Аталған салымдардың едәуір үлесі, нақты айтқанда 305 млрд доллар – электр және жылу энергиясын өндіруге, 167 млрд доллар – көлік инфрақұрылымына, 65 млрд доллар – тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне, сондай-ақ 57 млрд доллар – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына және 49 млрд доллар ауыл шаруашылығына бағытталуы тиіс.
Арнайы бағалауға сәйкес көмір, мұнай және газ өндіру секторындағы инвестициялар ұзақмерзімді перспективада сұраныстың төмендеуіне байланысты азаяды деп болжануда.
«Айталық, қазір Үкімет жаңғырмалы энергия көздеріне инвестициялар тартуға қатысты жұмысты қолға алды. Соның бірі Қазақстанда СО2 қалдығын азайтуға арналған ірі жобаларды Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп іске асыру көзделген. Айтылған көрсеткіштер мен көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін салалық саясатты реформалау қажет. Доктринада әзірленген индикаторларды орындау үшін өнеркәсіпте энергия тиімділігін арттырып, үнемдеу жөніндегі шаралар ескерілуі тиіс.
«Жасыл» көліктердің (экологиялық таза көлік түрлері) тиісті инфрақұрылымын дамыту мақсатында қолдау тетіктерін әзірлеу керек. Термо жаңғырту арқылы қолданыстағы тұрғын үй қорында жылудың шығынын үштен бірге төмендетіп, жаңа ғимараттар міндетті түрде жаңғырмалы қуат көздеріне қосылып, энергия тиімділігінің жоғары талабына сай болуы қажет. Органикалық өнімге деген әлемдік сұранысты ескеріп, өсімдік шаруашылығы бағытында егіншіліктің органикалық әдістеріне көшуді жеделдету арқылы органикалық өнімнің экспортын мемлекеттік тұрғыда қолдауға мән берген абзал. Еліміздің көміртегінен бейтарапты дамуы оңай болмайды. Бірақ экономиканың тұрақты түрде ілгерілеуіне негіз болып, инвестициялық тартымдылықты арттырады», деді ведомство басшысы.
Министр айтқандай, экономиканы әлеуметтік тұрғыдан трансформациялау және жаңа жұмыс орындарын құру аталған доктринаның ажырамас бөлігі. Бұдан бөлек, еліміздің бас экологы зиянды қалдықтың көлемін азайтуда орман алқаптарын ұлғайтудың маңызы зор екенін айтты.
«Елімізде орман қоры 30 млн гектарды алып жатқанымен оның 13,3 млн гектары ғана орманды алқап саналады. Жас көшеттер СО2-ні бірден сіңіре алмайды, өйткені бұған шамамен жеті жыл уақыт қажет. Осы аралықта ағаш жетіліп, содан кейін ғана парникті газды сіңіруге қауқарлы. Көрсеткіштерге тоқталсақ, 1 гектардай орман 3 тоннаға дейін СО2-ні сіңіреді екен. Бұл соншалықты көп емес. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орманды ұлғайтудың маңызы зор.
Бұл тапсырма «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында бекітілді. Жыл соңына дейін 130 млн-ға жуық ағаш отырғызылып, көктемде 80 млн-нан астам көшет егіледі. Күзде қосымша 50 млн ағашты отырғызу көзделген. Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызылып жатыр», деді Экология министрі.
Соңғы 10 жылда Аралды қалпына келтіруге байланысты халықаралық қорлардың қолдауымен 85 млн доллардан астам қаражатқа түрлі жобалар іске асырылып, 340 мың гектарға сексеуіл отырғызылыпты.