», «Феодализммен күрес» т. б. атауларымен бірнеше рет және бір­­неше мыңдаған адамға ажал құш­тырған немесе он мыңдаған азаматты жазықсыз түрмеге жаптырған жазалау шаралары жүргізілген. Осы жазалаулардың ең бір қасіретті һәм зұлматты кезеңі 1937-38 жылдарға тап келген.

Сталин «Үлкен террорды» бастау­ды алғашқы рет 1937 жылдың 23 ақ­па­ны мен 3 наурызы аралығында өткен ВКП(б) пле­нумында көтерді. Ол сон­да «Троц­кишілдерді және басқа да екі­жүз­ді­лерді жою жолындағы партиялық жұмыстардың кемшілігі» атты баяндама жасады. Мұнда Сталин 1927 жылғы пленумда өзі көтерген «социализм құру жолында таптық күрестің шиелінісіп кет­кені туралы» пікірін тағы қозғап, елде те­ріс пиғылды троцкишілдік, зиновьев­шіл­дік бағыттағы, сондай-ақ оңшылдар мен солшылдардың, эсерлер мен анар­хис­тердің сарқыншақтары әлі күнге де­йін сақталып тұрғанын және олармен ымы­­расыз күресу керектін баса айтады. Айтып қоймай, КСРО аумағында осындай ниетті ұстанған «халық жаулары­ның» саны 30 мың деп нақтылайды. Бірақ осы пленумға дейін сондай жат эле­мент­тердің 18 мыңы ұсталғанын, енді 12 мыңы қалғанын, сол 12 мыңның өзі қа­зіргі таңда коммунистік партия арасына іріт­кі салып, түрлі арандатушылыққа ба­рып жүргенін, оларды құртпайынша кеңес­тік қоғамда тыныштық болмайтынын тағы баса ескертеді. Оның осы пікірі пле­нумға қатысушы түрлі дәрежедегі бас­шылық қызметтегі коммунистердің қызу қолдауына ие болып, 72 адам оны жақтап, сөз сөйлейді.

Арада екі жарым айға жуық уақыт өткенде, нақтысы 14-29 мамыр ара­лы­ғында М.Н.Тухачевский бастаған қы­зыл армияның бірқатар қолбасшысы мен «Известия» газетінің бас редакторы Н.И.Бухарин қамауға алынып, ату жаза­сына кесіледі. Артынша НКВД тарапынан ел ішінде мыңдаған «халық жаулары» табылып, қамала бастайды. 1937 жылдың 23 мамырында ВКП(б) ОК политбюросы «НКВД мәселесі туралы», 2 маусым күні Антикеңестік элементтер туралы», 8 маусым күні «Троцкишілдік және оңшыл бағытты ұстанғандардың отбасыларын жер аудару туралы» атты қаулылары шығады. Миллиондаған жа­зық­сыздарды жапа шектірген ең қатал да қатаң қаулы 00447 нөмірмен 1937 жылдың 30 шілдесінде сол кездегі НКВД комиссары және кауіпсіздіктің бас комиссары Н.И.Ежовтың бұйрығымен шығады. Ол қаулы «Бұрынғы кулак­тарды, басбұзарлар мен басқа да анти­кеңестік элементтерді репрессиялау бойынша жүргізілетін шаралар туралы» деп аталды. Осы қаулыға сәйкес жазаланатындарды Ежов екі кате­горияға бөледі. 1-категорияға атылу жазасына кесілетіндер жатқызылса, 2-категориямен сотталғандар 8-10 жылдың арасында абақтығы жабылуы тиіс-ті. Оған қоса, Ежов қай республикада және қай облыста қанша адам 1-категориямен, қанша жан 2-ші категориямен жазалануы тиіс екенін нақтылап берді. Ол сан бойынша, бүкіл КСРО-да 268 095 адам сотталып, 75 095 мың адам атылуы керек-ті. Ең көп жазалануы шарт адамдардың тізімінде алғашқы орын Ресей республикасының қалаларына тиесілі болды. Одан кейінгі екінші орында Украина, үшінші орында Әзербайжан, төртінші орында Қазақстан тұрды. Бұйрық бойынша жазалау шарасы 1937 жылдың 5 тамызынан басталып, қараша айының аяғында, яғни төрт ай мерзімде бітуі керек болатын. Алайда бұл қанды жазалау екі жылға созылып кетті.

Сталиннің бастамасымен шыққан Ежов­­тың бұйрығы бойынша Қазақстанда 2,5 адам атылып, 5000 адам сотталуы керек болатын. Алайда осы цифрлар КСРО аумағында неге бірнеше есеге артып, жазаланғандардың саны миллионнан асып кеткен деңіз. Ежовтың жоғарыда айтылған қаулысына қатыс­ты қосымша бұйрығында республи­ка, облыс басшыларымен қатар НКВД бас­тықтарына арналған: «Егер сіздер, өз та­рап­тарыңыздан өлкемізде «халық жау­ларының» саны бұдан көп көр­сетсеңіздер, онда қосымша лимит сұрау­ға қақыларыңыз бар» деген арнайы тар­мағы болатын. Осы себепті жер-жер­дегі партиялық комитеттер мен НКВД өкіл­діктерінің басшылары Ста­лин мен Ежовқа жағыну үшін және бас­қа се­беп­терге байланысты өз аумақ­та­рын­дағы «халық жауларының» санын бір­неше есеге өсіріп жіберді. Біздің рес­пуб­ликаны ол кезде Л.Мирзоян бас­қа­ра­тын. Голощекин ұйымдастырған ашар­­шылықтан құтқарғаны үшін кезінде оны қа­зақтар «Мырзажан» деп атағаны жө­­ніндегі теріс пікір күні кешеге дейін сана­мызға сіңіріліп келді. Бірақ анығын­да, оның залымдығы Голощекиннен де кем болмаған. Өйткені ол Ежовтың бұй­ры­ғына сәйкес жазаланатындардың санын әлдеқайда асырып көрсетуге және сол арқылы мыңдаған қазақтың көз жасына қалып, олардың жазықсыз жапа ше­гуіне мұрындық болған адам. Соның арқа­сында Қазақстанда атылуы тиіс 2,5 мың кісінің орнына 26 116 мың кісі аты­лып, сотталуы шарт 5 мың­ның орнына 119 мыңдайы абақтыға жабылған. Оңтүс­тік Қазақстан облысында (Жамбыл, Түр­кістан, Қызылорда) сол жылдары 4001 адам атылып, 13 мыңға жуығы түрлі мер­зімдерге сотталған. Қазақстан жерінде реп­рессия жылдарын­да сотталғандар жата­тын бірнеше бөлімшелері бар ірі-ірі лагерьлер болған.

Кейбір адамдардан «репрессия ке­зінде қазақтар бір-бірін ұстап берді, әйт­песе Ста­линнің біздің аталарымыздың аты­лып, сот­талуына ешқандай қатысы бол­ған жоқ» деген әңгімелерді есітіп қала­­мыз. Тіп­ті біреулер «1937-38 жыл­дары Өзбек­станда – 7-ақ адам, Тәжік­станда – 1-ақ адам атылған, ал бізде аза­мат­­тардың көп қы­рылуына себепкер бол­­ған жайт – қазақ­тардың бір-біріне деген жау­лығынан туын­даған» деген де жөн­сіз пікірлер айтылып жүр. Ондайларға айта­­йын, репрессия тіке­лей Сталин мен Ежов­тың және оларды қол­даған жер­гілік­ті басшылардың қолы­мен іске асқан шаруа. Содан соң 1937-38 жылдары Өз­бекстанда 7 адам емес, 41 мың­дай адам жапа шеккен, оның 5 619-ы атыл­ған. Қырғызстанда 8 мыңдай адам сот­талып, мыңға жуығы атылған. Тәжік­станда 3 мыңдай адам қамалып, 911-і атыл­ған. Жалпы, қуғын-сүргін кезеңінде 70 мың­ға жуық мұсылман азаматы аты­­лып, 300 мыңдайы лагерьлерде азап шек­кен.

 

Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,

жазушы