«Авиациялық жанар-жағармай тапшылығына қатысты елорда әуежайы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, авиациялық отынмен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдейміз. Қазіргі уақытта сипатталған сыни жағдайдың алдын алған», деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.
Оның айтуынша, әуежайда тұрақты жолаушылар және жүк рейстерін үздіксіз жанармаймен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр, Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қалпына келтіргенге дейін зауыттардан авиациялық отынды жеткізу кестесі әзірленді.
«Қазіргі таңда елорда әуежайында қалған авиациялық керосин нарықтың басқа қатысушылары, Air Astana әуе компаниясының, әскерилердің, мемлекеттік резервтің сақтауын есепке алғанда 3100 тоннаны құрайды. Жақын күндері 3900 тонна жеткізіледі деп күтіліп отыр. Бүгінде 3800 тонна авиакеросин жеткізуге келісім-шарт жасалып, төленді», деп толықтырды баспасөз хатшысы.