Зерттеуді жүргізген Павлодар педагогикалық университетінің археолог ғалымдары қорымдарды Қимақ қағанатының өмір сүру кезеңіне жатқызып отыр. Қимақ қағанаты – астанасы Ертіс өңірінде орналасқан көшпелі империя.
Археологиялық экспедицияның жетекшісі, Павлодар университетінің Margulan Centre директоры Тимур Смағұлов: «Байдала ауылы маңындағы Қимақ қорғандары үлкен ғылыми құндылыққа ие. Топырақтың химиялық құрамына байланысты ағаш бұйымдары, жібектен тігілген киімдер, сондай-ақ былғары мен металдан жасалған түрлі заттар сақталған», дейді.
Айтпақшы, бұған дейін қазба жұмыстары барысында «Қимақ күймесі» табылған болатын. Ғалымдардың айтуынша, «Қимақ күймесі» Еуразия аумағындағы ортағасырлық көшпелілердің жылжымалы тұрғын үйінің жақсы сақталған жалғыз үлгісі саналады.
Павлодар университетінің ғылыми қызметкерлері скиф-сақ дәуірінің жерлеу орындарын да зерттеп жатыр. Мысалы, қорғандардың бірінен б.з.д. 1 мыңжылдықтың екінші жартысына жататын қыш ыдыстар мен ересек адамның сүйектері табылды.
Археологиялық жұмыстарға ғалымдармен бірге Павлодар педагогикалық университеті мен Торайғыров университетінің студенттері де атсалысып жатқанын айта кетейік.