Оқиға • 04 Қараша, 2021

Нұр-Сұлтанда ішімдік ішкен жүргізуші жас қызды қағып кетті

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Lexus маркалы автокөлігінің жүргізушісі Бөкейхан көшесімен келе жатып, жолдың жүру бөлігінен өтіп бара жатқан 24 жастағы қызды қағып кеткен, деп жазады Egemen.kz қалалық полиция басқармасына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда ішімдік ішкен жүргізуші жас қызды қағып кетті

Құжаттарын тексеру кезінде полиция қызметкерлері 56 жастағы жүргізушіден алкогольдің өткір иісін байқаған. Медициналық куәландыруға сәйкес көлік жүргізушісінің мас күйінде болғаны анықталған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан бойжеткен дене жарақатын алып, қалалық ауруханаға жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бойжеткен үйіне жіберілді. Аталған факті бойынша анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Дәл сол күні түнгі уақытта бір куәгерден полицияға «Тойота камри» маркалы автокөлігінің иесі масаң күйінде рөлге отырғаны жайлы хабарлама келіп түскен. Аталған 25 жастағы тәртіп бұзушыны ұстаған сәт полиция қызметкерінің бейнетіркеу құралына жазылып алынған. Медициналық куәландыруға сәйкес оның көлікті жеңіл дәрежедегі мас күйінде басқарғаны белгілі болған.

Үш тәуліктің ішінде елордалық полицейлер тарапынан 5 мас жүргізуші ұсталып барлығы сот алдындағы жауапқа тартылған. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес, көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік соттың шешімімен тәртіп бұзушылар 15 тәулік мерзімге қамауға алынып, жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды. Автокөліктер коммуналдық тұраққа орналастырылды.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертеді және азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады. Жүргізушілердің заңсыз әрекеттерін, атап айтқанда масаң күйінде көлік басқарған жүргізушілердің куәгерлеріне полиция нөміріне немесе «102» мобильді қосымшасына хабар беруді сұрайды.