Білім • 22 Қазан, 2021

Ел ертеңі – сапалы білімде

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды. Осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын таныстырды.

Ел ертеңі – сапалы білімде

Баспасөз конференциясында сөз алған ведомство басшысы А.Аймағамбетов аталған ұлттық жобада білім беру жүйесінің барлық сатысында салаға қатыс­ты түрлі түйткілдің түйі­нін тар­қату жолдары қарасты­рыл­ғанын жеткізді.

«Ұлттық жоба бес міндеттен тұрады. Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орын­дау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді. Бұған қоса Мемлекет басшысының тап­сыр­масы аясында барлық мектеп­ке дейінгі ұйымда бала дамуы­ның жаңа моделі енгізіледі. Мек­тепке дейінгі тәрбие мен оқыту­дың мемлекеттік стандарты «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негі­зінде өзгертіледі», деді министр.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Соның ішінде Мемлекет басшысы әрдайым назарда ұстап отырған өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту мәселесі күн тәртібінде тұр. Ұлттық жоба ая­сында оқу­шылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бо­йынша кешенді шаралар қабыл­данбақ. Сонымен қатар жоба шең­берінде 12 жылдық оқытуға көшу жос­парланып отыр. Биылдан бас­тап қосымша білім беруге мем­лекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда. Бұл процесс кон­курстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.

«Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамта­масыз ету. Мектептердегі орын тап­шылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1 мың мектеп салу жос­парланған. Нәтижесінде, үш ауы­сымды мектептер жо­йылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп кү­тілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталық­тарында, ауылдарда 5 мың мектеп модернизацияланып, балалар­ды оқыту үшін қауіпсіз және қо­лай­лы жағдайлар жасалады. Төр­тінші міндетке келсек, бұл – қолжетімді және сапалы тех­ни­калық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажет­ті мамандықтар бойынша тегін тех­никалық және кәсіптік білім­мен қамтамасыз етіледі. Қам­туды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар (NEET  – оқуға, еңбектенуге, ізде­нуге құлықсыз саяси және азамат­тық белсенділігі аса төмен, жауап­кер­шілікті мойнына алып, белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастардың жалпы жиынтығы) үлесінің тө­мендейді деп болжап отырмыз», деді ведомство басшысы.

Министр мәлімдегендей, білім беру саласын дамытуға ар­налған ұлттық жобаның бесін­ші міндеті қазақстандық жоға­ры оқу орындарының бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруға бағыт­талған. Ұлттық жоба шеңберінде Назар­баев Университетінің тәжіри­бесі бойынша 20 акаде­миялық артықшылық орта­лығы (15 өңірлік және 5 педаго­ги­калық ЖОО) және 2 озық ЖОО құрылады. Назарбаев универ­си­те­тінің үлгісіндегі екі ЖОО Петро­павл мен Шымкентте бой кө­термек. Сондай-ақ 2025 жыл­дың соңына дейін шетелдік жоға­ры оқу орындарының 5 филиа­лын ашу жоспарлануда, бұл жас­тардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Негізінен ұлттық жобаның өзін бөлек қарамаған жөн. Осы ұлттық жобамен бірге жүретін білім беруді дамытуға арналған тұжырымдама бекітіледі. Бекіту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тұжырымдамаға қоса тиісті жоспар әзірленеді. Міне, сол үш құ­жатты бірге қарағанда, білім саласының алдағы дамуына қа­тысты күрделі сұрақтарға жауап табуға болады», деді А.Айма­ғамбетов.