Медицина • 27 Қазан, 2021

Денсаулықты күтуге дағдыланбағанымызды көрсетті

466 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Өмірде ерлерге қарағанда, әйел адамдар денсаулығына дұрыс қарайды, дәрігерлерге жиі тексеріліп тұрады» деген түсінік қалыптасқан. Өйткені қыз-келіншектерде жауапкершілік жоғары, бір жағынан аяғы ауыр кезде ұдайы дәрігерлер бақылауында болып, тексеріліп жатады. Әйтсе де бала босанатын жастан асып кеткендер мен жас қыздардың денсаулығы қалай екен?

Денсаулықты күтуге дағдыланбағанымызды көрсетті

Биыл 26 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстанда #4women_RG әйелдер апталығы өткен болатын. «Әйел денсаулығы KZ» ағартушылық жобасы BISAM Central Asia компаниясымен бірге жүргізіліп, #AYELDER DAUSY_RG сауалдама-зерттеуіне 18 жастан 60 жасқа дейінгі іріктелген 1 202 респондент тартылған. Сондай-ақ «Яндекс-көзқарас» ресурсының көмегімен 2 083 әйелге анонимді сауалдама жүргізілді. Зерттеу нәти­желері көрсеткендей, әйелдердің тек 37%-ы 6 айда бір рет профилактикалық тексеруден өтіп, дәрігерлерге қаралып тұрады. Бес әйел­дің төртеуі жылына бір рет дәрігерге барады. Профилактикалық тексеруден толық бас тарт­қан әйелдердің үлесі 13%-ды құрайды, ал бас­қалары дәрігерлердің алдына сирек барады.

Жасырын сауалдаманың нәтижесі көңіл құлазытатын жағдайларды да анықтап отыр: респонденттердің үштен бір бөлігі дәрі­гер­лерге 3 жылда бір рет қана көріне­ді. Нәти­жедегі айырмашылық сауалдама әдіс­теріндегі айырмашылыққа байланыс­ты. Нәзік тақы­рыптарға келгенде респонденттер анонимді сауал­дамаларға ашық жауап береді. Өйткені олардың аты-жөні маңызды емес.

Ал енді профилактикалық тексеруден бас тарту себебі денсаулығына шағым жоқ, болмаса қаралуға уақыт жетпейді. Өкінішке қарай, денсаулығын мазалайтын белгілер пайда болса да, мінез-құлықтың жиі кездесетін сценарийі – күту. Егер ­симптомдар біраз уақыттан кейін жойылмаса, онда әйелдердің 51%-ы дәрігерге ­барады, ал 16%-ы маманның көмегіне жағдай айтарлықтай нашарласа ғана жү­гіне алады. Қысқасы, осы зерттеулер­ге қатысқан мамандар төмендегідей дәйек­терін алға тартып отыр.

«Сауалдама нәтижесі еліміздегі әйел­дер­дің денсаулығына қарау мәдениеті қалып­таспағанын растайды. Егер әйел кем дегенде жылына бір рет маманға бармаса, онда талай дертіне асқынып кетпейінше ­уақ­тылы диагноз қойылмайды. Бұл бо­лашақ­та қай­ғылы салдарға әкелуі әбден мүм­кін: әйел­дің репродуктивті функция­сына ­немесе онко­логиялық аурулардың өр­шуі­не әсер етеді. Сон­дықтан медицина­лық профилактикалық тек­се­рулерге уақыт бөлу қажет. Оларды жылына екі рет өткізген жөн – бұл маманға бару­дың оңтайлы кезеңі. Емделгеннен гөрі ауру­ды алдын алу оңайырақ», дейді Қазақстан репро­дуктивті медицина қауымдастығының ­пре­зиденті, репродуктолог-дәрігер, профессор Вячеслав Локшин.

Сондай-ақ сарапшы репродуктив­ті денсау­лықты сақтау және қалпына кел­тіру маңызды медициналық және мемле­кет­тік міндет еке­нін атап өтті. Сауалдама нәтижесі бойынша респонденттердің тек 26%-ы қазіргі заманғы контрацепция­­ға оң қарайды. Бұл ретте рес­понденттер­дің үштен бірінен көбі (36,10%-ы) бала туу мәселесінде Жаратушының еркі­не сүйенгенді құп көрсе, қалған 12,9%-ы гор­мон­дық препараттарды қабылдаудан қорқады.

Бұл мәселеде Жыныстық және репро-
­дук­тивті денсаулық жөніндегі қазақстан­дық қауымдастықтың директоры, контрацепция жөніндегі Еуропалық қоғам­ның басқарма мүшесі, акушер-гинеколог Г.Гребенникова «Жүктілікті жоспарлау – туа біткен аурулары бар баланың туылу қаупін азайтуға, сондай-ақ болашақ ана­ның жүктілік пен босану кезіндегі асқыну­лар санын азайтуға бағытталған алдын алу шараларының кешені» деген тұжырым жасайды.

Сондай-ақ сарапшы екі жүктілік арасы кемі 2-3 жыл болуы керек екенін еске салады. Сонда ерлі-зайыптылар арасында жылы қа­рым-қатынас орнап қана қой­май, балалар да жайлы отбасында туылады. Бұл мерзімнің қысқаруы мерзімінен бұрын босануға, жаңа туған нәрестелердің физиологиялық тұрғыда кенже қалуына, сондай-ақ ананың немесе баланың өліміне әкелуі мүмкін.

Ал енді сауалдамаға қатысқан әйел­дердің 25%-ы менопауза басталған кезде гинекологпен кеңесуден бас тартады, жағдайын өз бетінше бақылауды жөн кө­реді. Әрбір бесінші респондент менопау­за ­кезінде ешқандай медициналық көмек қа­жет емес деп ойлайды.

«Статистикаға сәйкес, менопауза әйел­дердің тек 20-30%-ында асқынбай өтеді. Ерте кезеңдерде қалған 70%-да әртүрлі белгі пайда болып, ысынып-суынып, тер­шеңдік пайда болып, ұйқы мен есте сақтау қабілеті бұзылып, мазасыздық, остеопо­роз, артрит, тіпті Альцгеймер кеселі бай­қа­лады. Бүгінгі таңда салыстырмалы қауіп­сіздік пен ыңғайлылықты біріктіретін жаңа тиімді трансдермальды гормоналды пре­параттар бар, оларды тек дәрігер таға­йындай алады», дейді акушер-гинеколог Г.Гребенникова.

Осы «Әйел денсаулығы KZ» әлеу­мет­тік-ағартушылық жобасына мұрындық болған Gedeon Richter KZ ЖШС бас директоры Ремигиюс Нараускас: «Әйел денсаулы­ғы – біздің компания жұмы­сының ба­сым бағыт­тарының бірі. 120 жылдан бері біз бүкіл әлем­дегі әйел­дер­дің дені сау болып, баланың туы­луын жоспарлауға көмектесіп келеміз. Со­ны­мен қатар Қазақстандағы 25 жыл ішін­де дәрігерлермен де, халықпен де білім беру іс-шара­ларын өткізіп жүр­міз. Осы мақсатта әйел­дердің өз денсау­лықтарын күтіп, түрлі кесел­дердің алдын алу мәсе­лелерін талқылап отыру қажет­тілігіне назар аударғымыз келеді дейді.

«Әйел денсаулығы KZ» жобасы жыл сайын зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Алынған нәтижелер әйелдердің өз ден­­саулығына қалай қарайтынын ­ба­­қы­­лау­ға мүмкіндік береді. Жобаның ағар­ту­шы­лық қызметі әйелдерге әсер етіп, өзін өзі қорғауға итермелеуі керек. Сон­дай-ақ #4women_RG әйел денсаулығы апта­лы­ғы­ның соңында алматылық Те­реңқұр қабырғаларының бірінде мурал жобасы жасалады. Суретте жарқын бо­лашаққа ұм­тылған қыз бала бейнеленген, оның қо­лында жобаның символы – әйелдің нәзік денсаулығын бейнелейтін гүл шоғы бар.

 

АЛМАТЫ