Институттың Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли «Тілдің қолданыс аясын келістіру үшін тілді емес, тілдік коммуникацияны қаперге алуымыз керек» деген пікірде. Осы орайда бірқатар түйткілді мәселелерді ортаға салып, өткендегі тәжірибеге қарағанда, тілді оқыту жақсы жолға қойылып келеді. Бірақ нәтиже аз», дейді. Оның себептерін тілдік коммуникацияның қаперге алынбауымен байланыстырған ғалым Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесінің нәтижелі болғандығын еске алды.
Институттың бас ғылыми қызметкері, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева «Тіл реформасы – рухани жаңғыру бағдарламасының өзегі. Ол қоғамның рухани жаңғыруына және қазіргі жаһандану жағдайында мәдени өзіндік идентификацияның қалыптасуына ықпал етеді. Қазіргі модернизация, инновация, цифрландыру заманында латын графикасы арқылы әлемдік ақпараттық коммуникацияға еркін кіруге болады», деп ой тастай келіп, «Біздің жастарымыз латын әліпбиін білуге ынталы. Себебі өз мансабын жасау үшін олар дамыған елдердің жазуын білу керек әрі латын әліпбиі олардың санасында жоғары сапа және жетістіктермен байланысады. Латыннегізді қазақ жазуы арқылы жастарға жаhандық білім жүйесіне құрмаласу оңайырақ болады. Сонымен жаңа әліпби табысты өзгерістер әкеледі, латын графикасына негізделген қазақ тілі қалың жұртшылыққа тартымды болады, соның нәтижесінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолдану аясы кеңейеді», деді.
Тілдің дамуын қолданыс аясының кеңеюімен байланыстырған институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынованың айтуынша, тілдік қолданысты кеңейту бала танымын қазақша қалыптастыруға көңілді көбірек бөлуден басталады. Ол үшін балалар қызығатын телебағдарламалардан бөлек, түрлі қызғылықты ойын бағдарламаларын ұсыну керек. Сондықтан «Балаларға арналған мультфильмдерді тек қазақ ертегілеріне ғана негіздегеннен гөрі, адамгершілік құндылықтарды түсіндіретін аса сауатты аударма мультфильмдермен толықтыру қажеттігі тұр. Қазақ тілін ана тілі ретінде оқыту мен екінші тіл ретінде оқыту әдістемесін әлі де жетілдіру керек. Тіл біліміндегі жаңа бағыттармен зерттеулер жүргізуге мүмкіндіктерді молайтатын тіл теориясына арналған гранттық қаржыландыруларға мемлекеттік тіл саясатында басымдық беріліп отырса, теориялық ізденістер жылдар өте келе өз жемісін берері анық» деп атап өтті Бағдан Момынова.
«Қазақ тілін дамыту үшін қоғамның барлық саласында оның мемлекеттік мәртебесінде қызмет етуін толыққанды әрі тиімді қамтамасыз ететін заманауи, жетілген нормативтік-заңнамалық база керек. Бұл қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі функциясын сақтайды» деген пікірін ортаға салған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан іргелі зерттеулер тіл білімінің әлеуметтік лингвистика саласында жүргізілуі керек екенін айтады. Осы орайда биылдан бастап институтта Әлеуметтік тілтаным бөлімі ашылып, мамандар мемлекеттік тілдің өміршеңдігін қамтамасыз ететін шамалар мен тіл саясаты, қоғамның тілдік капиталы мен Қазақстандағы тілдік жағдаятқа қатысты зерттеулермен шұғылдануда.
«Қазақ тілі – ұлттық тіл, қазақ ұлтының ғасырлар бойы жинақтаған зияткерлік, ахлақтық, рухани, эстетикалық, құқықтық, т.б. сан-салалы білімдер жүйесін сақтаушы, жинақтаушы, жүйелеуші, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, тасымалдаушы, реттеуші құрал, қазақ ұлты тілі арқылы ғана жалпыадамзаттық құндылықтарға өз үлесін қосып отыр. Осы бағытта қазақ тілін тек Қазақстанда ғана емес, сол сияқты өзге де мемлекеттер аумағындағы мәдени қауымдастықтардың тілі, яғни автохтонды тіл екенін дұрыс танып, қазақ тілінің мәдени картасын жасап, оған мемлекет шеңберінен тыс таралған кеңістікте де қамқорлық көрсетуді Ұлттық жобаларға енгізу керек. Бұл бағытта институтта іргелі және қолданбалы зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы зерттеу нәтижелерін пайдалана отырып, қазақ мәтіндерінің ақпараттық-инновациялық ақылды тілтанымдық базасы – Қазақ тілінің ұлттық корпусы әзірленіп, интернет ресурсы жасалды – qzcorpus.kz, онда қазақтың әр сөзінің «паспорты» беріледі», деген Анар Фазылжан қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру бағытында орасан еңбек атқару керек, деп ой түйеді. Яғни заңнамалық базаны қалыптастыру, мәселен, Қазақстанда қорғалатын ғылыми жұмыстардың, әзірленетін ғылыми еңбектердің бір данасын мемлекеттік тілде дайындап, тіркеуді міндеттейтін норматив қажет. Бүлдіршіндерге, жасөспірімдер мен жастарға арналған ғылыми ақпарат беретін қызықты IT қосымшалар, теле-радио бағдарламалар, қағаз және электронды нұсқадағы мерзімді басылымдар, алуан түрлі қызықты конкурстар ауадай қажет. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін ұлттық терминологияны тиісті деңгейде дамыту маңызды, осыны көздеп, биыл институттың Терминология бөлімі орталық болып қайта құрылды.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді цифрлы кеңістіктегі рөлін арттырумен тікелей байланыстырған институттың ғылыми қызметкері, PhD Қуатбек Дүйсенов республика аумағында қызмет ететін коммерциялық және коммерциялық емес мекемелерді интернет кеңістікте мемлекеттік тілде ақпарат таратуға ынталандыру қажет екенін айтады. Ал институттың жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Жұмабаева «Қазіргі уақытта тілдің қолданыс аясы ауызша сөз формасы жағынан да ерекше назарда болуы шарт. Себебі сөз әуезді, құлаққа жағымды, көкейге қонымды болуы үшін қазақ тілінің үндестік заңы үлкен қызмет атқарады. Ал үндестік заңы орфоэпияның негізгі тірегі болып табылады. Бір қарағанда, дыбыстардың үндеспеуінің еш зияны жоқ сияқты болып көрінеді, ал, шынтуайытына келгенде, дауысты дыбыстардың үндесіп, дауыссыз дыбыстардың үйлесіп айтылуы қазақ тілінің басқа тілдерден ерекшелігін, өзіндік табиғатын көрсетеді», деген ойда. Сондықтан қазіргі уақытта балабақшадан бастап, мектеп жасындағы оқушыларға дейін орфоэпияны ерекше үйрету қажет.
АЛМАТЫ