Пікір • 01 Қараша, 2021

Шыны үй және шыны жүрек

6182 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Зау көкке мойнын созған зәулім үйлерге көз салғанда сан алуан күйді кешесіз. Біздің балалығымыз өткен бәкене бойлы бес қабатты сұр үйлерді сүріп өткендей, жадағай өмірді жарып шыққандай, жаңа заманның белгісіндей асқақ та сәнді үйлерге қарап тұрып, кеудеңді қуаныш кернесе, кейде көп терезелерден кезектесе жанып-өшіп жатқан шамдарға қарап, адамдардың қилы тағдыры жайлы ойға батасыз.

Шыны үй және шыны жүрек

Қайсыбір күні тұтас шыныдан салынған үйлердің тұсынан өтіп бара жатқанда балам жеңімнен тартып: «Әке, бұл үйлердің қабырғасы қайда?» деді. «Қабырғасы осы, шыныдан салынған», деймін. «Олар сынып қалмай ма?» дейді ұл. «Сынбайды, өте төзімді шыны, тіпті металдан да күшті», деймін.

Балаға солай дегенмен, ішімнен түрлі ой кешемін. «Шыны үйде тұратындар өзгелерге тас атпайды» дейді бір кісі, тағы бірі «Шыны үйде тұратындар бір-біріне тас атпайды» дейді. Өз бақшаңдағы шие талының бұтағы сынбасын десең, өзге бақшадағы алма ағашын сілкілеме дегені шығар. Алғашқысын айтамын. Ал кейінгісі... Кейінгісі қоғам, отбасы институты жайында айтар сөзге тұздық болғандай-ақ екен.

Отбасы дегеніміздің өзі шыныдан салынған үй емес пе еді. Жас отбасы – тіпті нәзік әлем, білте шамның шынысындай жұқа, жүрек отының күшіне шыдар, ал білекке салсаң – шарт сынғаны. Отбасындағы айтылған әрбір ауыр сөз, қиянатты іс қабырғаны шытыната береді, жұқалтаң үйге жік түсіре береді. Қай сәтте морт кетерін болжап білмейсің. Шыны үйді айтамыз, шыны жүректі қайда қоярсыз. Қаншама адам қаусаған жүрекпен өмір сүре береді. Өмір сүру керек болған соң. Қанша әйелдің жанарынан сол шытынаған жүректің қирандылары көрініп тұрады. Қанша азаматтың қабырғасына сол шынының өткір сынықтары қадалып тұрады. Бірақ адамдар осыған шыдайды.

Жалпы, біздің қоғамда «ыдыс-аяқтың сылдыры» «отбасындағы зорлық-зомбылық» деңгейіне өтіп кеткені белгілі. Тіркелген әрбір некенің екіншісі сол жылы бұзылып жататыны да сандық түбіне сақтап қояр сыр емес.

Біз «Бақытты отбасы» деген тұрғын үй бағдарламаларын қабылдап жатамыз, бізге бұдан бұрын «бақытты отбасы» деген рухани бағдарлама қажет-ақ. Жалпы, бақытты отбасы дегеніміз қандай отбасы? Лев Толстой «Ана Каренинада» «әрбір бақытты отбасы бір-біріне ұқсайды, ал әрбір бақытсызы – өзінше бақытсыз» дейді. Бақытты отбасы  әлеуметтік жағынан толық қамтылған отбасы ғана ма? Әрине, жоқ. Әрі-беріден соң, үй дегеніміздің өзі – төрт қабырға емес, бақытты адамдар үшін үй – бір-бірінің жүрегі. Бақытты ерлі-зайыптылар бір-бірінің жүрегінде өмір сүреді. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, оның да шыныдан жасалғанын естен шығармау керек. Қанша бала шыныдан жасалған үйлердегі шыны жүректердің қирандыларын табанымен басып жүр. Олардың табаны ғана емес, жан жүрегі де тілім-тілім.

Біз бақытты және бақытсыз отбасы деп жалпылама айта саламыз ғой, ғылымда мұны бірнеше типке бөледі екен: сау отбасы, бейімделген отбасы, девиантты отбасы, әлеуметтен тыс отбасы, әлеуметсізденген отбасы, дағдарысты отбасы, жанжалды отбасы, криминогендік отбасы, қылмысты отбасы.

Әлеуметтанушылар әуелгісіне мынадай анықтама беріпті: «Сау отбасы – бұзылған экономикалық және әлеуметтік-психологиялық үдерістердің ықпалына түспеген отбасы, оның мүшелері толық дене, рухани және әлеуметтік әл-ауқатының жағдайында өмір сүруде. Осындай отбасылар арасында бақытты отбасылар қалыптасады».

Қарасаңыз, қарапайым ғана түсініктер. Одан да қарапайымы «Әйеліңе балаңның көзінше ақыл айтпа, балаңа адамның көзінше ақыл айтпа».

Еститін мемлекет болсыннан бұрын еститін қоғам керек-ақ. Адамдардың бірін-бірі естуі тым-ақ қажет. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі естуі, одан маңыздысы тыңдай білуі, ата-ананың баланы тыңдай білуі, баланың ата-ананы тыңдауы бақытты отбасының бас­ты қағидалары болса керек. Өйтпегенде, біз естімейтін айқайлар мен ішкі шыңғырулардан қанша шыны үйлер шытынап, қаншама шыны жүректер қирап жатыр! Құрдымда, күресінде, бұрышта.

Қазақ отбасының құндылықтары ұлттық дүниетанымға негізделгенде ғана біз шын мәніндегі бақытты отбасы қағидасын құратын шығармыз. Ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Бұрышқа тұр!» деген атақты өлеңі тек үйдің бұрышын ғана емес, ата-ана өміріндегі баланың, ерлі-зайыптының өміріндегі айып­тау, жазғыру, кінәлау, сөгу, бағаламау, жек көру, түсінбеу бұрышын да айтатын секілді. Біз шыны үйлердегі сол бұрыштардан абай болайықшы. Бұрыштың арғы жағы – бұлыңғыр...