Өнер • 27 Қазан, 2021

Шөл шынары

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тораңғы ағашы – шөл даланың шынары. Қазақы ырымға сүйенсеңіз, оны отын ретінде отқа жағуға болмайды. Тіпті, кесуге де рұқсат жоқ. Өйткені сұр-қоңырқай қабығына пышақ тисе, қызғылт түсті сөл бөлінеді. Бұл қанға ұқсас сұйықтық оның көз жасына баланып, кескен адамды «тораңғының киесі ұрады» деп ойлаған.

Шөл шынары

Иә, картинаға қарап, шөл даланың көркіне айналған тораңғыны қарашы­ғыңыздай қорғауға ұмтыласыз. Құм құрсауында қанат жайған киелі ағаш­тың ұлттық танымда мәні зор. Белгілі суретші Қалиолла Ахметжан «Тораңғы» картинасы арқылы қайнаған ыстықта да тамыры құрғамайтын берік те шыдамды ағаштың болмысына бояу төгеді.

Тораңғы – құмды және тұзды жерлерде өсуге бейім. Қатты құрғақшылық пен жаздың аптап ыстығында да көлеңкесін жоғалтпаған табанды ағаш. Әйтсе де қасиетті ағаштың көлеңкесін паналауға болмайды екен. Байырғы ата-бабаларымыз солай ырымдаған. Тамырының мықтылығы арқасында жерасты суымен қоректенеді. Жаз мезгілінде Солтүстік Балқаш ай­мағында өсімдік біткен түгел дерлік қурап кетсе де тораңғы қыңқ етпейді.

Суретші туындыда уақыт пен желдің әсерінен жапырақтары сар­ғайып, бұтақтары қураған кәрі ағаш­ты бейнелейді. Кенепте күрең жа­пырақтары жарқырап, жерге көлеңкесін түсіріп тұр. Ашық аспан мен қара терек діңдерінің түс контрасты картинаны тіпті әрлендіреді. Одан әрі мәні мен маңызын айқындап тұрғандай.

Суретші ағаштың қолайсыз жер­де өсіп тұрғанына қарамастан, адамдарға көлеңке беру үшін жылдан-жылға жапырақ жаятынына таңғалады. Сөйтіп, оны алып адаммен теңестіреді. Қандай жағдайда да күш сақтаудың амалын іздеп, өзінің тамырына сүйеніп өскен тораңғы қазақтың өзіндей көрінеді. Картина дивизионизмге (пуантилизм) ұқсас Қ.Ахметжанға тән авторлық мәнерде орындалған.

Түрлі-түсті тұтас таңбаға айналған астыңғы қабаттың реңктері мен үстіңгі түс нүктелерінің оптикалық бірігуінің нәтижесінде кенепте ерекше композиция пайда болған. Картинаға алыс­тан қарасаңыз, оптикалық әсердің нәтижесінде кеңістіктің тереңдігі, заттардың нақты пішіні көрінеді. Ал жақыннан қарасаңыз, пішін мен әр­түрлі реңк ұсақ бояу жағындыларына айналады.

Осылайша, жарықтың түсуіне, қарау нүктесі мен қашықтығына байланысты картинаның жалпы құрылымы көрерменге ерекше әсер сыйлайды.