«Сондықтан қазір заманға сай мемлекеттік координаттар жүйесін жасауға ден қойып жатырмыз! Бұл үшін спутниктік геодезиялық желі базасын салып, желіні дәл есептеу және теңестіруді іске асыру қажет», дейді Бағдат Мусин.
Минитрдің айтуынша, күллі әлем спутниктік әдіске көшкен. GPS пен Жаһандық навигациялық спутниктік жүйе (GNSS) ғарышты шарлап жүр, ал геолокацияны смартфон арқылы жіберу қалыпты жағдайға айналған.
Осындай қарқынды технологиялық дамудың арқасында ғаламат нәтижелерге қол жеткізуге болар еді. Алайда мұндай мүмкіндікті 2ГИС, Google карт, Яндекс такси және тағы басқа қарапайым сервистер арқылы күнделікті күйбең тірлікте ғана қолданып келеміз.
Осындай қолда бар навигация бойынша салынған бағдарға сай 200 метр немесе 212 метрден кейін бұрылдыңыз ба, мейлі, ең бастысы діттеген жеріңізге жетсеңіз болды.
«Ал біз үшін қазіргі маңызды мақсат - СК-42 сияқты көне жүйенің орнына дала мен қала, өзен-көл мен орман кадастрының, геология және жер қойнауын пайдалану, табиғат, қорғаныс, қауіпсіздік сияқты және тағы басқа да тиісті салаларды, жеріміздің әрбір сүйемі мен елісі, әр сантиметрін қамтитын мемлекеттік деңгейдегі өзіміздің спутниктік координаттар жүйемізді құру. Жаңа жүйеге ауысқан шақта фермерлердің жер аумағы ұлғайып немесе азайып, өзгеруі ықтимал. Мысалдар жетіп артылады, ескі координаттар жүйесіндегі мәліметтер дәл және нақты болмағандықтан, бір жолдың бойындағы жер телімдері де сәйкеспей қалуы мүмкін», дейді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, мемлекеттік жүйедегі шектеулер мен кедергілердің кесірінен геология және жер қойнауын пайдалану саласына шетелдік инвесторларды тарту қиындап тұр. Мемлекеттік басқаруға да кері әсерін тигізуде. Мәселен, сәулет саласындағы «қызыл жолақтардың», табиғат пайдаланудағы санитарлық және су қорғау белдемдерінің бұзылуы.
«Қазіргі заманда көне СК-42 жүйесін қолдану дегеніміз, мысалы 2021 жылы ірі корпорацияның иелігінде заманауи техникалар мен интернет бола тұра, электрондық пошта, порталдар, смартфон мен гаджеттерін пайдаланбай, хат-хабарлары мен құжаттарын қағаз жүзінде жаяулап-жалпылап дәстүрлі пошта арқылы жолдағанмен тең. Мұндай корпорацияның жұмысы жемісті болушы ма еді?! СК-42 технологиясы құрылыс, сәулет, геология, кадастр, көлік, навигация және т.с. техникалық және инженерлік бағыттарда кеңінен қолданылады, сондықтан оның шығындары да ұшан-теңіз. Осы себепті бұл саланы жаңғыртып, заманға сай және тиімді қылып, халыққа көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын арттыру үшін геодезия және кеңістіктік деректерді цифрландыру қарқынын күшейткелі жатырмыз», деді министр.