Әдебиет • 22 Қазан, 2021

Сайынды не үшін оқимыз?

878 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгідей күздің қоңыр салқы­нын­да себепсіз Сайын­ды оқығың келетіні қы­зық. Әрине, кезекті рет. Сөреңде оқылмаған түр­лі кітаптар сықиып тұр­са да, дәл осы мезгілде ешқай­сысына зауқың болмай­ды. Іштегі бір да­уыс «Қылауды», «Жабайы алма» мен «Жусан исін» іздеп тұрады. Иә, көңіл күй де кітап талғайды. Әсі­ресе, күрең күздің сары-ала сағынышқа толы күндерінде кейіпкер-Әсет­пен («Басында Үш­қара­ның») бірге сонау өлкедегі туған ауылға, алыс-алыс қыраттарда қалған ба­лалық шаққа – жып-жылы естеліктерге сапар шеккіміз келер. Әлде күн суыса, Сайынға тар­татын Аянның көкесінің жусан исі сіңген күпәйкесі ме екен...

Сайынды не үшін оқимыз?

Бұған дейін жазушы Сайын Мұрат­беков туралы мың-сан пікір айтылды: бұл да соңғы сөз емес. Ең бастысы, оның классик екені ақиқат. Осы тұста қайталап оқылатын жазушы – нағыз жазушы де­сек, тым жаттанды көрінуі мүмкін. Де­ген­мен оқырман араға уақыт салып, шы­ғармадағы бұрын кешкен сезімдерді іштей сағынып, міндетті түрде Сайынды іздейді. Сол кейіпкерлерді танымайтындай, сол оқиғалардан мүлдем бейхабар кейіпте қайта оқи бастайды. Қайта тебіренеді, қайта толқиды.

Соғыс уақытындағы балалардың бә­рі­нің тағдыры бірдей болды: көкелері соғыстан қайтпады, жалғыз шешенің бей­нетімен ержетті. Сайынның да өмірі өзгелерден өзгеше болмады. Алайда сол дәуірден шыққан жазушылардың шы­ғармаларында, байқап қарасаңыз, қай­ғының ізі кездеседі, өмірге деген өкпенің, әділетке деген жауапсыз сұрақ­тардың табы болады. Ол қа­лып­ты сияқты. Ал Сайынның қала­мына бұл нәзіктік қайдан келді? Шығар­­маларындағы жылулық қандай жү­ректен төгіліп жатыр?

Ол тек кейіпкерлерінің «Жабайы ­ал­ма» жеп өскенін айтады. Жабайы алма – жазушы творчествосындағы негізгі әде­би фон іспеттес. Ауыл өмі­ріндегі түрлі оқи­ғалар, кейіпкерлердің ішкі сезінулері мен көзқарастары осы жабайы алма аға­шы­ның айна­ла­­сында өрбиді. Осы бір деталь арқы­лы шығармаларындағы өмір сабақ­тарының салмағы сезіледі. Жабайы алманың қышқыл дәмінің астарында өмірдің өзі жатыр.

Флобер бірде: «Әңгіме жазу қиын бол­ған соң роман жазуға мәжбүр болдым» деп ағынан жарылыпты. Әңгіме – жазушы шеберлігінің айнасы екенін, онда қаламгердің артықшылығы да, кем­­шілігі де көктамырланып көрініп тұра­­тынын білеміз. Осы бір шағын жанр­­дың шыңында тұрған Бейімбет сияқ­­ты жазуға көп адам ұмтылды. Сол үміт­тілердің ішінде Сайын Мұрат­бе­ков­­тің жұлдызы жарық. Ол алғаш­қы
жа­­з­уынан-ақ жаңылған жоқ. Шал­ғайдан мен­­мұндалап, бө­лек біт­кен болмысымен баурады. Оқыр­ман оның әңгімелерінің өмірдің өзіндей шына­йылығына сенді. Сырлы саздай төгілген нәзік лиризміне елітті, елік­теді. Шығармаларында көркем­діктен бөлек әлдебір баяу музыка бардай әсер қалдыратынына таңғалды.

Сайынның стилінде жазып, Аян мен Сатай сынды оқырман жадында жатталар кесек бейнелер жасауға талпынғандар да аз болған жоқ. Мәсе­лен, «Менің қарын­дасымнан» кейін ақ бантикті қыздар жа­йында әртүрлі деңгейде жазылған шығар­малар көбейді. Ал «Жусан иісінен» соң әде­­биетте жусан туралы жамы­рай жазу үр­дісі белең алды.

Сайынның паспортына айналған осы повестің қалай жазылғаны туралы жа­зушының жары өз естеліктерінің бі­рінде: «Сайын көбіне түнде жазатын. Күз­де қарлы жауын жауады ғой. Әсі­ре­се, сол кезді қатты жақсы көретін. Он­дай уақыттарда жұмыстан келе сала жа­зуға отыратын. Әуежай маңындағы үй­ден қаладағы пәтерге көшкенде Са­йын­­ның «Көкорай», «Күсен-Күсеке», «Жа­­байы алма», «Жусан иісі», «Басында Үш­қара­ның» сынды шығармалары дүниеге келді. «Жусан иісін» жазып біткен соң ол керемет көңіл күйде жүрді», дейді. Иә, жазушы да оқырманға қимас дос болатын ертегіші бала сыйлағанын сезген шығар. «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын» де­ген жалынышты үнмен балалардың соңы­нан далбақтап жүгіретін Аянның тағ­дыры – сол дәуірдің көркем жазудағы көрі­нісіне айналды. Бұл Аянның образы тек сол уақыт кеңістігіне ғана сыяды деген сөз емес. Соғыс жылдарында аш­қарынға алма жеп өскен балалардан кейін қаншама ұрпақ алмасты. Сол уақытта қан майданның дүмпуі елдің үрейін ұшырса да, қазір ол да бір тарихи оқиға болып, санада Жеңіс күні мерекесі болып қала берді. Десек те ертегіші Аянның образы бүгінгі тәуелсіз ұрпаққа да бөтен емес. Әлі қанша уақыт оқыла беретінін кім білсін... Классиканың күші осында шығар.

Жазушының Ғұмар деген досы былай деп айтқан екен: «Сенің «Отау үй» атты кітабыңда «Жусан иісі» атты әңгімең бар емес пе?! Міне, соны оқыған біздің ауыл­дың Тәжібай, Науқан деген ағайынды меха­низатор екі жігіттің үлкені: «Бұл мен туралы жазылған екен», дейді қызып отырып. Оны естіген кішісі: «Жоқ, мұндағы Аянның тағдыры тура маған ұқсайды», деп оған қарсылығын білдіреді. Сөйтіп екеуі шартпа-шұрт төбелесіп, ақырында оларды әзер айырып алыпты». Аян – ауыл балаларының тағдырынан құралған жиын­тық образ болған соң мұндай оқиғаның бір емес, бірнеше рет болғаны сөзсіз.

Кейде Сайын мен Оралхан Бөкей­дің жазуында ортақ бір дүниелер бар сияқты көрінеді. Ішкі сезінуі, кейіп­керден шығып кетіп ой соғулары ұқсай­тындай.

Сайын роман жазған жоқ, есесіне бірталай әңгіме-повестері қайталап оқылады. Ол мемлекеттік қызметте де еңбек етті. Жазушының бұл таңдауы шығармашылығына әсер еткен де болар, бәлки. Одан бөлек Сайынның аудармашылығы жиі айтылмайды. Ол Әнуар Әлімжановтың белгілі роман-повестерін, Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам» романын, т.б. көркем шығармаларды тәржімалады.

Биыл сол қарасөздегі лирик Сайын­ның туғанына 85 жыл толып отыр. Мерей­тойлық дәстүрді аңсап, әдет­тегідей, ес­керткішін түгендеу – мақса­тымыз емес. Оның үстіне Сайынның шығармалары да жиын-тойларға мұқтаж емес. Дегенмен жазушының биылғы мерейтойы аталып өтілмеді. Кейде әдебиетте де әділетсіз­дік бардай көрінеді. Кез келген талантты қаламгер өмірден өткен соң жоқтаушысы болмаса, ұмытылып кете барады (мәселен, Тәкен Әлімқұлов, тіпті кешегі Фариза қоғамнан алыстап бара жатқандай). Сайын да осы бір өліара шақта көп аталмай, қоғамының әділетсіздігінен уақыттың шыңырауына түсіп кетпесе екен дейміз. Бірақ классика оған дес бермес.