Спорт • 08 Қараша, 2021

Әлемнің алдыңғы легіндеміз

283 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Боксшыларымыз Токио Олим­пиа­дасында небәрі екі қола ме­дальды иеленіп, жалпыко­мандалық есепте қалың топтың арасында қалып қойғанда, барша қазақстандық жанкүйердің жерге қарағаны жасырын емес. Жерлестеріміз сол сәтсіздіктен сабақ алған екен. Арада тура екі ай өткен соң Белградта ұйымдастырылған әлем чемпионатында біздің жігіттер 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды олжалап, мықтылар тізімінде Кубадан ғана қалып қойып, екінші орынды иеленді. Сөз жоқ, бұл – өте жақсы көрсеткіш.

Әлемнің алдыңғы легіндеміз

Боксшылар бір байып қалды

АИБА басшылығы Белградтағы әлем чемпионатына бірқатар оңды өзгерістер енгізді. Біріншісі – осы әлем чемпионатында алғаш рет 13 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Бұл жағдай бұрын тасада қалып жүрген көптеген боксшыға өздерін мойындатуға мүмкіндік берді. Кейбір былғары қолғап шеберлері соны ұтымды пайдаланып, дүбірлі додада олжаға кенелді. Мәселен, айтулы жарыста атой салған сайыпқырандардың 80-85 пайызы бұрындары шеберлігімен көзге түспеген. Яғни қалың бұқараға олардың есімдері етене таныс емес.

Балқан түбегінде жеңіс тұғырына барлығы 52 боксшы көтерілді. Солардың арасынан тек сегізі ғана бұған дейін Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында олжа салған. Олар – кубалық Хулио Сезар Ла Крус пен Энди Гомес, қазақстандық Сәкен Бибосынов пен Абылайхан Жүсіпов, армениялық Оганес Бачков, франциялық Софьян Умиа мен Биллал Беннама және әзербайжандық Лорен Берто Альфонсо Домингес. Қалған боксшыларға ондай бақ бірінші рет қонып отыр.

Екіншіден, әуесқой бокстың беделін арттырып, мәртебесін көтеру мақсатында АИБА тарапынан биылғы жарысқа мол көлемде жүлде қоры тағайындалды. Соған сәйкес, жеңімпаз атанғандардың әрқайсысы 100 000, күміс алғандар 50 000 және қолаға қол созғандар 25 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. Бұл – керемет мотивация. Бұған дейінгі әлем чемпионаттарында ақшалай сыйлық берілмейтін. Бұл жолы табысты өнер көрсеткен боксшылар бір байып қалды. Өзгелер жайында ештеңе айта алмаймыз, ал біздің жігіттердің қанжығасы майланғаны анық. Олай деуге негіз, жоғарыдағы сыйақыдан бөлек, Қазақстан бокс федерациясы отандық былғары қолғап шеберлерін өзінше ынталандыруды жөн көрді. Белградта бас жүлде алған жерлестеріміз $75 000 алса, күміс пен қола жүлдегерлерге $50 000 және $30 000 тиесілі. Одан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін сыйақы тағы бар. 

 

Сан соққан саңлақтар

Олимпия ойындарының аяқталғанына екі ай толмай жатып, әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Сол себепті Токиода атой салғандардың басым бөлігі Белградқа барудан бас тартты. Біріншіден, қысқа ғана мерзім аралығында спортшылардың қайта бабына келуі өте қиын. Екіншіден, Олимпиадада бар күш-жігерін сарп еткендер біраз уақыт демалып, жарақаттарын емдеп, денсаулықтарын қалпына келтіруді құп көрді. Десек те, соған қарап жарыстың қызығы кеміп қалды деген ой тумауы керек. Әлем чемпионаты да бәсі бөлек бәсеке. Бұл жарыста да топ жаруды көптеген спортшының армандайтыны анық.

Белградтағы бәсекеде біз көптеген дүлдүлдердің өнерін тамашаладық. Бір қызығы, солар­дың біразы елдеріне еңселері түскен күйде оралды. Сербияда сәт­сіз­дікке ұшырағандар қатарында Лондон мен Токио Олимпиа­да­ларының жеңімпазы, Бейжің Олим­пиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Роньель Иглесиас Сотолонго (Куба), Рио Олимпиа­дасының жеңімпаздары Хасан­бой Дусматов пен Шахо­бид­дин Зоиров (Өзбекстан), сол жа­рыстың күміс жүлдегері Шах­рам Гиясов (Өзбекстан) пен Юбер­хен Мартинес (Колумбия), үш дүр­кін әлем чемпионы, үш дүркін Олимпия ойындарының қола жүлдегері Ласаро Альварес Эс­трада (Куба), әлем чемпионы Миразизбек Мирзахалилов (Өз­бек­стан) және тағы басқалар бар.

 

Баркер кубогы  кімге бұйырды?

Күні кешеге дейін Баркер кубогы Олимпия ойындарының ең үздік боксшысына беріліп келді. Кезінде оны біздің Василий Жиров, Бақтияр Артаев және Серік Сәпиев сынды саңлақтарымыз иеленді. Сонау 1936 жылдан бері жалғасып келе жатқан осы бір тамаша дәстүр биыл жалғасын таппады. Токио Олимпиадасында былғары қолғап шеберлерінің бәсекесін Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) өткізгендіктен, аталған кубок ешкімге берілген жоқ. Содан АИБА тосын шешім қабылдап, сол жүлдені әлем чемпионатында асқан шеберлігімен көзге түскен боксшыға тағайындауды жөн көрді.

Балқан түбегінде өткен жарыста Баркер кубалық Энди Крус Гомеске бұйырды. Сөз жоқ, 63,5 кило салмақта сынға түскен Бостандық аралының өкілі бұл жолы да өте керемет бокстасты. 26 жастағы қара қабылан панамалық Миниэль Джонатан, бразилиялық Николлос де Хесус, америкалық Вершон Ли, өзбекстандық Мужиболло Турсунов, армениялық Оганес Бачков және түркиялық Керем Оэзменді ұтты. Барлық бәсекеде оның басымдығы еш күмән туғызған жоқ. Сол себепті де Гомес ондай құрметке лайық екені даусыз. Осыған дейін де кубалық боксшы екі мәрте әлем чемпио­ны атанған болатын. Ол 2017 жылы Гамбургте және 2019 жылы Екатеринбургте топ жарды. Ал биыл Токио Олимпиадасында да қарсылас шыдатқан жоқ.

Сербияның астанасында асқан шеберлігімен көзге түскен тағы бір боксшы жайында айтпай кетуге болмайды. Ол – Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, Панамерика ойындарының үш дүркін жеңімпазы Хулио Сезар Ла Крус. 32 жастағы сақа спортшы бұл жолы 92 килодан жоғары салмақ дәрежесінде дараланды. Кезінде ол 81 кило салмақта қарсылас шақ келтірмеген. Бұл – оның әлем чемпионатындағы бесінші бас жүлдесі. Осы көрсеткіш жағынан Хулио өзінің даңқты отандасы Феликс Савонмен теңесті. Савон бұл белестерді 1986-1995 жылдар аралығында бағындырған еді. Енді Ла Крус оны қуып жетті. Әзірге әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік нәтиже дәл осы Кубаның екі боксшысына тиесілі.

Иә, Куба боксшысының алты дүркін әлем чемпионы атануына мүмкіндігі болды. Осыдан екі жыл бұрын Екатеринбургте өткен жарыста қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан Хулионы жартылай финалда қазақтың қайсар ұлы Бекзат Нұрдәулетов тоқтатқан еді.   

 

Қай құрлықтың көші ілгері?

Токио Олимпиадасындағы бокс­шылар сайысында тек Қазақ­стан құрамасы емес, Азия құрлы­ғында орналасқан барлық мем­лекеттің өкілдері өте нашар өнер көр­сетті. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына деректерге зер салайық: Күн­шығыс елінде 8 салмақ дәрежесі бо­йынша өткен бәсекелер ба­ры­сында 32 жүлде сарапқа салынды. Соның алтауы ғана азия­лық­тарға бұйырды. Нақтылап айтсақ, өзбекстандық Баходир Жало­лов (+91 кило) алтын алды. Фи­лип­пиндік Карло Паллам (52 кило) күміспен күптелді. Филип­пин­нің тағы бір өкілі Эумиль Марсьяль (75 кило), жапониялық Ремэй Танака (49 кило) және қазақстандық Сәкен Бибосынов (52 кило) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) қола медальды мойындарына ілді.

Олимпия ойындарымен салыстырғанда 2021 жылғы әлем чемпионатындағы сары құрлық өкілдерінің көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Бұл жолы азиялықтар 4 алтын, 4 күміс және 6 қоланы еншіледі. Барлығы – 14 жүлде. Еуропалықтар да 4 рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Одан бөлек, қарт құрлықтың өкілдері 6 күміс пен 16 қоланы қоржынға салды. Барлығы – 26 медаль. Америкалықтар 5 алтын, 3 күміс және 4 қоланы олжалады. Барлығы – 12 жүлде.

 

Тұңғыштардың тізіміне енді

Белградтағы жарыста 25 мемлекеттің өкілдеріне ғана жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Кейбір елдер өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдесіне қол жеткізді. Олар – ирандық Даниал Шахбахш (60 кило), шотландиялық Риз Линч (63,5 кило), албаниялық Албан Бекери (71 кило), бельгиялық Виктор Шелстрате (86 кило) және тринидадтық Найджел Пол (+92 кило). Бұл жігіттердің барлығы да қола медальды мойындарына ілді. Иә, осыған дейін төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыстан аталған командалар бос қоржынмен қайтып жүрген. Енді олардың да деңгейлері өсті. Міне, осы жайттың өзінен-ақ бокс өнерінің көкжиегі жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын аңғаруға болады.

Осы күнге дейін Жапония боксының жағдайы мәз емес еді. Күншығыс елінің өкілдері Олимпия ойындарында ара-тұра жүлде алып жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Сонау 1964 жылы Токиода 54 кило салмақта күш сынасқан Такао Сакурай алтын алса, 2012 жылы Лондонда 75 кило салмақта сайысқа түскен Рета Мурата әйгілі отандасының ерлігін қайталады. Бірақ әлем чемпионаттарында олар осы күнге дейін небәрі 1 күміс пен 2 қоланы қанағат тұтып келді. Бар-жоғы үш-ақ жүлде. Ал бұл жолы жапон жігіттері жарады. Белградтың төрінде Томоя Цубои (54 кило) мен Севонрет Оказава (67 кило) төрткүл дүниенің теңдессіздері деп танылды. Бір өкіншітісі, олардың екеуі де шешуші тұста қазақ бокс­шыларын тізе бүктірді. Цубои финалда Махмұд Сабырханды сан соқтырса, Оказава жартылай финалда Абылайхан Жүсіповті жеңді.   

 

Қазақстан қайратын көрсетті

Белградтағы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтті аяқталды деп нық сеніммен айта аламыз. 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды иеленген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Иә, 2013 жылы Алматыда өткен жарыста бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізгеніміз рас. Сол кезде ринг қожайындары 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальды олжалап, командалық сайыста жеке-дара көш бастады. 2003 жылы Бангкок (2 алтын), 2005 жылы Мяньян (2 алтын, 3 қола), 2017 жылы Гамбург (1 алтын, 2 күміс, 3 қола) және 2019 жылы Екатеринбургте (1 алтын, 1 күміс және 4 қола) үшінші сатыға жайғасты. 1999 жылы Хьюстон (1 алтын, 1 күміс, 1 қола) мен 2007 жылы Чикагода (1 алтын, 2 қола) үздік бестікті қорытындылады. Отандастарымыз үшін ең табысты жарыстар осылар. 

Балқан түбегіндегі жарысқа ұлттық құраманың жаңадан тағайындалған бас бапкері Қайрат Сәтжанов жақсы команда жасақтап апарған екен. Теміртас Жүсіпов (48 кило), Сәкен Бибосынов (51 кило), Махмұд Сабырхан (54 кило), Серік Теміржанов (57 кило) және Абылайхан Жүсіповтің (67 кило) жеңіп алған бес жүлдесінен бөлек, тағы бес боксшымыздың жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрінгенін айта кетуге тиіспіз. Бірақ Санатәлі Төлтаев (63,5 кило) пен Нұрқанат Райысты (75 кило) жеңілді деп айтуға ауыз бармайды. Бұл ретте төрешілер тарапынан ағаттық кетті деуіміз керек.

Саматәлі Төлтаев (60 кило) тым мықты боксшыға тап болды. Рио Олимпиадасы мен Еуропа ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы франциялық Софьян Умияға оның әлі жетпеді. Сербиялық Владимир Мирончиков Нұрбек Оралбайды (80 кило) сан соқтырып кетті. Ринг қожайынына қарсы бәсекеде айқын басымдық танытпасаң, төрешілердің жеңісті саған оңайлықпен бере қоюы екіталай. Оның үстіне, Мирончиков – Сербияның осы жарыстағы соңғы үміті. Соны да қаперден шығармау керек еді.

Аслан Шымбергенов (71 кило) Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы өзбекстандық Шахрам Гиясовтың тас-талқанын шығарғанда, қандасымыз тек бас жүлде үшін таласуға тиіс деп алдын ала топшылаған едік. Бірақ онымыз бекер екен. Шешуші тұста Юрий Захариев Шымбергеновті шаң қаптырып кетті. Байыптап қарасақ, украиналық осы біріншіліктегі бәсекелерінің барлығын 5:0 есебімен аяқтаған екен. Оған тек біздің Асланбек қана лайықты қарсылық көрсете алды. Бұл тартыс 3:2 есебімен Захариевтің пайдасына шешілді.

Сөйтіп, Сербияға сапар шеккен 13 боксшымыздың тек үшеуі ғана жарты жолға жетпей сүрінді. Қалғандары шама-шарқына қарай көсілді. Бірақ бір анығы, шаршы алаңда барлығы да жанын салып айқасты. Сондықтан да олардың ешқайсына өкпе айта алмаймыз. Ең бастысы, алға қойған жоспарымыз жүзеге асып, Қазақстан құрамасы әлемдегі ең үздік командалардың алдыңғы легінен көрінді.