Әзіл - оспақ, сын - сықақ
«ЖАҢЫЛЫС» ОҚ Не болғаны-ай, бұған не болғаны! Ақты қара деген адамның бар ма жері оңғаны? Жөн еді ғой, бар болғыр, онан дағы Сағыз толы аузына ие болғаны. Құдай атсын, сормаңдай бұл көршіні, Бір айтқанын қайталап жүз нешеме, Мына бізді әр жерде мақтаған боп, Былжыратып арт жағын жүр деседі… Соңғы кезде әл бермей үй-ішіне, Кетіпті көп жаңылып игі ісінен. “Хабар” беріп жүр дейді біз жайында “Америка дауысы”, “Бибисиден”. Ұрынуын үдетті келе-келе, Неше түрін шығарды келекенің. Бізді атуын атады-ау тарсылдатып, Оғы өзіне тиеді неге екенін... Үмбетбай УӘЙДАҰЛЫ. АЛМАТЫ. ҰЯЛАМЫН– Әй, шалқасынан жатқан бала,
Бері қара...
Айнаға бар да,
Шашыңды тара...
– Ой, айнаға қарауға ұяламын...
– Ұялғаны қалай?
Көп сөзді қой, давай,
Қолыңа сумканы ал да,
Магазинге қарай шагай...
– Ой, ұяламын...
– Балам-ау, мұның қалай?
Тамақ ішкенде ұялмайсың,
Арақ ішкенде қызармайсың.
Мына түріңмен,
Алысқа ұзамайсың...
Тұрмыс болса ақылы,
Оқу тағы ақылы,
Осының бәрін білесің,
Жұмыссыз қалай жүресің?
Қой, қолыңа күрек ал,
Отырма, құрылысқа бар...
– Ұяламын...
– Күзетші бол,
– Ұяламын...
– Қызметші бол,
– Ұяламын...
– Әнші бол,
– Ұяламын...
– Болмаса, базарға бар,
– Ой, қойшы, ұяламын...
– Олай болса, кафеге бар,
– А, кафеге барамын,
– Ұялмайсың ба?
– Неге ұяламын?
Кафеде демаламын...
– Ойпырым-ай, бойында ұяты көп,
Болашағы бар ма, бұл баланың?
БИЛІК ПЕН БЕДЕЛ
Айлы күннің аманында,
Тоқшылықтың заманында,
Билік пен Бедел:
– «Елім», «Өнерім» деп алысты,
Айтысып көпке барысты.
Ерегісті, қырғи-қабақ төбелесті.
Бірін-бірі жеңе алмай,
Екеуі ұзақ белдесті,
Тіпті, қатты-қатты тілдесті.
Ақыры болмады,
Билік Беделді былай деп алдады:
– Ей, Бедел, сезге келейік жедел,
Дүние кең, саған да, маған да жетеді.
Саған бір үй сыйласақ не етеді?
...Бедел әрі ойлады, бері ойлады,
Баспана құрғыр, қызықтырып қоймады.
– Су, жаңа пәтер...
Ім..., оның дұрыс,
Пәтермен бірге «атақ» әпер,
Сонда ғана, болмайды ұрыс...
«Атақ» болады, тек «шатақ» болмасын деп,
Билік қатты жалынды,
Сипап қойып дәу қарынды,
Өйткені, Бедел өте дарынды.
Сонымен, жанжал тынышталды,
Биліктің мақсаты орындалды.
Ал Беделдің абыройы азайып,
Көшеге, мінбеге шығудан қалды.
Міне, осындай Билік пен
Беделдер,
Ақтөбеде толып жүр,
Әзірге қайдам,
Уақытша, жолдары болып жүр...
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН.
АҚТӨБЕ.
Мұндай да болады
Ауылда бір суретші шал өмір сүріпті. Бір күні қаладағы студент немересінен: «Ата, маған 100 доллар салып жіберіңізші» деген хат келіпті. Шал немересінен аянып қалсын ба, майлы бояумен кенепке әдемілеп тұрып көк қағаздың суретін салып, қалаға қатынаған біреулерден беріп жібереді... *** Қазақ режиссерлері өздері түсірген кинофильмдердің таспасын заңсыз жолмен таратушыларға «отандық өнімді насихаттауға қосқан қомақты үлесі үшін» алғыс жариялады. *** Жазылмаған заңдылық: «Халықтың жағдайын жақсартуды шенеуніктер ең алдымен өзінен бастаумен шектеледі». *** Жас қаламгер Ахметов кітап жазады да, 10 мың данамен басып шығарады. Бірақ ешкім сатып алмайды. Сосын газетке: «Әдемі, сымбатты жас миллионер К. Ахметовтың кітабындағы кейіпкерге ұқсайтын қызбен танысқысы келеді» деген хабарландыру береді. Ертеңінде кітаптың бірі қалмай сатылып кеткен екен.
ҮЙЛЕСТІРУШЫ АҚЫН
«Біз жеңеміз!» атты облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөліміне тілші болып жұмысқа кіргеннен кейін, үш жылдың ішінде-ақ «жатыр» деген сөзді күніне жүз рет жазатын қасқаның өзі болып шыға келдім. «Жатыр» деген – әрбір сөйлемнің аяғында келетін жаттанды сөз. Ол сөзді жазуды ұмытып кетсең, бас редактордың өзі сөйлемнің аяғына тіркеп жібереді. Сен ескерту аласың.
Атам заманғы жазу машинкасымен «Шошқа басын көбейтіп жатыр» деген тақырыпта мақаланы бастай бергенім сол еді, бөлмемнің есігі шықыр етіп ашылды да, қорбаңдаған біреу ентелеп кіріп келді.
– Мен үйлестіруші ақынмын, – деді бейтаныс жігіт добалдай қолын ұсынып. – Шын атым – Құраубек Сұраубеков. Сен ауылдар туралы бұрқыратып жазып жатырсың. «Қаратөбе» деген өлеңді де қатырдың. Мен де өзімнің туған ауылым жайлы «Дарабатыр» деген өлең жазып жатырмын. Соны сен қарап берсең екен...
– «Ақын» деген сөзді мың-миллион рет естігеніммен, «үйлестіруші ақын» деген сөзді естісем бұйырмасын. «Үйлестіруші ақын» деген сөзді бірінші рет естіппін, – дедім таңданысымды білдіріп.
– Бұл былай... – деп ол шалбарының қалтасынан умаждалған бір қағазды шығарды. – Міне! Басына «Дарабатыр» деп жазып қойдым ба? Жазып қойдым. Одан артық не керек? Сосын біздің Дарабатырдағы жер аттарын, адамдардың аттарын тізіп шықтым. Енді қалғанын сен не қыласың... істейсің... Бұл менің туған ауылым жайлы керемет бір өлең болады. Сосын оған ән жазам!
Міне, қызық! «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің». Бір шумақ өлеңі жоқ сөздер қалай өлең болады?
Ол менің құлағыма аузын тақап:
– Сен алдымен мына қағаздағы сөздерге қара. Сосын сұрайтыныңды сұрай бер. Кез келген сұрағыңа жауап беремін. Өлең-жырым бес ауыздан кем болмауы керек. Бір ауыз өлең үшін бес мың теңге төлеймін. Бес ауызға өзің есептей бер, – деді.
Құраубек Сұраубеков мол ақшаны айтқасын көңілім автоматты түрде көтеріліп кетті. Миым да сарт-сұрт істей жөнелді. Манадан бері түсінбей отырған жайларды бірден түсіндім. Яғни мен «Дарабатыр» деген өлең жазуым керек, оған мынау автор болып шыға келеді. Мейлі... Бір шумақ өлең үшін бес мың теңге төлейді екен. Бес ауыз өлең үшін жиырма бес мың теңге береді! Бәрінен бұрын соны айт! Бұл менің бір айда әрең табатын жалақымның көлемі.
Қырық қыртыс болған қағазды жазып, әр сөзін ежіктеп оқи бастадым. Қойдың құмалағындай әріптермен жазылған сөздердің арасынан өлең құрайтындай ештеңе көзге түспеді. Әбден амалым таусылған соң алдыма таза парақтарды жаялықтай қылып жайып қойдым да, өлермен «ақынның» аузынан туған жері туралы әртүрлі деректерді суырып ала бастадым. «Дарабатыр» деген сөзге «бара жатыр» деген сөздер әдемі ұйқаса кетеді екен» деп іштей ойлап қоямын. «Жатыры» – біздің үйреншікті сөз.
Екеуара әңгіме барысында ол маған өзінің асып-тасқан бай екендігін айтып жеткізді. Енді туған ауылына өлең арнап, елге атын шығармақшы...
Кешке таман үйге келіп, шайымды шала-пұла іштім де, мені шала байытатын өлеңді жазуға кірісіп кеттім. Қаламым тез сырғи жөнелді.
Әлемде жер жаннаты Дарабатыр,
Жыл сайын гүлдеп, жайнап бара жатыр.
Жүз қойдан жүз қозы алған шопандары,
Жүз елу қозы да алады қара да тұр...
Тап осындай сарынмен бес шумақ өлең жазып шықтым. Екінші шумақты өлеңнің қайырмасы етіп белгіледім. Ертеңгі күні уәделі уақытта «үйлестіруші ақын» бөлмеме алқына жетіп келді. Екеуміз өлең жолдарын біраз талқыладық. – Өлеңді жақсы жазыпсың, – деді ол қолымды алып. – Әлі де күшейту керек! Бүгінде «жүз қойдан жүз қозы алды» деген сөзбен жұртты таңғалдыруға бола ма? «Жүз қойдан жүз елу қозы алды» дегенің дұрыс... Ол ол ма, «жүз қойдан екі жүз қозы да ала алады» деп жазу керек!
Мен табан астында алғашқы шумақтың соңғы екі жолын:
Жүз қойдан жүз елуден қозы алды...
Екі жүз қозы да алады қара да тұр, – деп түзетіп үлгердім. Осыдан кейін «қиыннан қиыстыратын ақынмен» саудамыз қызды, сегіз шумақ өлең үшін ақша төлеуі керек. Дәлелім де күшті: Өлең бес шумақ. Қайырмасы бар. Сол қайырма үшінші, төртінші, бесінші шумақтардан соң да қайталанады. Сонда барлығы сегіз шумақ болып шықпай ма? Сегіз шумақты бес мың теңгеге көбейтсең, тұп-тура қырық мың теңге болып шыға келеді.
Саудам сәтті аяқталды. «Дарабатыр» жырын «жазған» ол да риза болды, қалтама қырық мың теңгені басқан мен де бір қуанып қалдым.
Содан бері екі айдай уақыт өтті. Демалыс күні үйдегі телевизордан облыс өнерпаздарының концертін көріп отырдым. Бір кезде концертті жүргізуші жігіт: «Үйлестіруші ақын-композитор Құраубек Сұраубековтің әні «Дарабатыр» деп хабарлады. Іле-шала әнші әйел жаңа әнді сыбызғының үніндей сызылтты-ай келіп.
Құраубек Сұраубеков қарадүрсін өлеңді маған жаздыртып алып, әнін жалдамалы бір сазгерге шығартыпты. Содан кейін өзі өлеңге де, әнге де автор болып шыға келген. Сөйтіп, ол бәрін үйлестірген екен. Міне, пысық!
Жұмағали АРҒЫНБАЕВ.
Қостанай.
Ауылдың айтқыштары
Сақтық
Бір жылы көктем құрғақ басталып, жерге тамшы тамбай қояды. Құданың құдіреті де, ауыл адамдары әр үйден он сомнан жинап, тасаттық жасасымен нөсерлеткен жауын, екі-үш күн төпеп береді. Тіптен судан біраз запа шеккендер де кезігеді. Сонда Байділда:
– Япырмай, он сомды түгел бермей, сақтық жасап бес сом бергенім қандай жақсы болған, әйтпесе, ауыл түгел судың астында қалады екен... – дейді маңызды кейіп танытып.
Буы бұрқырағаны болмаса...
Шерман деген кісі қайтыс болып жетісін беріп жатқанда Сұлтанахмет қожа бата оқып, кетерінде Қабылды оңаша шақырып алып: «Шырағым, әкеңе құран шығартамын десең дайыны бар еді, алып қаласың ба...» дейді. Бұрын ондайды естіп көрмеген Қабыл үйде отырған Сәдірбайдан ақыл сұрайды. Сонда ол:
– Сүрленген құранның керегі жоқ, буы бұрқырап тұрғаны болмаса, – депті.
Аттар да сәл демалсын
Республикалық көкпарға барып қайтқан Мұратқа құрдастары амандаса келсе керек. Бұрын көрмеген қызықты көріп, керемет әсерге бөленген ол жарыста көргендерін жыр ғып айтып, жуық маңда тоқтай қоймайды. «Жамбылдың аттары былай, Шымкенттікі олай шапты», деп ауылдастарына сөз бере қоймайды. Сол қарқынмен көкпардың қызығын сәскеден түске дейін баяндайды ғой. Енді тоқтай ма десе, тағы сол әңгімесін жалғастыратын сыңай танытады. Сонда құрдасы Сайлау:
– Мәке, жүр аздап сыра ішіп келейік... аттар да шамалы дем алсын, мына түріңмен зорықтырасың, – деп сыпайы кідіртіпті.
Шапан аламын деп өлуге айналдым
Төлеп көке боқтампаздың бірі еді. Екі ауыз сөзінің бірінде тұздықтап отырмаса, көңілі көнши қоймайды. Сол кісіге ауылдасының бірі Жүсіпбек шапан - көйлек беріп:
– Төке, ақсақал болдыңыз, осы боқтағаныңызды қойыңызшы, – деп өтініш айтады.
Арада екі-үш күн өтісімен таң азанмен Жүсіпбектің үйіне келген Төлеп:
– Мә, мыналарыңды қайтарып ал, – деп алған дүниелерін лақтырып тастап, – Үһ, әкеңнің аузын ұрайын... ішімнен леп шықпай өлетін болдым ғой... – деген көрінеді жарықтық.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Қызылорда облысы.
Бала тілі – бал
– Машинаны соғып алғанда әкең ұрысты ма? – Иә. – Не деді? – Боғауыздарды айтпағанда, ештеңе деген жоқ.
* * * Үлкен дүкеннiң iшiнде адасып кеткен төрт жасар бала жылап тұр. – Дүкенге сен кiммен бiрге келiп едiң? – дейдi дүкен қызметкерi. – Мамаммен. – Мамаңмен келсең, көйлегінің етегiнен тас қылып ұстап алмадың ба? – Ұстауға тырыстым, бiрақ қолым жетпей қойды.
* * * – Мама, бүгін бізге дәрігерлер тұмауға қарсы дәрі екті ғой. – Жарайсың, сен жыламаған шығарсың? – Жоқ, мен тіпті оларға ұстатқан да жоқпын.
* * * Дастарқан басында тамақтанып отырып, шешесi: – Балам, дүйсенбiден бастап жаңа өмiр бастаймыз. Мен семiздiктен құтылып, арықтаймын, әкең темекi тастайды. Ал сен не iстейсiң? – деп сұрайды. – Мен онда мектептi тастаймын...
Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР