Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-технологиялық паркінің директоры Әмірхан Темірбаев: «Конструктормен жұмыс істеу барысында білім алушылардың технология саласындағы дағдылары дамиды. Олар осы ғарыш аппаратын жобалауда тәжірибелік білім алады. Конструктордың көмегімен оқушы немесе студент өз наноспутнигін жинап, оны гелий шарының көмегімен стратосфераға жібере алады. 2017 жылы ҚазҰУ-дың Al-Farabi-1 алғашқы наноспутнигі ғарышқа ұшырылғанын атап өткім келеді. 2018 жылы Илон Маск компаниясы біздің университетте құрылған Al-Farabi-2 екінші наноспутнигін іске қосты», деді.
Сондай-ақ ҚазҰУ ғалымдары физика заңдарын зерттеу үшін мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен құрды. Жабдықтың көмегімен әртүрлі зертханалық жұмыс жүргізуге болады. Кешеннің басқа жабдықтармен салыстырғанда бірқатар артықшылығы бар. Мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен ықшам және мобильді: бүкіл кешен портативті шамаданға салынып, батареямен жұмыс істейді.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары медициналық имплантант үлгілерін шығару бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік учаске құрды. Өнімдер жергілікті шикізат – жоғары сапалы титаннан жасалды. Жоба жоғары технологиялық саланың импортын алмастыруға бағытталған. Отандық импланттар өзіндік құны бойынша айтарлықтай төмен, яғни азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына қолжетімді.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі орталықтың ғылыми қызметкері, PhD доктор Бағдат Азаматов: «Біз травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе сынықтарға арналған 12-ден астам сұранысқа ие имплантатты анықтадық. Біз жасаған инновациялық титан кейдждері омыртқааралық дискілерді ауыстыру үшін қолданылады. Олар құрылымы мен қасиеті бойынша адам сүйегіне барынша ұқсас. Біз имплантаттарды 3D-принтерде басып шығарамыз, қазір тәжірибелі үлгілер клиникалық сынақтардан өтіп жатыр. Титан импланттарының адам ағзасына тез бейімделетіні байқалады», деп атап өтті.
Dulaty University студенттері инсульт алған науқастарды оңалтуға арналған инновациялық тренажерлер ойлап тапты. Олар өздері жасап шығарған жаңашылдықты «Science Slam-Қазақстан» ғылыми-танымал шоуында таныстырып, жас ғалымдар арасындағы байқаудың жеңімпаздары атанды.
Жобаны әзірлеушілердің бірі, жас ғалым Александр Скалкин: «Біз алдымызға инсультпен ауыратын науқастарды оңалтуға арналған арзан әрі тиімді тренажерді әзірлеу міндетін қойдық. Дизайнның ыңғайлы етіп жасалуына байланысты тренажерлерді әртүрлі бұлшықет топтарына жаттығулар жасау үшін қолдануға болады. Сіз жүктеме дәрежесін және серіппелердің кернеуін өзгерте аласыз. Сондай-ақ тренажерлердің көмегімен инсульт алған науқастарды оңалту үрдісін айтарлықтай тездететін жеке курстар ұйымдастыруға болады. Отандық тренажерлердің тағы бір артықшылығы – олардың ыңғайлылығы. Тренажерлер металдан, ағаштан және былғарыдан жасалған. Сондықтан олар беріктігі жоғары және тозуға төзімді», деді.