Өнер • 28 Қазан, 2021

Өнерпаз бойында бекзаттық болғаны дұрыс

605 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Ұлттық өнеріміздің бір төресі – би. Ол туралы айтқанда ойымызға алдымен атақты биші, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлова түседі. Осы аяулы апамыздың ізін басып, би өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырған Тойған Оспанқызының да орны ерекше. Ол танымал биші ғана емес, қазақ биін зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге үлес қосқан өнертанушы ғалым. Біз бүгін сахна саңлағымен өмірі мен өнері жайында сұхбаттастық.

Өнерпаз бойында бекзаттық болғаны дұрыс

Өнер ата-анамнан дарыды

− Өнер адамының жолы, тағдыры өзгеге ұқсамайды. Сіз қандай ортада өстіңіз, әке-шешеңіз кім болды, әңгімені содан өрбітсеңіз?

− Жалпы адам баласы өмірге дарынды болып келеді дейді, оны жетілдіру, талантын ұштау өзіне байланысты. Мен – шопанның қызымын. Бесінші сыныптан Ақтөбе қаласындағы малшылар мен теміржолшылардың балаларына ар­налған мектеп-интернатта оқыдым. Әкем тор­ғайлық, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов дүние есігін ашқан Ақкөлде туған. 20-30-жылдардағы қиын-қыстау кезеңде ағайын­дарымен Ақтөбеге ауып барып, сол жақтан үйленіп, тұрақтап қалған. Со­ғысқа барған, түрлі қиындықты бас­тан кешкен қажырлы адам еді. Домбыра шер­тіп, ән айтатын. Анам да өнерден қара жаяу емес. Маған өнер солардан дарыды деп ойлаймын. Мектепте жүргенде домбыра үйірмесіне барып, хорға қатыстым. Спорт­қа да «кет әрі» болмадым. Арасында билеп те жүрдім. Соның ішінде маған би өте жақын болды. Мектептің қасында облыстық мәдениет үйі болатын, сондағы би үйірмесіне жазылдым. Онда бізге бидің қыр-сырын кәсіби маман орыс жігіті үй­ретті. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Сөй­тіп, жоғары сыныпта түрлі мәдени іс-ша­раларда жеке билеп, көзге түстім. Оқу бітіретін кез де жақындап қалды. Бір­де «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш) газетінен Алматыдағы екі жылдық эс­трада, цирк және өнер студиясы туралы жа­зылған мақаланы оқыдым. Соған баруға аңсарым ауды. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Алматыға келдім, ешкімді танымаймын. Әйтеуір, біздің алдымызда мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түскен таныс балалар мен қыздар бар еді, соларды тауып алдым. Аталған өнер студиясы 1965 жылы ашылған, алғашқы түлектерін 1967 жылы ұшырса, екінші түлектері 1969 жылы тәмамдайды. Оқуға жастарды екі жыл оқытып, сосын қабылдайды екен. Мен 1968 жылы барып отырмын. Оқуға қабылдамады.

− Енді не істедіңіз?

− Ақтөбеге қайтып келдім. Ауылға барғым келмеді, онда барсам биден қол үзіп қаламын деп ойладым. Сондықтан қаладан жұмыс іздедім. Бармаған жерім жоқ. Он жетіге толмағансың деп ешқайда алмайды. Сөйтіп жүргенде, біреулерден Ақтөбе филармониясында қызмет істейтін Геннадий Шульга деген кісі іздеп жатыр дегенді естідім. Ол кісінің балдызы мектепте бізбен қатар оқыған. Мектеп бітіру кешіне келгенде ол менің билегенімді көріп, есінде сақтап қалыпты. Сол жылдары Ақтөбе облыстық филармониясын мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің алғашқы төрағасы Марат Оспановтың әкесі, белгілі музыкант Тұрлыбек Оспанов басқарды. Осы мекемеге биші болып орналастым. Кілең жақсылар мен жайсаңдар жиналған орта. Солардан тағылымды тәлім-тәрбие алып, тәжірибе жинадым. Ғалым Қойшыбаев деген ағамыз болды, сол кісінің зайыбы биші. Ол маған «Қарашаш» биін үйретті, соны биледім. Одан соң өзбектің әзіл-қимылға толы бір биін үйреніп алдым. Жұрт оны жақсы қабылдады. Аудандар мен ауылдарды аралап, көшпелі концерт қоямыз. Мен Геннадий Шульганың бригадасындамын. Геннадий − Ырғыздан, сондағы қазақ мектебін бітірген. Талантты музыкант еді. Аккордеонда шебер ойнайды. Қазақтың халық әндерін тамылжытып шырқайтын. Тазалықты жаны жақсы көреді. Мұнтаздай болып жүреді. Бізге сахна мәдениетін қатаң сақтауды тапсырған. Көшеге киген аяқкиіммен сахнаға шығармайды. «Сахнада халыққа артыңды берме, сахнадан ешқашан қырың­мен кетпе» деп үнемі айтып отырады. Сахна этикасын содан үйрендім. Ол кездегі ауылдағы мәдениет үйлерінің жағдайы да белгілі, оңды жарық та жоқ. Сонда ол кісі өзімен бірге үлкен лампочка алып жүріп, соны пайдаланады.

− Келесі жылы оқуға қайтып барды­ңыз ба?

− Иә, филармонияда бір жыл жұмыс істеп, жоғарыда айтқан өнер студиясына түстім. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Михаил Шатловский, Мелентина Габель, Гүлфайруз Қияқова сияқты ұлағатты ұс­таз­дардан дәріс алдым. Өнерімді шың­да­дым. Сол жылы «Гүлдер» ансамблі құ­рылды да, Гүлфайруз апайдың сіңілісі Дил­файруз Қияқова «Гүлдер» ансамблінің балетмейстері болды. Олардың бишілері студияда дайындалды. Солармен біз де қатар жүріп, би қимылдарының түрлі әдістерін меңгердік. Репертуарым байи түсті. Оқу бітіргенде репертуарым «Кес­те», «Тәжік», «Бұхар», «Орыс» билері се­кілді бірнеше бимен толықты.

 «Шертерді» жалпақ ел таныды

− Оқу бітіргесін қайда келдіңіз?

− 1970 жылы Торғай облысы ашылып, 1971 жылы наурызда филармония құрылды. Студияны бітірген 12 баланы осында жолдамамен жіберді. Жаңа құрылып жатқан облыс. Қиындық та кездесті. Бірақ соған шыдадық. Бірге келген кейбір жастар кері қайтып кетті. Филармонияның көркемдік жетекшісі Мәдениет қайраткері, композитор Қайыржан Мақанов ағамыз. Сол жылы «Торғай әуендері» деген эстрадалық ансамбль құрылды. 1973 жылға дейін сонда істедім. Бір қиыны, музыкант жоқ. Кәсіби музыкантты Алматыдан шақыртамыз. Сонымен аудан-ауылдарды аралап келе­міз. Ол кезде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз  Торғай облыстық партия комитетінің идео­логия жөніндегі хатшысы еді. 1972 жылы облыстық театр ашылып, оған Мәскеудегі Щепкин атындағы жоға­ры теат­р училищесін тәмамдаған бір топ тү­лек келді. Өрісіміз кеңейіп, қуа­нып қалдық. Солармен бір-бірімізді жатыр­қамай араласып кеттік.

− «Торғай әуендері» эстрадалық ан­самблі туралы көп айтылмайды, со­ған тоқталасыз ба?

−Негізі, «Шертер» фольклорлық ан­самблінің негізін «Торғай әуендерін» құрған жастар қалады. Олардың арасында Жүсіпбек Елебековтің класын бітірген көкшетаулық Дүйсен деген жігіт болды. Студияны бірге тәмамдаған Қыпшақ Қой­ғарин, Ораз Қожасов, Қазымгүл Бо­за­нова, Ақмоладан Тілеулес келді. Ре­сей­дегі Рязань облысынан келген ерлі-зайыпты сиқыршылар өнер көрсетті. Аталған ансамбльмен алғаш гастрольге шығып Амангелді, Жангелдин, Есіл, Жақсы, Қима, Жарқайың аудандарын араладық. Мұнда да кәсіби музыкант болмады. Бір тоқсан көшпелі концертке шықсақ, бір тоқсан отырамыз. Сол кезде мен облыстық театрға қосымша құрамға жұмысқа алынып, сонда бір жыл жұмыс істедім. Осы аралықта «Торғай әуендері» жабылып, 1974 жылдың ақ­панында «Шертер» фольклорлық ан­самблі құрылды.

− Бала күнімізде «Шертердің» аты естілгенде елең ете қалушы едік, оның ата­ғы да біраз жерге жайылды...

− Ол рас. «Шертерді» халық жақсы көр­ді. Қазірде фольклорлық ансамбльдер жетерлік, бірақ олардан шыққан тарсыл-гүрсіл дыбыстар мен металдың үні құлақ жарады. «Шертерде» ондай бөгде дыбыс болған емес. Таза музыкалық ас­паптардың үні естілетін. Өнерпаздар ұр­малы аспап­тағы ырғақты ұстап, сүйе­мелдеп отыра­тын. Ансамбльдің репертуа­ры да бай болды. Оны Өзбекәлі ағаның өзі қадаға­лады. Әсіресе ол кісі халық ән-күйі мен жергілікті өңірге арналған туындылар­ды айтуға мән берді. Мысалы, Қазымгүл Бозанова «Ағажан-Ләтипа», «Арқалықтың ақ таңы», «Қыз қуу» деген әндерді шырқағанда көрермендер орнынан тұрып кететін. Орыс халқының да әндері орындалды. «Шертерде» алғашында Сапарғали деген жігіттен басқа музыкант болмады. Сонда да қарап қалған жоқпыз. Өзағаң Амангелді ауданынан қобызшы Сапар Әбенов ағамызды алдырды. Жангелдин ауданы Қызбел ауылынан Шотбай Жол­дас­баевты тауып алып, оған концерт жүр­гізіп, сатириктердің скетчін оқытты. Целиноград филармониясында жұмыс істеп жүрген әнші Отаркүл Мұқа­това келді. Сол жылы Шымкенттің Мәдениет инс­титутын бітірген күйші Тұрсынбек Әлмағамбетов қатарымызға қосылды. Қыпшақ Қойғарин шертер аспабында ойнады. Осылай өнерпаздар қатары көбейе берді. Кейін ансамбль белгілі әнші Сайлау Ордабаев, композитор Қалибек Деріпсалдин, күйші Әбжан Сәрсенбаевпен толықты. Ауылдарды жиі аралаймыз. Ансамбль құрамындағы жалғыз биші болғандықтан, бір концертте сахнаға 8-9 рет шығамын. Ел адам­­дары бізді құрақ ұшып қарсы алып, жаны қалмай күтеді. Ән-күйімізді ұйып тың­дайды. Осылай «Шертердің» аты Тор­ғайға ғана емес, Қазақстанға танылды. 1974 жылы тың игерудің 20 жыл­­­дығына орай облыс өнерпаздары Ал­ма­тыға барып, концерт берді. Сонда Өз­бек­әлі Жәнібеков ағамыз үлкен баяндама жасады. Алматылықтар өнерімізді жоғары бағалап, жылы ілтипатын біл­дірді. Сол жылы Ресейдегі Тува ай­мағына гас­трольдік сапармен барып, концерт қойдық. Осы елден де ән­ші­леріміз бір-бір ән үйреніп қайтты. «Шер­тердің» атағының дүркіреуіне Өз­бекәлі ағаның еңбегі өте зор. Ол кісі ан­самбльдің репертуарынан бас­тап, әр­тістердің киіміне дейін мұқият қа­рады. Ұлттық музыкалық аспаптарын жа­қын білу үшін музыкатанушы, білікті ұстаз Болат Сарыбаевты шақырды. Күй­ші Мәлғаждар Әубәкіровпен жұмыс істедік. Мәскеуден хореограф Ольга Всеволодская-Галушкевичті арнайы алдырды. Бұл кісі қазақ би өнерін зерттеген маман, оның көмегі маған көп тиді.

 Өзбекәлі ағаның өнегесі

− Осы ансамбльде жүргенде репер­туа­ры­ңызда қандай ұлттық билер болды?

− Халқымыз «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтпаған. Ауылдарды аралап концерт қойғанда, өнерлі әже-апаларымыздан түр­лі би қимылдарын көріп, ойыма тү­йіп жүрдім. Сүгірдің «Шалқыма» деген күйіне биледім. «Қылышпан» деген қа­зақ биін шығардым. «Айда былпым» атты жас келіншектің биін өрнектедім. «Жез­тырнақ» аңызы негізінде ұлттық би дайын­дадым. Қазақ күйлерінің көбі биге сұ­ра­нып тұрады. Мысалы, Байжігіттің күй­леріне өте сәтті шыққан билерім болды.

− Биыл халқымыздың ардақты пер­зенті Өзбекәлі Жәнібековтің туға­нына 90 жыл толды. Сіз ол кісімен жа­қын та­­­ныс болдыңыз, асыл азамат­тың ел ес­ті­­­меген қандай қырларын білесіз?

− Өзбекәлі ағамен өнер жолында 20 жылдай қатар жүріп, мол өнеге алдым. Ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның өнері үшін басын бәйгеге тігуге баратын парасатты тұлға еді. Өзағаңды көзкөргендер: «Сырты сұсты, рухы күшті» деп айтады. Бұған толық қосыламын. Шынында да, бір қарағанда қатал көрінеді. Сонымен қатар жанының нәзіктігі де, жүрегінің мейірімділігі де байқалып тұратын. Қандай істі қолға алса, соны тиянақты орындайды. «Шертердің» әрбір концерттік бағдарламасын өзі қарап, бекітеді. Егер бір жері ұнамаса, сызып тастайды. Әншінің дауысына, музыкалық аспаптардың үніне мән беретін. Тіпті концерт жүргізушісінің сөзіне де ден қояды. Бірде Шотбай алғаш концерт жүргізгенде бір сөзді бұзып айтыпты. Өзағаң соны байқап, ертеңіне оны шақырып алып, кабинетіне «сол сөзді жаттап алғанша шықпайсың» деп қамап қойған. Ансамбль жетекшілері де одан қаймығатын.

Өзбекәлі аға Торғай облыстық пар­тия комитетінің хатшысы кезінде Ар­қалыққа қаншама өнерлі жастарды алып келді. Облыстық театрдың ашылуына мұрындық болды. Бірде Алматыдағы Орталық комитетке барса, Талдықорған облыстық партия комитетінің идеология хатшысы «Мәскеудегі Щепкин атын­дағы жоғары театр училищесін бітірген 17 баланы қа­былдауға дайын емеспін» деп ат-тонын ала қашқанын көріп, Өзағаң сол жерден облыстық атқару коми­тетінің төрағасына хабарласып, мәселені бірден шешіп, Мәс­кеуге телеграмма жіберіп, 17 жасты Арқалыққа алып келді. Мүмкіндігінше оларға жағдай жасап, үй берді. Кейін солардың бәрі де ұлттық театр өнерін биікке көтерген майталманға айналды.

Өзағаңның өзі театрды жақсы көретін. Абай атындағы Қазақ педагогикалық инс­титутында оқып жүргенде атақты актер, Қазақстанның халық әртісі Қапан Бады­­ровтың драма үйірмесіне қатысып, бірқатар рөлдерде ойнаған екен.

Ұлттық киімдерге де зер салып оты­ратын. Мысалы, қазір қос етек көй­лекті үлкен апаларымыз да киеді, негізі оны қыздар киюі керек. Бізге осыны үй­рететін. Ол кісі мені Мәскеуге іссапармен жіберіп, «Шал­қыма» деген биім мен мажар халқы биінің киімін сондағы Үлкен театр шеберханасына тіктірді.

Кейін біз Өзбекәлі ағаның шақы­руы­мен Алматыға қоныс аудардық. Сол кезде ол кісі Мәдениет министрінің орынбасары болатын. Кейде жұмыс аяғына қарай ша­қырып алады. Көңілденіп отырса, әңгіме айтады. Сонда асыл ағаның өзінен екі ерлігі туралы естіген едім.

Біріншісі, Кеңес заманында қазақ балаларын мектеп бітіргесін бір жыл ауыл­да қалып, қой бағуға үндегені белгілі. Сонда ол кісі жоғары басшылыққа «Қа­зақтың баласы неге қой бағады, олар да жұрт қатарлы білім алып, ғылым мен өнердің шыңына шығуы керек» деп қарсы шы­ғыпты.

Екіншісі, Тың игеру жылдары сол­түстік өңірлерде қазақ қыз-келіншектерін трак­торға отырғызып, жаппай дәріптеп жатты. Өзағаң осыған да қарсылық біл­дір­­ген. Орталық комитеттің ұлты орыс хатшысы сол үшін оған айқайлап, жер-жебіріне жетіпті. Сонда ол кісі: «Ол қыз бала ғой, қалай май сасып жүреді. Сіз өзіңіздің қызыңызды тракторға отыр­ғызар ма едіңіз?» деп әлгінің аузын жауыпты.

− Өмірлік жолдасыңыз да кәсіби биші болды, екеуіңіз сахнада жұп болып, бірге өнер көрсеттіңіздер...

− Иә, жолдасымның есімі – Үсен Қайырұлы Мақан. Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданында туған. Алматыда бірге оқыдық. Оқу бітіргеннен кейін ол әскерге, мен Торғай облысына кеттім. Ол әскерден кейін Целиноград облыстық филармониясына орналасты. Мен де 1976 жылы осында келіп, аталған мекемеге жұмысқа қабылдандым. 1977 жылы екеуміз шаңырақ көтердік, баламыз дүниеге келді. Облыстық филармонияда «Армандастар» қазақ ансамблі болды, сонда өнер көрсеттік. Сол жылдары Қазақстанда 19 филармония мен «Қазақконцерт» секілді іргелі ұжымдар ішінде сахнада жұп болып билеген екеуміз ғана болдық. Бірнеше би бағдарламасын әзірледік. 1982 жылы Өзбекәлі ағаның шақыруымен Алматыға барып, Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық ұлт­тық аспаптар музейінің жанынан құ­рылған алғашында «Сазген», одан соң мемлекеттік «Алтынай» фольклорлық би ансамблінде еңбек етіп, соның қалып­тасуына үлесімізді қостық.

Қазақ биі ғылыми айналымға енді

− Ұлттық биіміздің бүгінгі дамуы­на көңіліңіз тола ма, осы бағытта қандай іс-шаралар атқарылды?

− Әр кезеңнің өз талабы бар. Біз одан асып кете алмаймыз. Елордадағы Ұлттық хореграфия академиясында ұлттық би ғылыми-әдістемелік зертханасы жұмыс істейді. Мен соның меңгерушісімін. Біз онда би қимылдарын терең зерттейміз. Қолымызда қазақ биі туралы жазылған кітаптар мен оқулықтар жинақталған. Олардың ішіндегі «керек емес-ау» деген дүниелерді алып тастаймыз. Шара Жиенқұлова апамыздың еңбектерін мұқият зерделейміз. Бұл орталықта қазіргі қазақ биін биікке көтеріп жүрген мықты мамандар топтасқан. Айталық, «Астана Балет» театрының балетмейстері Айгүл Тәти, педагогика ғылымдарының докторы Айгүл Құлбекова, кейінгілерден Анвар Садықова, Алмат Шәмшиев деген талантты жастарды қостық. Бәріміз бірге жиналып, ұлттық биіміздің келешегі жарқын болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өзбекәлі ағамыз «Би қанаттанса, ел қанаттанады» деп айтып отыратын.

Бүгінде қазақ биі ғылыми айналымға енді. Ол үшін біраз күш жұмсалды. Өзім де оған қал-қадерімше үлес қостым. «Шетел және қазақ хореграфия­сы тарихы» атты кітап жазып, ұлттық хо­ре­графия­ны отандық өнер тарихына кіргіздім. Ғалым Айгүл Құлбекова екеу­міз арнайы оқулық жаздық. «Уақыт және би өнері» деген ғылыми монографиям жарық көрді. Осының бәрі ғылым жолында қол жеткізген жетістіктерім. Проблема да жоқ емес. Әсіресе ұлттық биімізді зерттеп, талдап, сараптап жазатын қазақ тілінде кәсіби мамандар аз. Кейінгі жас­тардан сондай мамандар шығады деп үміттенемін.

Шынымды айтсам, 27 жыл сахнада биледім. Үнемі ізденісте жүрдім. Фор­маны сақтау да оңай болмады. Анамның сүйегі жеңіл, ықшам еді, сол кісіге тарт­қанмын. Би өнерін – өмірімінің бір бөл­шегі көремін. Егер де өмірімді екі бөліп қара­стырсам, біріншісі – сахна болса, екін­шісі – ғылымға бет бұрып, шәкірт тәр­биелеп, оқытушылыққа келгенім. Сах­налық өмірімде көптеген жақсы адам­дармен танысып, сыйлас болдым. Өз­бекәлі Жәнібековтің өзі неге тұрады, ол кісі жайында түн асырып айтуға бо­лады. Ағаның тамаша хореограф Ольга Всеволодская-Галушкевичпен сый­­ластығына да қызығатын едік. Бұл кісі қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, содан образ іздейтін. Мәскеудегі көр­кем театр студиясында өмірінің со­ңына дейін оқытушылық қызмет атқар­ды. Оның Өзағаңмен танысуы да қызық. Мәскеудегі Щепкин атындағы учи­лищенің түлектері Арқалық театрында қойған спектакльдерінің премьерасына ұстазы Владимир Смирновты шақырып, өнерлерін көрсетеді. Сол кісі бір келгенде оған Өзбекәлі ағамыз: «Маған би қойып, ақша табатын адам емес, зерделі хореграф тауып берші. Бізге биден Затаевич жетпей қалды» деп қолқа салыпты. Сонда ол кісі Ольга Всеволодская-Галушкевичті айтады. Мен осыны Өзағаңның өзінен естідім. Кейін Ольга Всеволодская-Га­лушкевич ұлттық би өнерімізді 20 жылға жуық зерттеп, «Пять казахских танцев», «Бақ­сы ойын­ы» деген кітап жазып, өз ізін қалдырды.

− Қазір өнерде ғана емес, өмірде адами құндылықтар өзгеріп барады. Өнер адамы ретінде сізді не толғандырады?

− Уақыт алға жылжыған сайын көп дүние өзгереді. Оны заңдылық деп қабылдаймын. Алайда халқымыздың бол­мысының өзгеруі, менің жүрегіме ба­тады. Біздің бала күніміздегі әке-ше­шеміздің, адамдардың мінезі, болмысы өзгеше еді. Біреуге қол ұшын созуға, көмектесуге, асығып тұратын. Біз соны көріп өсіп, өзіміз де солай болу­ға тырыстық. Бүгінде жұртымыздың бо­йындағы осындай құнды қасиетіміз жоғалып барады. Қазақы тәр­биенің, салт-дәстүрдің ұясы ауыл еді, қазір ауылдың да берекесі кетіп, жүдеп қалды.

Өзбекәлі ағаға тоқтала беремін. Сол кісі бірде би алаңына барған біздің екі өнерпаз қызды көріп, қызметкерін жұмсап, үйіне қайтарып жібереді. Өзағаң сахнада жүрген адам ел алдында көп жүргені жөн емес, жұмбақтау болу керек деп айтып отыратын. Ол кезде халық өнер адамын ерекше құрмет тұтатын. Қазір де жақсы көреді. Алайда сол қадірімізді өзіміз кетіріп жүрген секілдіміз. Өйткені тойға барып, ән айтып, оны жалпақ жұртқа жариялап, жар саламыз. Бұрын кәсіби әншілер той-томалақта ән айтпайтын. Дастарқан басында шырқалатын ән бөлек еді. Қалай дегенмен де, өнер адамының бойында бір бекзаттық болғаны дұрыс. Әйтпесе өнердің қадірі қашады.

− Әңгімеңізге рахмет.