Қоғам • 05 Қараша, 2021

Электронды темекі сатуға тыйым салынуы мүмкін

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда бір реттік электронды темекімен күрес мәселесі қолға алынды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Электронды темекі сатуға тыйым салынуы мүмкін

«Бір реттік электронды темекімен күрес мәселесін Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қарастырып жатырмыз. Әзірге қашан және қалай болатыны туралы айта алмаймын. Бұл жерде мамандардан бөлек, кәсіпкерлердің де пікірін ескеру қажет. Барлық жақтың ұстанымын білу үшін уақыт керек. Сонымен қатар бұл мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобы және депутаттармен бірлескен жұмыс жүріп жатыр», деді Әсет Ерғалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, осыдан 2 күн бұрын Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мәди Ахметов бір реттік электронды темекінің жастар арасында кеңінен таралуына алаңдаушылық танытқан еді.

«Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама бар. Тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Осының салдарынан оқу жылының басынан оқушылар арасында түтіні будақтаған зиянды шылымға сұраныс еселеп артқан. Тіпті, кейбір мектептерде жоғары сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр. Еліміздің ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы 2019 жылғы зерттеулерінің мәліметіне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдердің саны 3 есеге, ал қыздар арасында 2 есеге өскен. Көш басында 3,9 пайыз көрсеткішпен алматылық жасөспірімдер тұр. Аталған зерттеу соңғы екі жыл жүргізілмегендіктен, қазіргі жағдай мүлде белгісіз», деді М. Ахметов.