Отырыстың күн тәртібі Халықты әлеуметтік қорғаудың, экологиялық проблемалардың өзекті мәселелерін шешудегі өзара іс-қимылды арттыруға арналған.
Отырыс барысында Үйлестіру кеңесіне қатысушылар халықтың өзекті мәселелерін шешудің тиімді тәсілдерін әзірлеу, мемлекеттік органдардың басым міндеттерді іске асыруда ҮЕҰ әлеуетін тиісті түрде тарту, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда азаматтық қоғам ұйымдарының рөлін күшейту және басқа да мәселелерді қозғады.
Отырыс форматы «Мемлекеттік орган – ҮЕҰ» қағидаты бойынша, яғни, мемлекеттік органдардың баяндамасы да, ҮЕҰ өкілдерінің баяндамалары да тыңдалды.
Министр өз сөзінде халыққа маңызды мәселелерді шешу бойынша кешенді жұмысты ұйымдастыру үшін өңірлердегі ҮЕҰ әлеуетін пайдаланудың өзектілігін атап өтті. А.Балаева ҮЕҰ тиімділігін арттыру үшін ақпараттық жұмыстың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева баяндама жасап: «Біз осы жылдың мамыр айында өткен Үйлестіру кеңесі отырысының ұсынымдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан, басқа да мемлекеттік органдар, соның ішінде бірқатар өңірлер тарапынан да назардан тыс қалмағанын көріп отырмыз. Олар белсенді түрде қолданылады. Алайда, шешілмеген мәселелер де бар. Осы орайда өзекті проблемаларды айту және оларды шешу жолдарын іздестіру үшін дәл осы Үйлестіру кеңесі тиімді алаң болып қала беруі тиіс. Осы мәселелердің барлығын алдағы Х Азаматтық форумда көтеру маңызды, оған көптеген мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен ҮЕҰ көшбасшылары қатысатын болады», деді.
Сондай-ақ, негізгі спикерлер ретінде «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының басшысы Л.Қалтаева, Павлодар облысының Азаматтық Альянсының төрағасы С.Могилюк, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері сөз сөйледі.
Қоғам қайраткері Айгүл Соловьева атқарылып жатқан жұмыстар туралы өз пікірін білдірді: «Менің байқағаным, бұрын халықаралық ұйымдар қазақстандық ҮЕҰ-мен тікелей жұмыс істеуді жөн көретін. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өзі олармен маңызды қоғамдық мәселелер бойынша ынтымақтастыққа ашық екенін атап өту қажет. Бұл үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласында жүргізіліп жатқан жұмысқа деген сенімді арттыра түседі».
Кездесу қорытындысы бойынша кеңес қатысушылары облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарларына өңірлік мәселелерді шешуде ҮЕҰ өкілдігін кеңейту жөнінде тиісті ұсынымдар берді.
Өз кезегінде, мемлекеттік органдар үкіметтік емес сектор тарапынан ескертулер мен проблемалық мәселелерді назарға алды.