Медицина • 22 Қазан, 2021

АИТВ-ға тестілеу қызметіндегі инновация

211 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлар тарту, технологиялар мен жаңа әзірлемелердің трансфертін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Осы тапсырмаға орай, жуырда ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күресуге арналған Жаһандық қордың қаржылық көмегі арқылы ЖИТС өңірлік орталықтарының 15 зертханасы оңтүстіккореялық BioneerCorporation компаниясының автоматтандырылған ПТР жабдығына ие болды. Бұл қандай жабдық және оның пациенттердің денсаулығын сақтауға қалай септесетіні жөнін­де Денсаулық сақтау министрлігі Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Асылхан ӘБІШЕВПЕН әңгімелескен едік.

АИТВ-ға тестілеу қызметіндегі инновация

– Асылхан Төреханұлы, АИТВ жұқтырған адам бұл кеселден құлан-таза айық­пай­тынын біледі, алайда келе­шек­те оны толығымен жою мүм­кін бе?

– Қазақстанда АИТВ-инфек­циясының эпидемиясы бүгін­гі таңда шоғырланған сатыда тұр және елімізде ауру­дың та­ралуын шын мәнінде тоқ­та­ту­ға нақты мүмкіндік бар. Бұл үшін дәрігерлердің қолында екі тиім­ді құрал бар. Біріншісі – анти­ретровирустық препараттар, олар организмдегі вирус­тың көбеюін толығымен басады (бірақ одан құтылмайды). Екіншісі – зертханалық диагнос­тика, бұл АИТВ инфекциясын уақтылы анықтап қана қоймай, қол­данылатын емдеу сызбалары ви­рустың белсенділігін тиім­ді түрде тежейтініне көз жет­кізуге мүмкіндік береді. Осы құ­рал­дар­ды қолдана отырып, еліміз эпи­демияны тоқтатуға кепілдік бере­тін үш маңызды қадамды орын­дауы керек. Бірінші қа­дам – елде тұратын, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың (АӨА) кем дегенде 95 пайызын анықтау қажет. Екіншісі –

АӨА-дың кем дегенде 95 па­йызына антиретровирустық препараттар беру. Дәрі-дәрмектерді дұрыс қабылдаған науқас өз денсаулығын қорғап, сақтап, басқаларға қауіпті жұқпалы адам болуды тоқтатады және аурудың таралуын тежейді.

Өкінішке қарай, пациент­тер­дің емдеу кестесін сақта­май­тын­дықтан немесе вирустың мутациясының нәтижесінде дәрі-дәрмектердің тиімділігі айтар­лықтай төмендеуі мүм­кін. Сондықтан үшінші қа­дам­­ды орындау маңызды – анти­ре­­тровирустық терапияны қабыл­да­ған пациенттердің 95 пайызында вирустың белсенділігі толығымен басылғанына көз жеткізу. Бұл үшін дәрігерлер па­циенттерін сандық ПТР ана­лизі­мен үнемі тексеріп отыруы керек және олардың қанындағы вирустық бөлшектердің саны анықталмайтын деңгейде қала­ты­нына көз жеткізуі керек.

– Бұл үшін, әрине, диаг­нос­тикалық жабдық қажет. Жа­қында аймақтық ЖИТС орта­лық­тарында оның ең озық түрі пайда болды. Ол қандай жабдық?

–ЖИТС-пен, туберкулез­бен және безгекпен күре­су­ге арналған Жаһандық қор­дың қаржылық көмегінің арқа­сын­­да біз оңтүстіккореялық BioneerCorporation ком­па­ния­сы­­ның автомат­тан­ды­рылған ПТР жабдығына ие болдық. Бұл жаб­дық Дүние­жү­зілік денсаулық сақ­тау ұйымы­ның заманауи клиникалық стан­­дарттарын сақ­тай отырып, па­циент­тер­дің ден­сау­лығын ба­қы­лауға мүм­кін­дік береді. Қа­зіргі таңда нау­қас­та­рымыздың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды.

Егер бұрын «100 мл/кө­шір­меден кем» немесе тіпті «500 мл/көшірмеден кем» деген сияқ­ты толық анықталмаған нәтижені алып жүрген пациенттер қолданылатын дәрі­лік пре­па­раттардың вирус­тық бел­сен­ділігін толық бәсең­де­те­ті­ніне сенімді бола алмаса, енді «АИТВ РНҚ анықталмады» деген нәти­же­ні алғаннан кейін олар өз денсаулығы мен жақындарының қауіпсіздігі үшін алаңдамай, тыныш өмір сүруі мүмкін.

Зерттеулердің сапасын қам­та­масыз ету мақсатында зерт­ханаларды үнемі жаңғыр­тып отырамыз. Дәстүрлі иммуно­фер­мент­ті талдауға (ИФТ) арналған жартылай автоматты жабдықтың орнына ЖИТС орталықтарына әлемге әйгілі өндірушілер – OrthoClinicalDiagnostics, Ab­bott­­Laboratories, Siemens және Roche заманауи, то­лық авто­мат­тан­дырылған ИХЛТ жабдығы (иммуно­хе­ми­лю­ми­нис­цент­тік тал­­дау) келеді.

Роботтандырылған стансаларды пайдалану қате нәти­же­лер­дің пайда болу қаупін азайтып қана қоймай, зертханаларға халықтың АИТВ инфекциясына тестілеуге деген өсіп келе жат­қан қажеттіліктерін жеңуге мүм­кіндік береді. Сонымен қа­тар зертханалық ақпараттық жүйелерді практикаға енгізу арқылы талдаулардың нәти­желері зертханашы дәрігер­дің тексеруінен кейін дереу клиент­тер­дің ақпараттық жүйе­леріне – емханаларға, перзент­ха­на­ларға, ЖИТС орталықтарына тексеру үшін күн сайын қан жіберетін жеке медициналық ұйымдарға жіберіледі.

– Осылай аймақтық ЖИТС орталықтары зерт­ха­на­­ларының техно­ло­гиялық пар­кін жаңғырту зерттеу нәти­же­лерінің абсолюттік сенім­ді­лі­г­іне кепілдік бере ала ма?

– Бұл үшін іс-шаралардың тұтас кешенін қабылдау қажет. Мысалы, зерттеулердің сапасын тұрақты бақылауды жүзеге асыру және сапаны сыртқы бағалау бағдарламаларына (ССБ) қатыса отырып, өз нәтижелерін тәуелсіз сараптамалық зертханалармен жүйелі түрде салыстырып отыру керек.

Бүгінде ЖИТС орта­лық­та­рының барлық зертханасы мін­дет­ті түрде күнделікті ішкі сапа­ны бақылауды орындайды және әртүрлі халықаралық ССБ бағдарламаларына қатысады, сондай-ақ олар орындайтын ИФТ, ИХЛТ және ПТР зерт­теу­ле­ріне сәйкестік сертификаттарына ие.

Қабылданып жатқан іс-шара­лар­дың қисынды жалға­сы ЖИТС орталықтары зертханаларының ISO 15 189 халықаралық стандарты бойынша аккредиттеу туралы сертификаттар алуы. Бүгінгі таңда 5 зертхананың осындай сертификаты бар, қалғаны аккредиттеуге белсенді дайындық жүргізіп отыр.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»