Технология • 04 Қараша, 2021

Озық ойлы өнертапқыштар алаңы

346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Digital Bridge – бұл Қазақстанның және шет мемлекеттердің IT компаниялары бас қосып, тың жобаларды іске асырудың жолдарын пысықтайтын алаң. Айталық, биыл отандық стартапшылар Кремний алқабындағы көшбасшылардың бірі Plug and Play жаһандық инновациялық стартап-платформасының акселерациясынан өтуге мүмкіндік алды.

Озық ойлы өнертапқыштар алаңы

Жастарға берілген үлкен мүмкіндік

Атап айтқанда, Astana Hub, «Транс­­­­телеком» АҚ және Plug and Play IT эко­жүйені дамыту, инвестиция тар­ту, ак­се­лерация бағдарламаларын құ­­рып іске асыру, сондай-ақ дарынды жас­­тарды оқытып, қарым-қатынасты ны­ғайтуға ниетті.

«Бүгінгі қоғам экономикалық да­му­дың факторы ретінде стартап эко­жүйесін дамытудың маңыздылығын мойындайды. Компанияларымыз бен қоғамдастықтың мүддесі үшін ұзақ мерзімді және тиімді ынты­мақ­­тас­тықтың қажет екеніне сенім­діміз. Бұл Қазақстандағы стартап экожүйесін дамытуға септігін тигізеді деген үміт­теміз», деді Plug and Play ком­па­ниясының өкілі Санжар Тароми.

Осы ынтымақтастық арқылы Astana Hub және «Транстелеком» АҚ Plug and Play компаниясының елі­­міз­дегі өкілдігінің қолдауымен кор­по­ративтік акселераторды іске қосу­ға мүмкіндік алды. Осылайша, 20 IT стар­тапшы Кремний алқабы­ның сарап­шыларынан тәлім алып, инвес­ти­ция тартуға, сондай-ақ ірі кор­по­рация­мен қанатқақты жобаны іске қосу арқылы Playbook Plug and Play платформасында орналасуына жол ашылады. Бұл акселераторға әлем­нің өзге елдерінен IT командалар қаты­саты­нын ескерсек, қазақстандық ком­пания­ларға олармен де өзара жұмыс істеуге тура келеді.

«Кез келген стартаптың негізгі мақ­­­сат­­тарының бірі – нарықта қалып, өнім­ге деген сұранысты арттыру. Өз­ге­лердің көлеңкесінде қалмай Google, PayPal немесе Dropbox сияқты аңызға айналудың жолы қандай? Бұл сұраққа осы компаниялардың сәтті шығуына ықпал еткен Plug and Play-дан басқа ешкім жауап бере алмайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен «Транстелеком» АҚ және Plug and Play Kazakhstan-ның ынтымақтас­ты­ғы арқылы жас IT компаниялардың ­әле­уе­тін арттыруды жалғастыра­мыз», деді Astana Hub-тың бас дирек­торы Мағжан Мәдиев.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Plug and Play Tech Center – штаб-пә­тері Кремний алқабында орналасқан әлемдегі ең ірі акселератор және инвестор. Олардың платформасы 40 мыңнан артық стартапты, 500-ден аса әлемдегі жетекші корпорацияны, оның ішінде университеттер мен мемлекеттік мекемелерді, сол секілді 300-ден астам венчурлық қорды, біріктіреді. Жыл сайын Plug and Play әлем бойынша стартаптарға 25 мың доллардан 500 мың долларға дейін инвестиция бөледі.

 

Электронды үкімет рейтингінде үздіктер қатарында

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, еліміз­дің электронды үкіметті дамытуда және цифрлы қызметтерді ұсынуда айтарлықтай нәтижелері бар. Әйтсе де бұл бағытта атқарылуы тиіс шаруа әлі шаш етектен, деді ведомство басшысы.

«Еліміздегі IT-индустрия мен цифр­ландыру жұмысы мемлекет пен IT-қоғамдастықтың қарқынды байланысы есебінен жолға қойылды. Бүгінде халықаралық рейтингтер­де жеткен жетістігіміз аз емес. Мыса­лы, БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамы­туға байланысты көрсеткішін­де 9-орын­да келеміз. Осы рейтинг­тің қо­салқы рейтингінде «Онлайн ­қыз­­меттер» субиндексі жағынан әлем­де 11-сатыда тұрмыз. Бірақ осымен тоқтап қалуға болмайтынын жақсы түсінеміз.

Таяуда Президентке автотіркеуден 5 минут ішінде өтуге болатынын көр­сеткен едік. Менің ойымша, әлемдегі кейбір мемлекеттерде мұндай қызмет әлі күнге дейін жоқ. Неге десеңіз, банк қосымшасынан шықпай-ақ сату­шы мен сатып алушы 4-5 түймені басу арқылы көлікті қайта рәсімдеп, сату мәмілесін жасай алады. Бұл айтар­лықтай көрсеткіш. Былтырғы қыр­күйек айымен салыстырғанда биыл сатып алушылардың 35%-дан астамы автокөлікті сатып алу рәсімін онлайн-форматта іске асырды. Демек бұл клиентке бағдарланған халықтық қызмет түрін жасай алғанымызды аңғартады. Осы жұмысты адамдардың аталған қызметті саналы түрде таңдайтындай етіп атқардық», деді Б.Мусин.

IT қызметінің экспорты ұлғаюда

Astana Hub-тың бас директоры Мағжан Мәдиев айтқандай, бүгінде аталған технопаркте 558 IT компания тіркелген. Олардың 3 жыл ішіндегі жиынтық кірісі 166 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін технопарк қатысушыларының экспортын 50 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Десе де бұл парктің қатысушысына айналу оңай емес, дейді М.Мәдиев.

«Біріншіден, компанияның қыз­меті IT нарығына бағытталған болуы тиіс. Демек табысының 100%-ы осы саладан түсуі қажет. Екіншіден, компанияның филиалдық желісі болмауы керек. Яғни ірі фирма емес, стар­тап болғаны абзал. Үшіншіден, технопарктің қатысушысы кірісінің 1%-ын Astana Hub-тың пайдасына салуға міндеттеледі. Бұл қаражатты экожүйенің дамуына жұмсап, қайта инвестициялауға жіберіледі», деді Astana Hub-тың бас директоры.

Қазір Seed Money бағдарламасы аясында технопарк 35 стартапты ірік­теп, оларға 5-20 млн теңгеге дейінгі көлемде қаржылық көмек көрсетілетін болады.

Digital Bridge форумында Astana Hub ұйымдастырған байқауда топ жар­ғандар анықталды. Мәселен, Parqour, Kids Security, SipSim, FlowSell.me және Oqylyq.kz стартапта­рына бизнесті дамытуға 20 млн теңгеден берілді.