«Бірінен кейін бірі толассыз түсіп жатқан адамдардың көптігіне қарамастан, медицина қызметкерлері бірде-бір науқасты назардан тыс қалдырмай, өбектеп жүріп өлім аузынан алып қалып жатыр. Өз атымнан ғана емес, індет тырнағына ілініп, госпитальда емделіп, айығып, аман-есен үйіне оралған барша науқастардың атынан дәрігерлерге алғыс айтамын! Госпитальда болып жатқан өлім мен өмірдің арасындағы арпалысты дәрігерлер мен науқастар ғана біледі. Өз басым өкпем 25% зақымданып 11-палатада жаттым. Мені қойшы, өзгелермен салыстырғанда, жарам жеңіл болды. Қасымдағы Евгений есімді жас жігіт қызуы көтеріліп, көпке дейін дірілдеп жатты. Дәрігерлер қанша тырысқанымен дене қызуын түсіре алмады. Медбике науқас көршімнің қасынан таң атқанша кетпеді. Дәрі көмектеспеген соң, Женяның денесін әлсін-әлсін спиртпен сүртіп отырды. Кейде қалғып кетіп, көзімді ашып қалам да, медбикенің әлі отырғанын көрем. Шынтуайтына келгенде, оның міндеті – дәрі салу ғана ғой, ал мен көрген медбике дәріден қайран болмаған соң, өз әжесінен үйренген халық емін қолданып, науқастың денесін таңға дейін спиртпен сүртіп отырды. Оған қарап отырып, егер дәрігердің бойында адамгершілік, жанашырлық, жауапкершілік сынды адами қасиеттер болмаса, науқасты ешбір емдеу хаттамасы құтқарып қала алмайтынына көзім жетті», деді дертінен айығып шыққан науқас.
Г.Уманский науқастардың көптігінен медбикелердің тәулігіне 24 сағат бойы тізе бүкпей жанталасып жүретінін жеткізді.
«Мұндай мамандарға тірісінде ескерткіш қойса, артық болмайды. Бәрі – жап-жас қыздар. Біз түнге қарай ұйқыға кетеміз, ал олар әлі зыр жүгіріп жүреді. Таңертең оянсақ, шаршаған, бірақ әлі ем-дом жасап жүрген медбикелерді көреміз. Палатаның тазалығын сақтау да сол кісілердің мойнында. Мен 10 күн ішінде 10 келі салмақ жоғалттым. Короновирус дегенің – жай нәрсе емес, нағыз тажалдың дәл өзі. «Басы ауырмағанның балтыры сыздамайды» демекші, ауырмаған адам палатада болып жатқан сұмдықты білмейді, білмей-ақ та қойсын», дейді Г.Уманский.
Герхард – Германияның азаматы, алайда Қазақстанда тұруға да заңды рұқсат қағазы бар. Қазір Қостанай қаласында тұрады. Айтуынша, қостанайлық дәрігерлер Еуропа дәрігерлерінен еш кем түспейді. Адамгершілік ұлтқа қарамайды. Оған біздің дәрігерлердің жанкешті еңбегі дәлел бола алады.
Қостанай облысы