Баспасөз конференциясында сөз алған ведомство басшысы А.Аймағамбетов аталған ұлттық жобада білім беру жүйесінің барлық сатысында салаға қатысты түрлі түйткілдің түйінін тарқату жолдары қарастырылғанын жеткізді.
«Ұлттық жоба бес міндеттен тұрады. Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді. Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізіледі. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарты «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде өзгертіледі», деді министр.
А.Аймағамбетовтің айтуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Соның ішінде Мемлекет басшысы әрдайым назарда ұстап отырған өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту мәселесі күн тәртібінде тұр. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданбақ. Сонымен қатар жоба шеңберінде 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.
«Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Мектептердегі орын тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1 мың мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5 мың мектеп модернизацияланып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалады. Төртінші міндетке келсек, бұл – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар (NEET – оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз саяси және азаматтық белсенділігі аса төмен, жауапкершілікті мойнына алып, белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастардың жалпы жиынтығы) үлесінің төмендейді деп болжап отырмыз», деді ведомство басшысы.
Министр мәлімдегендей, білім беру саласын дамытуға арналған ұлттық жобаның бесінші міндеті қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Ұлттық жоба шеңберінде Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) және 2 озық ЖОО құрылады. Назарбаев университетінің үлгісіндегі екі ЖОО Петропавл мен Шымкентте бой көтермек. Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Негізінен ұлттық жобаның өзін бөлек қарамаған жөн. Осы ұлттық жобамен бірге жүретін білім беруді дамытуға арналған тұжырымдама бекітіледі. Бекіту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тұжырымдамаға қоса тиісті жоспар әзірленеді. Міне, сол үш құжатты бірге қарағанда, білім саласының алдағы дамуына қатысты күрделі сұрақтарға жауап табуға болады», деді А.Аймағамбетов.