Биылғы жазда аталған қауымдастық жұмыс бағытын, кеңес мүшелерін қайта қарады. Бұрын кеңес құрамында мемлекеттік қызметкерлер көп болса, қазір оған бизнес, басқа да әлеуметтік сала өкілдері еніп отыр. Өйткені алдағы уақытта бизнесті, іскерлікті дамыту қолға алынбақ. Жаңа бағыттың бір белгісі болар, «Болашақ» өкілдері қауымдастықтың 20 жылдығы аясында Alawwal Partners компаниясымен бірлесіп, кәсіпкерлерге арналған республикалық бизнес-жобалар байқауының бесінші маусымының басталғанын жариялады.
«Болашақ» қауымдастығының мүшесі, компанияның басқарушы серіктесі Қаныш Төлеушин: «Startup Bolashaq республикалық байқауы қазақстандықтардың бизнес бастамаларын қолдауға, сондай-ақ жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлердің армандарын орындауға деген ынтасын оятуға және дамытуға бағытталған. Байқауға Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. Өтінімдер 22 қаңтарға дейін қабылданады. Жартылай финалистер Алматыдағы демалыс аймағында жиналады. Онда бір апта болады. Оларды қаржылық модельдеу, бизнес-жоспарлау, инвесторлармен келіссөздер жүргізу бойынша мамандар оқытады. Ал дайындықтан соң өз жобаларын «бизнес-періштелер» (жобаны қолдаушы немесе инвестор) алдында таныстырады. Айта кетейік, жас ерекшеліктері бойынша шектеулер жоқ. Байқаудың «бизнес-періштелері» жобаның 10 финалисімен питч-сессиялар ұйымдастырады. Ең қызықты идеялардың авторлары инвесторлардан инвестиция алады», деді.
Байқаудың қорытындысы бойынша, серіктестерден берілетін салым көлемі 10 млн теңгеден басталады. Жобаларды қаржылай қолдаушы немесе инвесторлардың бірі – белгілі журналист Динара Сәтжан. Ол бұған дейін жобаның басында ментор болған. Оның «шәкірті» 5 жыл бұрын бірінші маусымның жеңімпазы атанды. Мүгедектігіне қарамастан, Алакөлде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін демалыс аймағын ашу сияқты арманын жүзеге асыра алды.
«Зор әлеуеті бар идеялар көп, бірақ оларды жүзеге асыру мүмкін емес. Бәрінің де бизнеспен айналысқысы келеді, пандемия кезінде біраз адам бизнестің түр-түрін үйренді. Міне, сондай жандарға байқау ресурстар ұсынады. Инвестиция көлемі 10 млн теңгеден басталады. Менің де «бизнес-періште» болғым келеді, бірақ сән индустриясында. Белсенді дизайнерлердің, жастардың қатысқанын қалаймын, қолдау көрсетуге дайынмын. Шағын бизнесте әйелдер көп. Өтінімдердің 60%-ы әйелдерден келіп түседі деп ойлаймын», деді Д.Сәтжан.
Startup Bolashaq 5-маусымының конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау 20 қаңтарға дейін жалғасады. Құжаттар www.startup-bolashaq.kz сайтында онлайн түрде қабылданады. Жеңімпаздардың есімдері сәуір айында белгілі болады.