Сұхбат • 04 Қараша, 2021

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова: «Ай тұтылған түндегі» Таңқабикені ойнауды армандадым

500 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова: «Ай тұтылған түндегі» Таңқабикені ойнауды армандадым

«Халық жауының» қызымын

– Нәубетке толы ашаршы­лықтан кейін, Ұлы Отан со­ғы­сының алдында дүниеге кел­діңіз. Балалық шағыңыз бал­дай тәтті бола қоймаған шығар…

– Мен жарық дүниеге келген 1938 жылдың қиындықтары баршылық. Әкемді 1937 жылдың қазан айында «халық жауы» деген сылтаумен қамауға алып кет­кен. Сондағы таққан айыптары «әкең мешіт ұстаған, сен мол­даның баласысың» дегенге сая­ды. Қазақшалап айтқанда, ұс­тап беру ғой. Негізі біреулер көр­сет­кен. Әкем солай Семейдегі абақ­тының ар жағына кете барған.

Сол кезде жалғыз ағам бар. Әкемді дүкеннен ұстап алғанын көрген сол ағам: «Әке» деп үн қатса керек. Сонда әкем: «Бар, бар, ана қарындасың мен анаңа ие бол», депті. Қарындасың деп отырғаны, ол кезде менің әпкем бар болатын. Ал өзім әлі өмір есі­гін ашпағанмын. Бұл оқиға сол кездегі Шар стансасында болған. Содан не керек, ағатайымды «ха­лық жауының баласы» деп мектеп­тен шығарып жібереді. Ол кейін: «Ой, ол кезде менің көрген қорлығымды ешкімнің басына бермесін. Түн ішінде деподан барып, көмір ұрлап келетінмін», дейтін. Ағатайым әйтеуір әкемнің жоқтығын білдірмей, бір жыл бойы анам мен қарындасына қамқор болған. Әкем кеткен соң араға сегіз ай салып мен дүниеге келіппін. Кішкентай шақалақ­тың дүние есігін ашқанын ешкім елең қылмапты. Атымды да қой­маған. Қанша дегенмен «халық жауының» қызымын ғой. Ешкім үйге келмейді. Мен туғаннан ке­йін арада жиырма күн өткен соң әкем түрмеден шығыпты. Бұл деге­німіз бір тылсым сияқты. Оны әкем былай әңгімелейді:

«Түрмеде жатқанбыз. Қымты­рылып-қыстырылып отырамыз. Бірде қысылысып жатып ұйықтап кетіппін. Түсімде бір ақсақалды көрдім. Бөлмеге кіре бергенінде «Ассалаумағалейкүм» деп амандассам, ол кісі бармағын ғана берді. «Саған осы да жетеді» деп айтты», дейді әкем. Арада үш күн өткенде әкем түрмеден шығады. Ол кісінің үлкен-үлкен кітаптары бар-тын. Сол кітаптарын ақтарып отырып, менің атымды Нұрсифат деп қойыпты. Әкемнің адам ем­дей­тін қасиеті де бар болатын. Ай­тып-айтпай не керек, мен үй­дің ерке қызына айналдым. Сөй­тіп әкем: «Қой, мына арада күн кө­ре алмаспыз. Сиырымыз, ат-арба­мыз бар. Бір ретін тауып күнел­тер­міз» деп Шардан алпыс шақырым жердегі Жаңаауыл деген колхозға көшіп кетеді.

– Ол ауылда «халық жауына» жұмыс берді ме?

– «Халық жауы» деп ол жақта да салқын қарсы алып, әрең дегенде бұзау бақтырып қойыпты. Бұқашоқы деген қыратта отырып бұзау бағады. Үйге келгенде бидай қуырып, шай ішеміз. Сөйтіп жүргенде бір күні ауатком дегендер мінетін ат-арба ауламызға келіп, бір қап ұн, бір қап тары, бір қап бидай тастап кетті. Біз түсін­бей далмыз. Сөйтсек, бұл әкемнің емшілік қасиетінің ар­қасында келген дүние екен. Біз­дің отбасы Жаңаауылға көшіп келе жатқан кезімізде жолда аял­­дап, бұлақтан су алып шай ішіп отыр­ған ғой. Сол кезде бір ат-арба тоқтапты. Арба үстінде бала байлаулы жатыр екен. Сон­да әлгі ат-арбадан түскен егде кісі: «Раха, мына баланы оқып бері­ңізші», деп өтініпті. Әкем бол­са: «Ойбай, атама. Көзім ашы­лып, түр­меден енді шығып отыр­мын, керегі жоқ», деп басын ала қаш­қан. Сонда әлгі кісі ешкімге айт­пайтынын жеткізіп, ант-су ішіп әкем­ді көндіріпті. Әкем әлгі бала­ның қол-аяғын шешкізген. Сонда бала әкеме тұ­ра жүгіріпті. Осы сәтте әкем дем салып, жақтан бір тартып жіберіпті. «Енді өзенге апа­рып жуындырыңдар. Бол­ды, жа­зы­­лады», депті. Әлгі бала ауат­ком­ның туысының ұлы болып шық­ты ғой. Мына олжа сол жақ­­сы­­лықтың қайтарымы екен. Еш­кім­ге білдірмей, қыдырып жүр­гендей әкеп тастапты.

Әкем ақындар айтысына қа­ты­сады. «Халық ақыны» ата­ғын алады. Сонда әкем: «Біздің мына қызымыз бақытты қыз болды, әке­сін түрмеден шығарып алды. Осы қызым туған соң «Халық ақы­ны» атағын алдым», деп риза болатын. Мен қыз баладан гөрі, ер бала секілді өстім. Ұлдарға тән кекіл қоятын болыппын. Мек­­тепке барғанда ол сәл өссе, қайы­рып тастап, балалармен «өй, әкең» деп қойып төбелесіп ойнап кетеді екенмін.

– Қанша дегенмен соғыс және соғыстан кейінгі кезең ғой. Ерке болғаныңызбен еңбекке бала күннен араластыңыз…

– Дұрыс айтасың. Қанша де­генмен соғыс жүріп жатқан ке­зеңнің баласымыз. Үшінші-төр­тін­ші сыныпты бітірген кезде-ақ бізді дереу әкетіп, жұмысқа жегетін. Шөмеле жинаймыз. Егіс­­тік даласына барып, арам шөп жұла­мыз. Қолымызға тіке­нек кіріп жылап та алатынбыз. Солай жы­лап отырған кезде қо­лын­да қол­ғабы бар бір орыс апай менің алдымды тазалап, ел­дің қа­та­рына қосып жіберді. Есейе келе үйде ер баланың қызметін атқардым. Ат арбаны жегіп немесе атты ерттеп алып, өзім мініп кете беремін. Біздің тағ­дырымыздың кейбір тұстары Абай Құнанбаевтың өмірімен сәйкес келеді. Осы Шар деген жерге Абай үш мәрте ат басын бұрған екен. Болыс секілді ұлық­тарды сайлау өтетін. Шар деген ат содан қалған болар деп пайымдаймын. Ол дәуірде дауыс бергенде қазіргі бюллетень орнына шар салатын болған.

Соғыс біткен 1945 жылы Абай Құнан­­баевтың 100 жылдық тойы өткізілді. Әкем сол тойда айтыс­­қа қатысып, бас жүлде иеленді. Осылайша, Рахымбай Дүй­­се­кеевтің аты дүркіреді. Әкем жарықтық «халық жауы» атан­ған соң әбден қаймығып қал­са керек. Жай сөйлейтін. Үй­де­гі тере­зе­лерді саңылау қалдыр­май бекітіп, жауып тастайтын. Осылайша, біз еңбек даласында жүріп есейдік. Тек оныншы сыныпты аяқтаған кезде ғана жұмысқа апарған жоқ. Өйткені оқуға тапсыруымыз, құ­жат өткі­зуіміз керек қой.

 

«Дәрігер боламын деп әбігерге түстім»

– Медициналық институтқа құжат тапсырып түсе алмай қалдыңыз. Сонда арманыңыз дәрігер болу ма еді, әлде тұла бо­йына емшілік қасиет дарыған әкеңіз осылай ұйғарды ма?

– Әкем қатты ауырды. Ол кі­сі­ні совхоздан аудан орталығына алып келді. Диагнозы қазір айтып жүрген жүрек талмасы екен. Бір қол, бір аяқтан қалды. Алайда анық сөйлейтін. Тұрып-жүруі қиынға соқты. Қарашада құлаған әкем ақпан айында бақилық болды. Ол тірісінде: «Осы қызым мек­­тепті бітіре салысымен доқ­тыр­дың оқуына түсіремін», дей­тін. Әкем дүниеден озған соң аға­тайым Семейге алып барды. Мек­теп кезінде «Алгебра, хи­мия, қонбайды менің миыма» деп жүретінмін. Сөйтсем, бұл меди­цина саласына түсу үшін био­логия мен химияны жақ­сы білу керек екен. Сол кез­дің бір кем­шілігі, мектепте хи­мия­дан беретін мұғалім жоқ. Ал­геб­ра­дан сабақ беретін ұстаз да же­тінші сыныпта келді. Дұрыстап оқымаған соң қиынға соғады екен. Емтиханды тапсыруын тап­сырғаныммен үш деген баға алып, оқуға түсе алмай қалдым.

– Әке арманы орындалмай, мектепте мұғалім болып еңбек ете бастадыңыз ғой...

– Иә. Содан ауданға қайтып келген бетте білім бөлімінің бас­­шысына кіріп, жұмыс сұра­дым. «Неге оқуға түсе алмай қал­дың?», деп сұрады. Химия­дан өте ал­ма­ғанымды түсіндір­дім. Шар­дан жетпіс бес шақырым қа­шықта орналасқан Қызыл­же­тек деген елді мекен бар болатын. «Сол жақтың мектебіне барып сабақ бересің», деді ол кісі. Мен жағрапия мен тарихты жақсы бі­летінімді жеткіздім.

Баяғы еркелігіме басып: «Ой­­бай, аға, жетпіс бес шақы­рым жер­ге бара алмаймын, алыс қой», деп қиғылық салдым. Ол кез­дің ұстаздары да, адамдары да мейі­рімді ғой. Молотов колхозын сұ­рап едім, бірден келісті. Кол­хоз­дың орталығы Қараш деген ауыл­ға жіберді. Сол жерде жүріп, бе­сінші, алтыншы, жетінші сынып оқу­шыларына тарих және жағ­рапия пәндерінен бір жыл сабақ бердім. Бір қызығы, кейбір оқу­шылар өзімнен үлкен. Бір чешен­нің баласы оқыды. Өзі тау­дай. Сабақ оқымайды. «Әй, сен неге сабақ білмейсің?» деп қо­лым­дағы «указкамен» тар­тып жібе­ретінмін. Бірақ өзім бала­лар тосыннан қиын сұрақ қойып қалмасын деп кітапханаға ба­рып, тарихқа, жағрапияға қатыс­ты кітаптардың барлығын ақта­рып, дайындалатынмын. Жез­дем маған сабақ кестесін, жос­пар­ды қалай жазу керектігін көр­­се­­тіп беретін. Жездемнің ауы­­лы­на сұранып келгенім жақ­сы бол­ған екен деп қуанатын­мын. Қа­рап жүрмей көркемөнер­паз­дар үйір­месін де құрып алдық. Түр­лі көрініс сахналап, іс-шаралар өт­кі­зіп, мерекелерде концерттер қо­йып жүрдік. Кейін тіпті ауыл ша­руашылығы саласына да құ­жат тапсырып көрдім. Нем бар десеңші?! Менің өмір бойғы арманым – театр институтын біті­ру. Кейін Жамбылға келіп, мәдени-ағарту училищесінен білім алдым ғой. Садыхан Әубәкіров, Яхия Шінәсіловтің дәрісін тыңдадық.

– Сіз ұзақ жылдар бойы ­театрда еңбек еттіңіз. Әйткен­мен «Құнанбай» фильміндегі Зере әженің рөлі бағыңызды ашып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандыңыз. Бүкіл еңбе­гіңізбен емес, бір ғана рөлі­ңіз­бен осындай марапатқа ие бо­луы­ңыз өзіңізге кездейсоқ бақ секілді көрінбей ме?

– Жоқ, олай деп айтпас едім. Кино мен театрдың айырмашы­лықтары бар. Мысалы, бір спектакльде жіберген кемшілігіңді сезе­сің, бірақ оны мезетінде түзей ал­майсың ғой. Кинода олай емес. Бұл – мен бірінші рет түс­кен кино. Бұрын Тұрар Дүй­себаев аздап кино түсіргенде жай ғана көп­шілік сахнасына қатысып қайта­тынбыз.

«Құнанбай» фильміне кә­дім­гі кастинг, яғни іріктеу арқы­лы қа­тыстым. Шақырды, бар­­дым. Ке­те­рімде Досхан Жол­жақ­­сынов: «Апа, сіз жалғыз емес­­­сіз. Әлі та­лай апаларды ша­қы­­рамыз. Кім­­нің бейнесі келе­ді, соны алып қаламыз», деп тұс­пал­дады. Оны­сы енді «өтпей қал­саңыз, рен­жімеңіз» дегені ғой. «Жа­райды, қарағым» деп кете бардым. Со­дан не керек, сәуір өтті, мамыр аяқ­талды, мау­сымның да жартысы артта қалды. Сосын мен: «Ой, Жам­былдың драма театрындағы кемпірді не қылсын? Алматыда Халық әртіс­тері көп қой. Мен жай ғана Мә­дениет қайраткерімін», деп ойлап, бұл мәселені жылы жауып қоя салғанмын. Бір күні маусым бел ортасына таяғанда екінші режиссер қоңырау соғып тұр. Амандық-саулықтан соң: «Апа, он екісі күні Семейде бо­лы­ңыз. Түсірілім басталады. Көр­кемдік кеңестің шешімімен сіз лайық деп танылдыңыз», деді. Кастинг өтіп жатқанда Досхан: «Апа, егер өтіп жатсаңыз, атқа мінесіз», деген еді. Сол кезде мен: «Ат мен үшін таңсық емес, қарағым. Ауылдың адамымын. Бірақ атқа соңғы рет 1965 жылы мінгенмін. Содан кейін атқа оты­рып көрмеппін», деп мән-жай­ды жайып салдым. Досхан қор­қынышымды басып, тоқсан беске келген адамды да атқа мін­гізгендерін айтты.

– Ол кезде, қателеспесем жет­­піс алты жастасыз…

– Иә, сол жылы жетпіс алты жаста болатынмын. Келістім. Ат­қа мінесің деген соң іштей да­йын­­далып жүрдім. Егер өте қал­сам, «Апа, мына атқа міне­сің» деп көрсетеді ғой деген ой құшағында болдым. Қалтама қант салып жүрейін деп шештім. Сөйтсем, алғашқы күні-ақ түсірілім Құнан­байды Омбыға әкететін сюжетпен атқа мінуден басталды ғой. Қатты қорыққанымды жасыра алмаймын. Содан атқа мінер алдында «О, Қамбар атам менің, аруағыңмен демей, жебей көр» деп жылқы малының пірінен өзім­ше көмек сұрадым.

Абай ауданынан он екі ша­қырым жердегі Қарашоқы деген жерге таңғы тоғызда бардық. Түсі­рілім күні бойы жалғасты. Көп болса 4-5 дубль жасалды. Мен киноға бұрын түспегенмін, көп жайтты білмеймін. Кимешектің астыңғы жағына микрофон қойып қойған екен. Оны ойлап жатқан жоқпын. Құнанбайды әкетіп ба­ра жатқан жерінде «Құнаааш, Құна­ааш» деп айқайға бастым ғой. Сөйтсем қасымдағылар: «Апа, мойныңызда микрофон бар. Он­дай айқайдың керегі жоқ» деп күледі. Осы кезде кәдімгідей қи­на­лып қалдым. Әйтеуір бәрі сәті­мен жалғасты. Бәрі біткен соң аттың үстінде тұрғанмын. Бір кез­де Досхан келіп: «Апа, рахмет! Көп рахмет!» деді. Досхан да, мен де өкісігімізді баса алмай жы­­лап тұрмыз. Аттан түскенім сол еді, сол жерде жүргендер: «Апа­­мызға суық тиіп қалмасын» деп бәйек болып жатыр. Мен бол­­сам: «Мені қымтамаңдаршы, жібе­ріңдерші, ана таудың арасы­на барып, айқайлап жылап-жылап келейін», деп жатырмын. Сол рөл­ге әбден берілгенімнен шы­ғар лауреат атанғаным деп пайым­дай­мын.

– «Құнанбай» фильмінің түсірілімі кезінде қандай қиын­дықтар болды?

– Алпыс жылға жуық театрда еңбек еткен тәжірибем бәріне жетеді. Тек, бөлек бір күй кештім. Қиынға соққан кадр болмады емес, болды. Ол – намазымды оқып отырып, ойымды бөлетін шағым бар ғой, бәрінен де сол ауыр тиді. Намаз үстінде селк етіп «Е-е-е, омырауымды жумай, дәрет алмай емізбеуші едім, құ­лыным. Орыстың түрмесінде асыл сүйегің шіритін болды-ау!» деп тебіренемін. Негізі намаз үстінде ой мүлде бөлінбеуі керек. Түсі­рілімнен соң намазымды жалғастырып, аяқтадым.

«Қарауыл болып жұмыс істедім»

– Сіздің өміріңіздің өзі драма сияқты. Қырық жасқа жет­пей отағасы Мақсұттан айырыл­ды­ңыз, ол аздай ұлыңыз бақи­лық болды. Тағдырдың түр­лі тауқы­метін бір кісідей тарт­тыңыз. Бірақ морт сынған жоқсыз…

– Бәріне жәрдемші бір Алла ғой. Ұлым қайтыс болған кезде қатты ауырдым. Тоқтай алмай жылап-сықтадым. Қайтып келмейтініне көзім жетті. Сол кезде қасымдағылар: «Әй, Нұр­сифат, жылай берме. «Жылағанға жас беремін» деген бар. Құдай береке берсін. Не істейсің Алланың жазғанына», деп жұбатты. Осы күнде елдер: «Крышаң бар ма?» деп жатады ғой. Мен ешқан­дай «крышасыз» таза өзімнің еңбегіммен келе жатқан адаммын. 1959 жылдың он үшінші сәуірінде мені театрға жұмысқа қабылдады. 42 сом 50 тиын айлық алатынмын. Сосын осы жыл­дың күзінде оқуға түсейін десем, директорым Төлебаев де­ген кісі: «Сен оқуға түсетін бол­саң, жұмыс істей алмайсың. Жаз­дай іссапарда жүргеніңді еске­ріп, штатқа ала­йын деп отыр­ғанбыз. Онда біз сені штатқа қабыл­да­маймыз», деп кесіп айтты.

Ол жылдары біз бұрынғы көк базар маңындағы екі қабатты үйде шағын ғана бір бөлмеде тұрып жатқанбыз. Негізі бір бөл­мелі пә­терлерде ас үй болады ғой. Ал ол жерде түк жоқ. Жай ғана бір бөлме бар. Жолдасымыз екеуміз ақылдасып, оқу мәселесін кейін­ге шегердік. Мақсатым екі жаста ­болатын. Іссапарларға кет­­кен кезде оны ауылға атасы мен апа­сына апарып тастай­тын­быз. Айтып-айтпай не керек, жұ­мыс істейік деп шештік. Содан театр­ға қабылданған бетте мен ең алғаш Шолпанның, «Бөлті­рік бө­рік ас­тында» қойылымын­да­ғы Марфу­ға­ның рөлдерін сомдадым. Сөйте-сөйте көптеген рөл бұйырды.

Театрдың іргетасын қала­ған Халық әртісі Шәріпбай Сә­киев, Халық әртісі Алтын Ружева, еңбек сіңірген әртістер Мұқа­метқали Табанов, Гүлжамал Батырғалиева бастаған мықты әртістермен бірге еңбек еттім. Осы кісілер менің қателескен жер­лерімді түзеді. «Бұл жерде былай істейсің, мына жерде былай етесің» деп бағыт-бағдар беріп отырды. Шәріпбай Сәкиев «сахнада бір аяғың, денең бос тұрмауы керек» деп сахнаның өмірін үйретті.

– Мақсұт ағамыз дүниеден озған кезде басқа да жұмыстар істегеніңізді білеміз…

– Ой, ол кезде не істемедік? Мен тұрған үйдің астында облыс­тық сауда басқармасы болды. Сол жерде жұмыс істейтін бір келіншек үйге келіп шай ішіп жү­ретін. Бір күні қоңырау шалып: «Апай, ты будешь у нас рабо­тать?» деп тұр. Өзі орыс тілді еді. Қандай жұмыс екенін сұрап едім: «Техничка» деп жауап берді. Түнде мені кім көріп жатыр? Келістім. Үйдің астына түсе салып, жинап қоямын. Бір-екі сағатым кетеді. Ол маған қиын болып па? Кейін сол жердің бас­тығы болған Жандарбекова қыз­мет ауыстырды. Орнына келген орыс кісі қысқарту жұмыс­тарын жүргізді. Жаңа басшы ма­ған: «Апа, сіз түнгі қарауыл бо­луға келісесіз бе?» деп сұрады. Келісім бердім. Осылайша, түнде мекемені тазалаймын әрі қарауыл болып еңбек етемін. Одан бөлек театрда бутафор секілді көптеген жұмыстарды қосымша атқардым. Кейде тік жүруімнің себебі тынымсыз еңбектің, қозғалыстың арқасы деп білемін. Бәрі Алланың рақымының арқасы ғой. Түбінде бәрі жақсы болады деп жүргенде баламнан айырыл­дым. Отағасы ұзақ ауырды. Бағып-қақ­­тым. Тері ауруы ақыры алып тынды.

Соғысқа алып кетеміз деп аудан­­дық әскери бөлім ертіп әкет­­кен кезде сол жерде жұмыс істей­тін на­ғашысы алып қалған. Сөй­­тіп, Шы­ғыс Қазақстандағы Канайка ­деген жердегі вольфрам шығаратын шах­­таға апарып, жұ­мыс істеткен. Бір жыл сонда еңбек еткен. Оның да әсе­рі бол­ған шығар. Әйткенмен, біз­дің доқтырлардан да ағаттық кет­ті-ау. Арқасына бармақтай қара сү­­йел шыққан еді. Қазақ сүйелге ти­­мейді ғой. Емханадағылар оны ке­­сіп алып тастапты. Түбінде сол сү­­йел отағасын алып кетті деп ойлай­­­мын. Кім білсін. Бала оқу бітір­­­меді, үйленбеді. Былайынша айт­­­қанда, жер ортасында қалдым ғой.

«Табановтың үйін он бес күн паналадық»

– Мақсұт ағаны Тұрар Дүй­себаев жағдайын жасаймын деп жұмысқа шақырды. Кел­діңіздер. Бірақ ол кісі жұмыс­тан кетіп қалған. Осы хабар­ды естігенде қандай күй кеш­тіңіздер?

– О-о-о, ол кезде қанша дегенмен халықтың пейілінің кеңдігін көрдік қой. Мұқаметқали Таба­нов ақсақал бізді үйінде он бес күн тұрғызды. Ауылдан қамсыз келгенбіз. Болмаса қайтып ке­тер­міз деп ойлағанбыз. Бірақ кел­ген соң отағасына Бекежан­ды, Ер­ Тарғынды ойнатты. Сөйтіп, театрға алды. Енді артқа жол жоқ. «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деген сөзге қалмайық дедік. Не болса да көрейік деп театрда қал­дық. Құдайға шүкір, Әулиеата жері топырағы қасиетті өлке ғой. Таяқ ұстап келгенге тай мінгі­зе­тін өңір екеніне көз жетті. Үй­дегі кісі қайтқан соң ағатайым келіп, елге қайтуымды өтінді. Бі­рақ мен қара шаңырақтың түті­нін өшірмейтінімді, киелі Әулие­атаның тек жақсылығын көргенімді айтып, осы жерде жүріп жетілетінімді жеткіздім.

– Кез келген актер немесе актриса өмір бойы бір рөлдерді ойнамай кеттім деп жатады ғой. Сіз де кезінде мына рөлдерді сомдауым керек еді деп ойлайтын боларсыз?

– Мен Баян, Еңлікті ойнадым. Шіркін-ай, «Ай тұтылған түндегі» Таңқабикені сомдасам деп армандадым. Бірақ болмады. Өйткені қойылмады ол кезде. Қойылым қойылған кезде мен Шафақ рөлін сомдадым. Жасым соған сәйкес болған-ды.

– «Құнанбай» фильмі ар­қылы Мемлекеттік сыйлықты Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы қар­­са­ңында алдыңыз, егемен ел бол­­ғанымызға отыз жыл тол­ды…

– Иә, шүкір. Тәуелсіздіктің арқасында осындай фильм­дер түсі­ріліп жатыр. Бәрі Елбасы­ның, Президенттің сарабдал сая­сатының жемісі ғой. Сондықтан Аллаға тәубе деймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»