Әдебиет • 01 Қараша, 2021

Жамбылдың жауһар жырларының академиялық жинағы

584 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Жамбыл – қазақ әдебиеті тарихындағы суырыпсалма ақындықтың, авторлық ауызша әдебиеттің көрнекті өкілі. Оның шығармашылық мұрасы – ғасырдан-ғасырға ұласқан жыраулық, жыршылық, ақындық дәстүрді саф алтындай таза күйінде жеткізген жауһар жәдігер. Ақындық, айтыскерлік, жыршылық өнерді ұлттық мәдениеттің биік өресі деп таныған қазақ қоғамы шығармашылық тұлғаны қашанда туралықтың, әділеттіліктің, адамгершіліктің символы ретінде ардақ тұтты.

Жамбылдың жауһар жырларының академиялық жинағы

Жамбылдың даңқы Кеңес дәуірінде шырқау биікке көтерілді, өрісі кеңейді. Мемлекет қамқорлығына алынып, хатшылар тағайындалып, тұрмыс күйіне, шығармашылық жұмысына қолайлы жағдай­лар жасалды. Ақын жаңа заманды зор шабытпен жырға қосты. Шығармалары мыңдаған данамен жарық көрді. Әлемнің 160-тан астам тіліне аударылып, шартарапқа тарады.

Жамбыл бұрынғы жыраулар үлгісімен халыққа арнау сөз айтып, елдік, ерлік, бір­­лік, татулық, туған жерді сүю, Отанды қор­ғау секілді адамзат үшін өзекті болған мәселелердің барлығына үн қосты.

Оның әділеттің ақ семсері болып жар­­қылдаған шағы – Қазан төңкерісіне дейін­­гі кезең. Өкінішке қарай, дауылпаз жыр дүлдүлінің кемел шағындағы тама­­ша туындылары толық сақталмады. Оның Қазан төңкерісіне шейін жырланған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Сау­­рық батыр» сынды дастандарын, Құл­­мамбетпен, Сарыбаспен, Досма­ғам­бетпен, Шашубаймен, т.б. айтыстарын сол замандағы жыршылық, айтыскерлік өнер­дің таңдамалы үлгілері деуге болады.

Жамбылдың әдеби мұрасын жинап, хатқа түсіру ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ғана қолға алына бастады. Ақын шығармаларына көңіл бөліп, алғаш рет 1925 жылы «Терме» журналында дерек берген Шамғали Сарыбаевтың, арнайы хатқа түсіріп, тиісті ғылыми мекемеге өткізген Сабыр Шәріповтің 1927 жылғы көлемді қолжазбасы – жамбылтанудың бастауында тұрған аса құнды мұра. Сәкен Сейфуллин Жамбылдың өз аузынан жазып алған Құлмамбет ақынмен айтысы 1931 жылы «Ескі әдебиет нұсқалары» жина­ғында баспа жүзін көрді. Кейіннен көпшілік туындыларын ақынның өз аузынан Қалмақан Әбдіқадіров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Әбділда Тәжі­баев, Қасым Тоғызақов сынды әдеби хатшылары жазып алып отырған. Қазіргі біздің қолымызға жинақталған мате­риалдар – осындай қамқор қолмен хатқа түсіп, баспа бетін көрген шығармалар. Шындығында, суырыпсалмалық пен айтыскерлік, жыршылық дәстүрдегі ақын шығармаларын жазбаға түсіріп, жинақтап, жүйелеп, қалыпқа келтірудің үлкен қиыншылықтары бар.

Біріншіден, шабыттана жырлап отыр­ған ақынның аузынан шыққан сөзді сол қалпында хатқа түсіріп алу өте қиын шаруа. Жаттап алып қайталап айтушылар ішінара өзгертулер жасауы әбден мүмкін. Өлеңді бастапқы айтқан қалпында ақынның өзі де қайталап бере алмайды.

Екіншіден, айтыс – синкретті өнер. Театр қойылымына бергісіз айтыс өнерінің күрделі болмысы қағазға түскенде әрінен айырылады. Аламан айтыстарды толық қағазға түсіру де мүмкін емес.

Үшіншіден, Жамбыл шығармашылы­ғындағы тарихи дастандар да ауызша айтылып, таралып отырған. Жыршы бір айтқан жырын қаз-қалпында қайталамайды. Әр айтқан сайын шығарма құрылымына, сюжет желісіне, өлең өрнегіне азды-көпті өзгерістер жасалады. Ауызша әдебиеттегі көпнұсқалылық автордың өзінен басталады. Ондай өзгешеліктерді жаттап алып айтушылар да қоюлата түседі. Жамбыл жырлаған дастандар да көпнұсқалы болып келеді. «Өтеген батыр» дастанының үш нұсқасы бірі-бірін қайталамайды.

Шығармашылық мұраға коммунистік идеология тұрғысынан баға беру ұстаным­дарынан арылған уақытта Жамбыл сынды бірнеше қоғамдық формацияны басы­нан кешірген, ұзақ ғұмырында арты­на мол мұра қалдырған ақынның шығармашылығын жаңаша саралаудың өзектілігі артып отыр. Жамбылдың шығармашылық тұлғасына қатысты «Ол Кеңес өкіметінің сойылын соқты, Ленин, Сталин сияқты көсемдерді жырлады» деген солақай сын айтылатыны да шындық. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ ақын-жырауларының билік басындағы тұлғаларға жыр арнау дәстүрі ежелден бар. Қай кезеңде, қай қоғамда да ақын-жыраулар өз дәуірінің болмыс шындығын жырлайды. Жамбыл шығармаларында өз заманының ахуалын жырға қосты. Ақынның мол мұрасынан сол уақыттың саяси ұстанымдары мен идеологиялық бағыт-бағдары анық көрінеді.

Қазіргі әлемдік гуманитарлық ғы­лым талаптары бойынша әдебиет пен өнер туындылары, ең алдымен, көркем­дік-эстетикалық жағынан талданып, баға­ла­нуы тиіс. Ақынды, жазушыны «нені жазды», «кімді жырға қосты» деп емес, «қалай жазды» деп танитын шарт алға шығуы керек. Осы тұрғыдан келгенде Жам­былдың Кеңес өкіметі тұсындағы өлең­дері мен толғаулары көркемдік, әсі­­ре­­се, эмоциялық әсері жағынан өте қуат­ты күшке ие. Бұрынғы басылымдарда бірде қосылып, бірде қалып келген өлеңдерді, жыр-дастандарынан күзеліп қалған шумақтар мен айтыстарында адасып жүрген жолдарға барлық нұсқаларын жинақтап, текстологиялық салыстыру жасай отырып, академиялық толық басылымын шығару ақын шығармашылығына деген тарихи әділеттілік. Мұндай ғылыми басылым жамбылтануды ескі саяси-идео­логиялық талдау әдістемесінен араша­лап, шығармашылық мұраға деген әдеби-эстетикалық көзқарасты нығайтып, оны жаңа сапаға көтереді.

Академиялық жинақты дайындау барысында осы уақытқа дейінгі шыққан ақын шығармаларының толық жинақтары түгел қамтылды, ондағы озық тәжірибелер мен маңызды деректемелер барынша ескерілді.

Жамбыл шығармаларының алғашқы толық жинағын 1940 жылы КСРО Ғы­лым Академиясының Қазақстандық фи­лиалы Жамбыл атындағы Әдебиет және халық творчествосы секторы әзір­леп шығар­ған. Редакция алқасында Т.Жа­ро­ков, Ғ.Орманов, Қ.Сағындықов, Е.Ыс­майылов, Ә.Тәжібаев болған. Осы басылымында Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастанының 1938 жылы «Әдебиет майданы» (№7,8) журналында басылған, 1939 жылғы «Сұраншы батыр» атты жеке жинағындағы мәтінге жырдың II тарауы қосылып беріледі. Жинаққа енген айтыс­тар, өлеңдері мен дастандарына түсінік жазылған.

Келесі толық жинақ – 1946 жылғы басылым. Қазақтың біріккен мемлекет баспасынан шыққан. Редакциясын қарағандар: С.К. Кеңесбаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев (редактор). Жи­нақ­та Жамбыл шығармаларының жарияланымдары туралы мәлімет берілген. Қыс­қаша библиографиялық көрсеткіші бар.

Бұдан кейінгі 1955 жылғы басылым үш томдық болып шығады. Ред­кол­легия құрамында филология ғылымда­рының докторы Н.Т.Сауранбаев, филология ғылымдарының кандидаттары О.А.Нұрмағамбетова, Қ.Б.Тұрғанбаев, М.Ғұмарова (жауапты редактор) бар. Бұл жинаққа 1946 жылғы басылымда жоқ 26 жаңа өлең қосылған. Алғысөзде Жамбылдың 1946 жылғы жинағына қа­тысты өлеңдердің газеттегі нұсқасына баса мән берілгені атап көрсетіліп, мы­на­дай салмақты сын айтылған: «Жам­былдың баспаға әзірлеген өлеңдері оның қарауынан өтпеген. Жамбыл шы­ғар­­маларын баспаға әзірлеп, жинақ етіп құрастырушылардың аса үлкен қате­ліктері – әртүрлі түзетулер мен жөн­деулерді көп жасаған. Жамбылдың көзі тірі кезінде онымен келіспеген. Осы­ның салдарынан Жамбылдың бұрынғы жинақтарында, әсіресе, 1946 жылғы толық жинағында, көптеген бұрмалаушылықтар мен қателіктер кеткен» (1955 жылғы жи­нақ, 9-б.). Бұл жинаққа Қалмақан Әбді­қа­діров жазып алған Жамбыл шығар­маларының мәтіні пайдаланыла­ды. Ондағы Сталинге қатысты мәтін­дер қысқартылған. Қолжазбада М.Ғұма­рова­ның қолымен жазылған мынадай ескертпе бар: «Республикалық, облыстық газеттермен салыстырылған өлең текстері кезінде жазып алған хатшыларына беріліп расталды».

1957 жылы Қазақтың мемлекет­тік көркем әдебиет баспасынан шық­қан жинақтың редакция алқа­сы: М.О.Әуезов, М.Базарбаев, Е.Ысмайы­лов, О.Нұрмағамбетова, М.Ғұмарова. Шы­ғар­малар мәтінін баспаға әзірлеп, түсініктерін жазғандар: О.Нұрма­ғам­бетова, М.Ғұмарова, Т.Сыдықов. Жинаққа енгізілмеген жекебасқа табынушылық сарынында жазылған шығармаларының жалпы саны 16 өлең деп нақты көрсетілген. Жинақ соңында ғылыми негізде түсінік берілген. Жамбылдың Кенесарыға қатысты мәтіндерінің қайсыбір тұсы, 1940, 1946 жылғы жинақтарында жоқ шумақтарының толықтырылып берілгендігі айтылады. Оған жинақты шығарушылар саясат ыңғайында «Қасымовтардың шектен тыс зұлымдықтарын әшкерелейтін бөлімдері бұрынғы жинақтарына кірмеген. Газетке басылған тексті арқылы бұл жолдар қалпына келтірілді» деген «түсініксіздеу» түсінік береді (1957, 6-б.).

1982, 1996 жылғы басылымдарында да мәтіндік, құрылымдық өзгерістер жасалған. Жалпы редакциясын Сұлтанғали Садырбаев басқарған 1996 жылғы жинақ­та Кенесары ханға қатысты 1938, 1939, 1940 жылдардағы нұсқаларында берілген мәтіндер қайта қосылады. 1996 жылғы жи­нақ­тың құрылымдық жүйесінің ілгерідегі басылымдардың ауытқыған тұстары бар.

Соңғы толымды деген басылым – 2012 (2014) жылғы 4 томдық толық шығармалар жинағы. Р.Әбдіғұлов пен Б.Ыбырайым баспаға дайындаған бұл басылымда Жамбылдың ақындық мұрасын зерттеу, түгендеу, текстологиясын айқындау мәселелеріне біршама ден қойылып, шығар­малар мұрағат материалдарымен салыстырылып, толықтырылып жаңа сапаға ие болған.

Жамбыл мұрасы Кеңестік дәуірде әр кезеңдегі саяси ахуалға қарай үнемі өзгеріп басылып отырған. Олай болуының басты себептері ретінде ақын шығармаларының толық жинағын дайындау кезінде екі үлкен саяси науқанның қатты ықпал етке­нін көреміз. Біріншісі, Қазақстан тарихын маркстік-лениндік таным тұрғысынан қайта қарау жөніндегі Қаулыға (1946) байланысты. Осы уақыттан бастап Жам­был шығармаларындағы Кенесары хан бастаған тарихи тұлғалардың барлығы өшірілді. Тіпті тарихи дастандарына да күмән туып, күзеліп шықты. Мәселен, «Өтеген батыр» дастанындағы Абылайға байланысты шумақтар қысқарған. Барлық шығармаларындағы діни ұғымдар, тарихи тұлғалар, орысқа қарсы шумақтар, тайпа, ру атаулары редакциялауға ұшырады.

Екіншісі, Сталин дәуірін жекебасқа табыну ретінде танып, тәрк ету (1956). Кейін шыққан жинақтардың барлығынан Сталин және басқа да саяси тұлғалардың аты-жөні алынып тасталды немесе өзгертілді, оларға қатысты айтылған мақтау, мадақ қысқартылды. Жамбыл дастандарына кеңестік кезеңде зорлықпен қосылған Сталинге байланысты шумақтар 1957, 1982, 1996, 2012 (2014) жылғы жинақтарда қайта қысқартылған.

Қазіргі тәуелсіз сана кезінде Жам­был­дың әдеби мұрасын арнайы тексто­логиялық сараптан өткізіп, байырғы нұсқасын қалпына келтіру осы жаңа басылымға артылған үлкен міндет болды.

Жамбылдың өзі жазған қолжазба мұра жоқ. Жыраудың өз аузынан жазып алған хатшылар қолжазбаларының көпшілігі сақталмаған. Сақталғандарының өзін түрлі қорлардан іздестіріп, там-тұмдап жинауға тура келді. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі мен Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалдық музейінің басшылары (Жамбылова Салтанат Те­зек­байқызы, Искаков Әуелбек) музей мұрағаттарында сақталған қол­жаз­баларды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына электронды көшірмесін өткізді. Ұлттық ғылыми кітапхана мен Институт қорындағы материалдарды қосқанда біздің қолымызға Жамбылдың хатшылары жазған араб, латын әріп­теріндегі қомақты қолжазба мұра жи­нақталды.

Академиялық жинақтың бірінші томына Жамбылдың өлеңдері мен толғаулары топтастырылды. Жамбылдың 1917 жылға дейінгі саяси бояу сіңбеген таза лирикалық өлең-толғаулары мен 1944 жылға дейінгі аралықтағы ақынның өз аузынан жазылып алынып, көп өңдеуге түспеген шы­ғармалары бұл жинақтың сүбелі бөлігін құрайды. Сонымен қатар «Ерназар кол­­хо­зының митингісінде Жамбыл сөй­ле­ді», «Ежов (Ежоп) батыр туралы», «Ұсынамын», «Ер күні», «Әулиеата еліне», «Жайратқан жаудың шебін арыстаным», «Ал, Жамбыл сөйлесін», «Командирге», «Мерекелі бір күнім», «Ғылым», «Біздің мектеп», «Мұғалім», «Той», «Туды Сталин бағыма», «Ерлер күні», «Кино-театр», «Әр байға тиген келіншекке», «Естігенде даусымды», «Жаса балам біз үшін», «Бес мың жауды айдадың», «Америка Құрама Штатындағы азаттық сүйгіш халыққа», «О, ұлдарым, ұлдарым» деген сияқты бұрынғы жинақтарға енбей келген шығармалары жөнінде «Түсініктер» бөлімінде толымды мағлұмат берілді.

Ақынның осыған дейінгі жарық көрген 1937, 1940, 1946, 1955 (үш томдық), 1957, 1982 (екі томдық), 1996 (екі томдық) және 2012 (2014) жылғы (төрт томдық) жи­нақтары, М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының Қол­жаз­балар қорында сақталған латын әр­пін­­де машинкада терілген 159, 160, 161, 162-бумалардағы өлеңдері, Орта­лық ғылыми кітапхананың Сирек қол­жаз­балар қорында сақталған әртүрлі жинаушылардың араб және латын әрпінде хатқа түскен 651-бумадағы нұсқалары, сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі қорындағы көк сия­лы қаламмен араб әрпінде жазылған және латын әрпінде машинкада басылған «Оригиналы стихов и поэм» және қарын­дашпен, көк сиялы қаламмен өңдеулер жасалып, шимайланған «Жамбылдың өлең-жырларының негізгі нұсқалары» (1939-1941 жж.) сынды қолжазбалары өзара салыстырылды.

2012 (2014) жылғы басылымға енген кейбір өлеңдер қолжазба нұсқаларында басқа тақырыппен бөлек өлең ретінде берілген. «Шағым» деп аталатын белгілі өлеңі Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемо­риалдық музейі қорындағы латын әрпіндегі «Оригиналы стихов и поэм» деп аталатын бумада екіге бөлініп, «Молда» деген атпен өз алдына бөлек өлең болып басылған. Өлеңнің: «Жаңа өлең айта бастаған шағым еді, әкемнің оқы деп молдаға ұстап бергені есімде. Жая жайлауында едік. Молдаға бардым, босағасын аттағанымда-ақ бір тар қапасқа кіргендей болдым. Енді шықсам дүниенің түгіне қарамай, беталды лағып кеткім келді...

Сабақтан шығысымен қалың қарағайға зеңіп жоғалдым. Бірақ іздеп тауып алыс­ты. Әкем зорлайын деді оқуға. Сонда былай дегенім есімде бар», – деп қос нүкте қойылып әрі жалғасқан өлең жолдарынан кейін Жамбылдың: «Содан былай әкем де үндеген жоқ», – дейтін сөзі бар. 2012 (2014) жылғы жинақтағы «Түсініктерде» өлеңнің екіге бөлініп берілгені жазылған, ондағы стильдік өзгешеліктер де мысалдармен көрсетілген, бірақ Жамбылдың осы кіріспе сөзі берілмеген. Текстологиялық салыстырулар нәтижесінде осы сияқты қолжазба нұсқаларда басқа тақырыппен аталған кейбір өлеңдер белгілі болды.

Ақын шығармаларын хатқа түсіруші­лер буманың мұқаба парағында жазып алған әдеби хатшының аты-жөні тұрғанымен, сол кездегі саяси жағдайға байланысты қолжазба бумалардағы өлеңдердің астына «Жазып алған мен емес» деп қолын қойып, бас тартқан жағдайлары да кездесті.

Үш томдықтың екінші томына Жам­был­дың «Өтеген батыр» (3 нұсқасы), «Сұраншы батыр», «Саурық батыр» жырлары, «Көрұғлы», «Бақ, Дәулет, Ақыл» дастандарының Жамбыл жырлаған нұсқалары, «Замана ағымы», «Туған елім», «Ворошилов туралы дастан», «Ме­нің өмірім», «Менің бақытым», «Өмір­дің тууы» толғаулары, «Ауызекі әңгімелер» циклі мен музыкалық мұрасы топтастырылған.

Ақынның «Өтеген батыр», «Сұран­шы», «Саурық батыр» жырларының 1937, 1953 жылдардағы қолжазба нұсқалары 1938, 1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996 және 2012 (2014) жылғы жарияланымдарымен салыстырылды. «Сұраншы батыр» жырындағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысты шумақтар осы академиялық басылымында толық қалпына келтірілді.

1940 жылғы жинақта «Менің өмірім» атты толғаудың соңында қарасөзбен жа­зылған «Түсіндірме» тек 2012 (2014) жылғы басылымында ғана берілген, бұл жинақта ол біраз өзгерістермен толық­тырылды.

Дастандар мен толғаулардағы елара­лық, елішілік, руаралық мәселелерде жа­сал­ған өзгерістер, қысқартулар, алмас­тырулар түзетіліп, ол жөнінде жинақтың «Түсініктер» бөлімінде кеңінен баяндалды.

Екінші томның бір бөлімі Жамбылдың музыкалық мұрасына арналған. Мұнда ақынның жыршылық сарындары, ән әуендері, айтыс мақамдары мен күй сарындары топтастырылған. Музыкалық шығармалардың ноталық жазбасы мен мәтіндері, орындаушылар мен нотаға түсірушілер жөнінде мәліметтері берілді (Дайындағандар: А. Әбдуәлі, Н.Жан­пейіс, М.Әбуғазы).

Академиялық басылымның 3-томы Жамбылдың айтыстарына арналады. Жинаққа «Жамбыл мен Айкүміс», «Жам­был мен Бақтыбай», «Бөлектің қызы мен Жамбыл», «Жамбыл мен Сары», «Майкөт пен Жамбыл», «Жамбылдың Шыбыл шалға айтқаны», «Жамбыл мен Бөлтірік», «Құлмамбет пен Жамбыл» (Сәкен Сейфуллин жариялаған нұсқа), «Құлмамбет пен Жамбыл» (Үмбетәлі Кәрібаев жеткізген нұсқа), «Жамбыл мен Сарбас» (С.Шарипов жазып алған нұсқа), «Жамбыл мен Досмағамбет», «Жамбыл мен Шашубай», «Жамбыл мен Болық», «Жамбыл мен Молда Бағыш», «Тоқтағұл мен Жамбыл», «Нұрилә мен ақындардың айтысы және Жамбылдың төрелігі» сынды 16 айтысы енді. Сонымен бірге Қырғызстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық ілімдер бөлімінің қорынан (инв. 1753) табылған «Тоқтағұлдың Жамбылға жолығысқаны» атты айтысы алғаш рет ұсынылып отыр.

Жамбыл айтыстарының алғаш басыл­ғаны – 1931 жылы Сәкен Сейфуллин дайындаған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында жарық көрген «Жамбыл мен Құлмамбет айтысы». Мұнан соң 1940 жылғы ақынның жеке жинағында Құлмамбетпен, Сарбаспен, Досмағамбетпен, Шашубаймен болған айтыс үлгілері жарияланған. Ал 1946 жылғы басылымында Жамбылдың 12 айтысы берілген. Мұнан кейінгі әр жылдарда жарық көрген (1955, 1957, 1982, 1996) жеке жинақтарында ішінара редакцияланған сөз-сөйлемдер болмаса, бұл айтыстар өзгеріссіз қайталанып ба­сылған. Тек 2012 (2014) жылғы 4 том­дық толық шығармалар жинағының бірінші томындағы жекелеген айтыс нұсқаларын есепке алмағанда (Құлмамбет және Сарбас) нақты 14 айтысы жарияланды. Мұнда Жамбылдың қырғыз ақындары Молда Бағыш және Балық ақындарымен болған қағысулары алғаш жарық көрді.

Жамбылдың классикалық айтыстары саналатын Құлмамбетпен, Сарбаспен, Досмағамбетпен, Шашубаймен болған ірі сөз сайыстарында қолжазба нұсқа мен басылым арасында біршама айыр­ма­шылықтардың бар екені, көпте­ген сөздердің, сөйлемдердің, сөз тіркестерінің дұрыс оқылмағаны, түсіп қалғаны, көр­кем­делгені, редакцияланғаны анық­талды.

Томның бір бөлігі фотосуреттер, қолжазба нұсқалардың сипаттамасы мен факсимилесіне арналды.

Жамбыл шығармаларының академия­лық толық жинағы ақынның қағаз бе­ті­не түскен шығармалары барынша түген­деліп, мәтінтану ғылымының сара­сы­нан өткен, әр шығармаға енгізіл­ген өзгер­тулер мен толықтырулар «Түсінік­терде» дәйектеліп, Жамбыл туындыларында баяндалатын тарихи оқиғалар, тұлғалар, жер-су атаулары туралы деректер, есімдер көрсеткіші, сөздіктер қосымшасымен дайындалған ғылыми басылым болып табылады.

 

Кенжехан Матыжанов,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі